Жол қозғалысының қауіпсіздігі мен сақталуы маңызды

Ақмола облыстық көліктік бақылау инспекциясы «Көкшетау-Омбы» автокөлік жолында өткізген «Жолдағы қабылдау» акциясында тасымалдаушылардың көлік заңнамасын сақтауына және кәсіпкерлер құқының қамтамасыз етілуіне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етілуіне назар аударылды.

Сондай-ақ, Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының, облыстық полиция департаментінің және БАҚ-ның өкілдері қатысқан акция барысында ауыр жүк көлігі жүргізушілеріне автокөлік саласындағы заңнама, кәсіпкердің құқы және өзге де нормативтік-құқықтық актілер жөнінде түсінік берілді. Жүк көлігінің жүргізушісі Жандос Сәтов өз сөзінде кейбір жолдың сапасы көңілден шықпайтынын, соның салдарынан көліктің бөлшектері істен жиі шығатынын айтты. Бурылбайтал елді мекені мен Алматы арасындағы жол мүлдем сын көтермейтін көрінеді. «Қауіпсіз жол» шарасы аясында Ақмола облыстық полиция департаментінің бес жүзден астам маманы 2 мың шақырым жолдың қауіпті учаскелерін тауып, тиісті мекемеге хат жолдапты. Оның ішінде ақылы жолдың кейбір тұстары да көңіл көншітпейді екен.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жайсаң Бекқожин ауыл шаруашылығы техникаларының автомагистральды кесіп өту мәселесін көтерді. Оған Ақмола облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Әлен Дәуітов жауап берді.

–Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы техникасын тралл тәрізді арнайы тіркемеге артып, жолдан өткізуге болады. Жол қауіпсіздігі ережесін сақтау үшін облыстық полиция департаменті мен облыстық көлікті бақылау инспекциясынан және «Қазавтожол» Ұлттық компаниясынан рұқсат алу керек. Өйткені, автомагистральдағы көліктер үлкен жылдамдықпен жүргендіктен, трактор мен мотоциклдың және малдың жолды кесіп өтуі қауіп тудырады. Сондай-ақ, 8 тоннадан артық ауыл шаруашылығы техникасының жолды бұзбауына назар аударылады,–деді бас маман.

Жолдағы қабылдауда ауыл шаруашылығы техникасының жүргізушілеріне куәлік беру мәселесі көтерілді.
–Қазір бұл мәселені көтерудеміз. Автокөліктің бірыңғай базасы бар. Ауыл шаруашылығы техникасының бірыңғай базасы болмағандықтан, мәселе жиі туындайды. МАИ инспекторларының планшетінде жүргізушінің куәлігі, техникалық паспорты, қауіпсіздендіру құжаты жөнінде барлық мәліметтер бар. Автокөлік жүргізушісі тек қана жеке куәлігін көрсетеді. Ауыл шаруашылығы саласы да өз техникаларына электрондық база жасауы тиіс. Әзірше трактор жүргізушісі барлық құжаттарды өзімен бірге алып жүруі керек. Жүргізуші куәлігі, транспорттық тауар мен жол құжаты электрондық түрде болмақшы.

Дегенмен, кейбір жерлерде интернет жүйесі жұмыс істемейді. Бұл жағдай тексеру барысында мәселе тудырады. Шілде айында Ақкөл ауданының Еңбек ауылында Алқап күні өткізіледі. Оған қатысушылар бүгінгі күні тиісті мекемелерден рұқсат алуда,–деді Ақмола облыстық полиция департаменті жол қозғалысын қадағалау бөлімінің аға инспекторы Әділбек Сұрағанов. Кәсіпкерлер өздерінің автокөліктің салмағын анықтау тәрізді өзге де өтініштерін облыстық кәсіпкерлер палатасына жолдайды екен. Ауыр жүк автокөлігінің бір осіне 8 тонна жүк артуға болатын көрінеді. Осы мәселелер жиналыстарда көтеріліп, шешу жолдары қарастырылады. Акция барысында да бірқатар жүк тасымалдаушыларға Заң жөнінде түсінік берілді. Жолдың бұзылмауы үшін қанша тонна жүк арту, шетелге шығу үшін қандай құжаттар алу керектігі айтылды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар