Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеу аясында «Үздік мемлекеттік қызметші-2021» конкурсын өткізді.
Байқау шарты бойынша қатысушылар мемлекеттік қызметтегі өз жұмысы, отбасы, қызығушылықтары, өмірлік құндылықтары мен кәсіби қасиеттері туралы бейнепрезентация дайындаған. Сондай-ақ, қатысушылар түрлі шығармашылық жанрлар бойынша шығармашылық байқауда бақ сынасты.
Байқаудың тағы бір шарты эссе жазу болды. Сөйтіп, байқау нәтижесі бойынша Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыру-бақылау секторының бас маманы Айтолқын Болотқызы «Үздік мемлекеттік қызметші – 2021» байқауының жеңімпазы болып танылды.
Ал, «Үздік презентация» аталымын Атбасар ауданы әкімі аппаратының ақпараттық қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Гүлдан Бәйкенова иеленсе, «Өнерлі өрге жүзер» аталымында Жарқайың ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нәзира Шпанова, «Тәуелсіздік – мен үшін…» тақырыбындағы «Үздік эссе» аталымында Ақкөл аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Айжан Нөкербекова марапатталды.
Мұндай байқаулар кәсіби мереке қарсаңында өткізіліп, мемлекеттік қызметшілердің өз ісіне деген жауапкершілігі мен кәсібилігін танытуда, имиджін көтеруде ерекше маңызға ие. Бұл сондай-ақ, неғұрлым бастамашыл, талантты мемлекеттік қызметшілерді анықтауға да ықпал еткені даусыз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.