Ізгі жандар марапатталды

Көкшетау қаласындағы «Bolashaq» сарайында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара болып өтті.

«Bolashaq» сарайы ғимаратының қабырғасына баннер ілініп, құттықтаулар жазылып, сахна төрі мерекелік гүлдермен көмкерілді. Салтанатты іс-шара басталар алдында қатысушылар LED-экраннан медицина қызметкерлеріне арналған он минуттық бейнероликті тамашалады.

Өмірде «ұлы» аталатын екі мамандық болса оның бірі – ұстаз, ал, екіншісі – дәрігер десек, артық айтқандық емес. Ерекше ықыласпен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтаған ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне орай құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы Ермек Маржықпаев биылғы медицина қызметкерлері күнінің маңыздылығын айта келе, қауіпті індетке айналған коронавирус пандемиясымен күресте қажырлы еңбек етіп жүрген дәрігерлерді бүгінгі күннің батырлары деп атады.

Өңіріміздің медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап қана қоймай, олардың еңбектеріне жан-жақты тоқталған Ермек Боранбайұлы бірқатар сала қызметкерлеріне марапаттар табыс етті. Сонымен, азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды да қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» 2020 жылғы 20 маусымдағы №355 Жарлығына сәйкес жерлестеріміз Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының емханалық бөлімінің дәрігері Виталий Малышенко және Целиноград аудандық емханасының мейірбикесі Бейбіт Оспановалар «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, Көкшетау қаласы, «Viamedis» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің терапевт-дәрігері Гүлшарат Ахметова, Есіл аудандық ауруханасының фильтр кабинетінің фельдшері Людмила Пантелеева, Ерейментау аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері Әсия Бөдешовалар «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды.

Сонымен бірге, бірқатар ақ халатты абзал жандарға Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы мен Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Бүгінгі күні Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістер көп.

Облыстың медициналық мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, дәрігерлердің жалақысы өсуде, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы да жақсаруда.
Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, залдағы барша төл мереке иелеріне облыс әкімі атынан гүл шоқтары тарту етілді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар