Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» баспасөз конференциясын өткізді.
Алға қойған асқаралы міндеттерді және дағдарыстан кейінгі дамудың басымдылыққа ие бағыттарын жүзеге асыра отырып, өңір қатерлі қауіп – жаман тұмаудың әсерінен туындайтын қолбайлауға қарамастан дамудың серпінін сақтап қала білді. Үстіміздегі жылдың алғашқы бес айының қорытындысы көңіл тоғайтарлық. Экономикалық белсенділікке демеу болып отырған инвестиция екендігі белгілі. Жыл басынан бері өңір экономикасына 100 миллиард теңгеден астам инвестициялық қаражат бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 16,5 пайызға көп.
Оның ішінде денсаулық сақтау саласына құйылған қаражат көлемі – 7,3 есеге артты. Мұндай оң сипат ақпарат пен байланыс, ауыл шаруашылығы, демалыс және білім салаларында да бар. «Бизнестің жол картасы — 2025» және «Еңбек» бағдарламаларының шеңберінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 28 пайызға өсім бар. Есепті кезең ішінде «Бизнестің жол картасы» бойынша жалпы көлемі 1,7 миллиард теңге болатын 500-ден астам жоба қолдау тапты. Бір айта кетерлігі, өңірлік бизнес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсене қатысады. Үстіміздегі жылы 9,2 миллиард теңгенің 47 жобасы қаржыландырылды. 1300 жаңа жұмыс орны ашылды. Азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге және жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылуда. Бағдарламалардың жүзеге асуы барысында он мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ, 20 мыңнан астам адамға әлеуметтік төлем төленді.
Бүгінгі күні бағаны тұрақтандыру айрықша маңызды мәселе. Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін жергілікті тауар өндірушілерге 1,1 миллиард теңге несие берілді. Облыс орталығында «Kokshе market» әлеуметтік павильондар желісі кеңейтілуде. Ондағы тауар базар бағасынан 10-15 пайызға арзан. Аймақта әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының 28,4 мың тонна қоры бар.
Өңдеуші өндіріс саласына құйылған инвестиция көлемі де көбейіп келеді. Айталық, жыл басынан бергі бес айдың ішінде 17 миллиард теңге инвестиция құйылып, бұл орайдағы өсім 1,5 есеге артты. Инвесторлар жыл аяғына дейін жалпы көлемі 150 миллиард теңгені құрайтын 23 жобаны іске қоспақ. Бір айта кетерлігі, бұл жобалардың жартысынан астамы азық-түлік өнеркәсібіне тиесілі.
Олардың ішінде жылдық қуаты 6 мың тонна құс етін өндіруге жететін Аршалы ауданындағы «Ақ дала Агро» құс фабрикасын айта кетуге болады. 2022-2023 жылдары фабрика толық қуатына енгізілген кезде жылына 15 мың тонна өнім өндірмек. Ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру бағытында да маңызды жобалар қолға алынуда. Соңғы жылдары «КАИК» компаниясының өнім түрлері көбейіп келеді. Ағымдағы жылы жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын екінші кезеңі аяқталмақ. Компания үшінші және төртінші кезеңін жүзеге асырған кезде жылына 3,5 мың дана техника шығара алады.
Өңірде кірпіш өндіру де он есе көбейді. Тұтынушылардың сұранысына орай «ЕNKI» кірпіш зауытының жылдық қуаты 90 миллион данаға жеткізілмек. Оған қоса, Зеренді ауданындағы «Ceramics» кірпіш зауыты ашылып, жылына 22 миллион дана кірпіш өндірмек. Бұл жобаның құны 221 миллион теңге. Бұдан өзге ірі жобаның бірі ретінде Аршалы ауданындағы «SG Brick» кірпіш зауытын айта кетуге болады. Жылына 120 миллион дана кірпіш шығаруға қуаты жететін жаңа жоба келесі жылы толық аяқталады. Тау-кен өндірісінде де ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Айталық, 2 алтын өндіретін фабрика іске қосылмақ.
Степногорск қаласындағы «Ақсу Технолоджи» және Бурабай ауданындағы «RG Gold» фабрикалары іске қосылған кезде жылына 10 миллион тонна кен өңдеуге қол жеткізіледі. Жаңа жобаларды жүзеге асыру барысында 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Индустриализация аясында жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 32 жоба қолға алынған. Бұл орайда да 3,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Жобалардың төртеуі биыл толық аяқталады.
Облыс негізінен ауыл шаруашылығы аймағы болып есептеледі. Диқандар әр жыл сайын 2 миллион тоннадан астам астық өнімдерін 30 алыс және жақын шетелдерге экспортқа шығаруда. Биыл 4,5 миллион гектар жерге астық және майлы дақылдар тұқымы егілді. 21 мың гектар алқапқа картоп тұқымы сіңірілді. Картоп егу көлемі 6,2 мың гектар алқапқа кеңейтілді. Суармалы жер көлемі де жылдан жылға артып келеді. Барлық суармалы жер көлемі 30 мың гектарды құрап отыр. Облыс диқандары 70 миллиард теңге мемлекеттік қолдауға ие болды.
Есепті кезеңде 96,2 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырған 14 пайызға көп. Облыс шаруашылықтары 78 мың тонна ет, 144 мың тонна сүт, 311 миллион дана жұмыртқа өндірді. Ет өңдеу көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 42 пайызға көбейсе, ұн өндіру 20 пайызға ұлғайды. Аймақта ірі қара саны да көбейіп келеді. Малсақ қауым 545 бас мал бағып отыр. Бұл орайдағы өсім 3,2 пайызды құрайды. Қой, ешкі саны да 3,5 пайызға көбейіп, 740 мыңды құрады. Жылқы саны да 7,5 пайызға өсті. Құс саны 9,5 миллионға жетті.
Жыл басынан бері ет өндіру бағытындағы 112 жоба жүзеге асырылды. 19 тауарлы сүт фермасында төрт мыңнан астам мал сауылуда. Есепті кезең ішінде 23 етті бағыттағы мал фермалары құрылып, 1,2 мың бас мал бағып отыр. Облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс істеуде. Жыл басынан бері астанаға 49 мың тонна сүт және сүт өнімдері жеткізілді. 13 мың тонна ет және ет өнімдері астаналық тұтынушыларға ұсынылып, өнім көлемі 2 пайызға ұлғайды. Тұтастай алғанда Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуі аясында жалпы құны 42 миллиард теңге болатын 50 жоба жүзеге асырылмақ. Есепті кезең ішінде 12 миллиард теңгенің 6 жобасы іске қосылды.
Өңірде тұрғын үй құрылысы саласында да оң мысалдар бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылғалы 1,6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 14 мың отбасы пәтер мәселесін оңынан шешті. Ағымдағы жылы 655 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Сол кезде тағы да бес мыңнан астам ақмолалықтар қоныс тойын тойлайды. Мемлекеттік инвестиция есебінен 3161 пәтерлік 71 көп қабатты тұрғын үй салынуда. 34 көп қабатты тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға 551 жалға берілетін пәтер ұсынылса, 179 көп балалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда жол мәселесіне де жіті көңіл бөлінуде. Үстіміздегі жылы 700 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдар жөнделеді. Сапалы жол көлемі 82 пайызға артады. 430 шақырым ауылдық жерлердегі жол жөндеуден өткізіледі. Жергілікті маңыздағы жол мен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге 36,3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Соңғы үш жыл ішінде 1300 шақырым жергілікті маңыздағы жол жөнделді. Ағымдағы жылы сумен жабдықтау жүйелерін салу және жөндеу бағытында 38 елді мекенде тиісті жобалар жүзеге асырылмақ. Жобаларға 9,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Жеті мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының шеңберінде облыста 2025 жылға дейін 107 ауылда сумен жабдықтау торабын салу, 57 ауылда блок-модуль орнату жоспарлануда. Жылумен жабдықтау саласында өткен жылы жылу көздері мен жылу тораптарын салу және жаңғырту бағытында 9 жоба іске асырылды. 31 әлеуметтік нысан жаңадан жылуға қосылады. Көкшетау, Степняк, Ақмол, Макинск қалалары мен Астраханка ауылында қазандықтар салып, жөндеу жоспарлануда. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. Аршалы және Целиноград аудандарының 20 елді мекені бірінші кезекте газбен жабдықталады. 2021-2023 жылдарға республикалық бюджеттен осы бағыттағы 13 жобаны қаржыландыру үшін 14,4 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр.
Өкінішке орай, өңірде бірқатар экологиялық мәселелер бар. Әкімдік салалық министрліктермен бірлесе отырып 2024 жылға дейін орын алып отырған жағдайды жақсарту үшін Жол картасын әзірледі. Қатты тұрмыстық қалдықтардың 7 жаңа полигоны салынып, Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы көлдер тазаланады.
Пандемия кезінде адам денсаулығын сақтап қалу өте маңызды. Дәрігерлердің ерен еңбегін атап айту парыз. Жыл басынан бері үш мыңнан астам дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жұқпалы дертпен күресті. Оларға 3 миллиард теңге төңірегінде еңбекақы төленді. 319 дана медицина құралдары алынды.
Аудандық ауруханалар 11 жылжымалы диагностика кешенімен жабдықталды. Өткен жылы 4 жаңа денсаулық нысаны пайдалануға берілді. Облыс орталығында 630 орындық жаңа заманғы көпсалалы аурухананың құрылысы аяқталуға таяу. Бұл орайда да қыруар жұмыс атқарылды. Жаман тұмау жайлаған кезеңде білім беру саласы қиыншылықтарға қарамастан нәтижелі жұмыс істеді. Қазіргі күні саланың серпінді жұмыс істеуіне барлық жағдай туғызылып отыр.
Үш ауысымды мектептердің мәселесі түбегейлі шешілетін болады. Жыл соңына дейін 4 мектепті пайдалануға беру көзделуде. Жібек Жолы, Жалтыркөл, Шұбар елді мекендерінде әрқайсысы 900 орындық үш ауыл мектебі салынады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтіп жатқан мерейлі мерекелі жылы алға ұмтылған ақмолалықтар ел игілігін барынша дамыта бермек.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.