Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Журналистика – бізді қоршаған әлеммен бірге өзгертіп, үнемі жетілдіріп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Журналистика – бізді қоршаған әлеммен бірге өзгертіп, үнемі жетілдіріп келеді

Журналистер күні қарсаңында әріптесіміз, «Халық алғысы» медалінің иегері, бір ғасырлық тарихы бар Ақмола облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Владислава Кокоринамен сөйлесіп, ғасыр жасаған басылымның бүгінгі тірлік тынысы жайлы ой-пікірімен бөліскен едік.

– Қызығы мен қиындығы мол журналистика саласына қалай келдіңіз? Бұл сіздің балалық кездегі арманыңыз ба еді, алғашқы, тырнақалды туындыңыз қашан жарық көрді?

– Мен Қарағанды облысының Жезқазған қаласында туып-өстім. Сол жердегі гимназияда оқып, білім алдым. Мектепте гуманитарлық пәндерді жақсы көретінмін. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде жергілікті қалалық газетте «Одинокая старость» тақырыбындағы эссем жарық көрді. Менің алғашқы сәтті мәтінімді қалай жазғаным әлі есімде – құлшыныспен, шабытпен, әр сөзді мұқият таңдап, дұрыс табылған эпитеттер мен салыстырулардан нағыз шығармашылық бақытты сезінгендей болдым.

Мен өзімнің осы эссем арқылы бәрімізге де белгілі адам баласының өмір сүрген жылдарындағы жалғыздық пен қайғы, әрқайсымыздың көкірегіміздегі үміт пен қолдау, адамға мейірімді сөздердің қаншалықты қымбат және маңызды екендігі туралы жазған едім. Осы бір кішкентай дүниемді анам оқи отырып, көзіне жас алғаны қатты әсерге бөледі. Сонда мен алғаш рет қара сөздің құдіретінің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Содан бастап ойлана отырып, жазуды қолға алдым. Және ол жазғандарым, жергілікті газеттерде жарық көріп қана қоймай, болашақ мамандықты таңдауыма деген сенімділігімді арттырды.

– Жоғары оқу орнын «журналистика» мамандығы бойынша өзіңіздің туған қалаңыз – Жезқазған университетінде тәмамдаған екенсіз. Еңбек жолыңыз туралы, «Акмолинская правда» газетіне қалай келгеніңіз жайлы айтсаңыз.

– Иә, мен мектепті бітірген кезде журналистика мамандығына тапсырып, оған түсетініме еш күмәнданбадым. Бірақ, мен де оқу грантын ұта алмаймын ба деген қорқыныш болғаны рас. 2004 жылы оқуға түскен кезде гранттар біздегі жоғары оқу орнына ғана емес, бүкіл республика, яғни, Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша журналистикаға барлығы 15 грант және 15 несие бөлінді.

Бірақ, менің жолым болды. Мен барлық тесттерді өте жақсы бағаға тапсырдым, әрі менде ерекше үлгідегі аттестат болатын. Сөйтіп, О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің журналистика бөліміне грантқа оқуға түсіп, арманымды орындадым. Мен туған қаламда оқығанымды мақтан тұтамын. Өйткені, онда оқыту деңгейі де айтарлықтай жоғары болды деп айта аламын. Арнайы пәндерден тәжірибелі журналистер, жергілікті газеттердің редакторлары, тәжірибелі теледидаршылар және республикалық басылымдардың меншікті тілшілері сабақ берді.

Университетті бітіргеннен кейін бірден аймақтық газетте жұмыс істей бастадым. Біраз уақыт өткеннен кейін маған «Аргументы и факты» газетінде штаттан тыс тілші ретінде ынтымақтаса жұмыс істеуге ұсыныс жасалды. Ал, 2012 жылы Көкшетауға қоныс аударғанда, бірден облыстық газетте өз бағымды сынап көруді шештім. Сөйтіп, қалаға келгеніме үш күн өткенде «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Валентина Косянюкпен әңгімелесуге бардым.

Сол кезде ол маған сенім артып, бірден жұмысқа қабылдағанына өте ризамын. Осы саланы таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Оның үстіне жиырма жылға жуық журналистика саласында еңбек етіп келе жатқан мен үшін басқа салада өзімді елестету мүмкін емес.

– Ата-анаңыз шығармашылыққа жақын ба еді?

– Иә, солай десем де болады. Өйткені, менің анам педагогикалық білім алып, бірнеше жыл мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүрді. Содан «Джезказганская правда» облыстық газеттің редакциясына ауысты. Онда он жылға жуық корректор болып жұмыс істеп, содан кейін редакторының өтініші бойынша корреспонденттікке ауысты. Сөйтіп, соңғы жиырма жылдан астам өмірін осы мамандыққа арнады.

Қазір ол еңбек демалысында, Жезқазған қаласында тұрады. Оны көпшілік талантты журналист ретінде таниды. Айтпақшы, менің үлкен ағам да анамның ізін жалғастыруда. Ол да журналистика факультетін бітіргеннен бері газет саласында. Соңғы жылдары Қарағандыдағы ірі кәсіпорынның баспасөз қызметін басқарады және ведомстволық газеттің редакторы болып қызмет істейді. Ал, әкем шығармашылық адамы болмаса да, мыс балқыту зауытында өз ісіне берілген, талантты да білімді азамат.

– Өмір жолыңыздағы журналист болып қалыптасуға ықпал еткен тәлімгерлеріңізден кімдерді айта аласыз?

– Мен айтар едім, өмір жолымызда кездескен әр адам бізге бір нәрсені ұғындырады. Әрине, мен Жезқазғанда жұмыс істеген кезімде алғашқы редакторымнан, ондағы тәжірибелі «алтын қалам» иелерінен көп нәрсені үйрендім. Қазір өзім басшылық етіп отырған «Акмолинской правда» газеті үлкен тәжірибелік мектебіме айналды. Өйткені, осы газетте еңбек еткен білімді де тәжірибелі журналистер Иван Петрович Перерва, Валентина Андреевна Теплякова, Александра Владимировна Мякота және Нина Ивановна Митчиновалар менің журналистік шеберлігімнің шыңдалуына үлес қосқан абзал жандар.

Сондай-ақ, осы газетке алғаш қабылдаған бас редакторым Валентина Викторовна Косянюктен көп нәрсе үйрендім. Ол талантты көшбасшы және керемет кәсіби маман болатын. Әрі тапсырманы қалай қою керектігін нақты біліп, ұжымда бірлік пен шығармашылық атмосфераны қалыптастырды. «Акмолинская правда» газетінде оның басшылығымен жұмыс істеген әрбір адам шығармашылық пен жанқиярлық, газеттің мүдделеріне адалдық екенін жақсы сезіне алды деп ойлаймын.

Ал, одан кейінгі бас редакторым Серік Зайкешұлы Смағұловпен де жұмыс істеу өте қызықты болатын. Ол байсалды да ақылды, ұжымның жұмысын сауатты жүргізіп, нақты құра білген бірден-бір талантты азамат еді-ау. Өкінішке орай, бұл редакторлар қазір ортамызда жоқ. Олардың о дүниеге ертерек аттанып кеткені газет ұжымын біраз теңселтіп тастағаны жасырын емес. Алайда, уақыт бір орында тоқтап қалмайды. Қазіргі облыстық қос газет пен бірқатар ақпараттық сайттарға басшылық етіп отырған ірілендірілген «Ақмола- «Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, мемлекет қайраткері Жабал Ерғалиев осы олқылықтардың орнын толтырды десем артық айтқандық болмас.

– Заманауи журналистиканы қалай түсінесіз немесе қазіргі журналистиканы қалай бағалауға болады?

– Жалпы, журналистика үнемі жетілдіріліп, жаңа жанрлар мен формаларға ие болып, бізді қоршаған әлеммен бірге өзгеріп отыратын сала деп айта аламын. Бүгінде медианың басым бөлігі электрондық кеңістікте, ал, бұл ақпараттың жеделдігімен оны беруге қойылатын өз міндеттерін талап етеді. Әрине, бұл баспа басылымдарына да әсер етеді. Бүгінде жаңашылдыққа бет бұрған әр газеттің интернет-нұсқасы бар.

Ол газет блогқа, ақпараттық агенттікке айналуы керек дегенді білдірмейді. Газеттің өз орнына қарай фактілерді талдау, құбылыстың себептерін анықтау, қиын жағдайларды зерттеуге бағытталады. Сондықтан, тек көркем әдеби тілі жатық газет қызметкерлері ғана әрбір кейіпкерінің бейнесін оқырманының көз алдына елестете отырып жаза алады және оқырманын өзіне сол арқылы тарта біледі. Сонымен қатар, кез-келген ақпараттың сенімділігі мен сөйлеу сауаттылығы туралы ұмытпауымыз керек. Өйткені, бүгінде республикалық интернет-БАҚ-тар нақты және грамматикалық жағынан көптеген қателіктер жіберіп жататыны жасырын емес.

– Газетке оқырмандарды көбірек тарту үшін не істеуге болады деп ойлайсыз?

– Алдымен, оқырманды толғандыратын мәселелер туралы айтудан, жергілікті адамдармен сөйлесуден және газет үшін бірегей контент іздеуден қорықпауымыз керек. Бүгінде өкінішке орай, кейбіреулер газеттердің уақыты өтті деп санайды. Алайда, мен олай емес екеніне сенімдімін. Тексерілген, бірегей ақпарат, негізделген ағымдағы аналитика әлеуметтік желілерді алмастыра алмайды. Батыста біздің газеттер сияқты жүз жылдан астам тарихы және олардың тұрақты аудиториясы мен үлкен тиражы бар әрі өте жоғары беделге ие.

Менің ойымша, біз де соған жетеміз. Ол үшін халықтың медиасауаттылығын арттырып, адамдарды интернеттің мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануға, ойдан шығарылған қауесеттерге сенбеуге, нақты ақпарат іздеуге үйрету керек. Сонымен қатар, газеттерде ерекше мазмұн болуы керек. Сонда шығармашылық та арта түседі.

– Бүгінгі өзіңіз басқаратын ұжымның болашағын қалай елестетесіз? Газетті тартымды етіп шығару үшін ұжымдық шығармашылықтың әлеуеті жеткілікті ме?

– Меніңше, «Акмолинская правда» газеті кәсіби, тәжірибелі мамандары бар шығармашылық ұжым. Мәселен, техникалық қызметкерлердің жоғары кәсіби штабын үлкен тәжірибесі бар, газеттің мазмұны мен дизайнына шығармашылық көзқарасы биік, жауапты хатшы Юрий Брагин басқарады. Оған қоса, Нина Митчинова, Раушан Өтеулина, Алексей Чайка, Аэлита Таева, Григорий Споденец сынды білікті журналистер еңбек етеді. Олардың есімдері облыс тұрғындарына танымал, ал, көптеген материалдары жоғары марапаттар мен сыйлықтарға лайық.

Бізбен үнемі ынтымақтаса жұмыс істейтін аудандардағы авторларымыз да аз емес. Сондықтан, ұжымның шығармашылық әлеуетінің бар екеніне және болашақтағы барлық жоспарларымызды жүзеге асыра алатынымызға сеніммен қараймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар