Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл мұғалімі ажалдан құтқарды - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл мұғалімі ажалдан құтқарды

Екі бірдей адамды қызыл жалын – анық ажал аузынан арашалап аман алып қалған ауыл мұғалімі өзінің осы бір іс-әрекетін ерлік деп есептемейді. Әншейін адамгершілік парыз. Қамырдан қыл суырғандай суыртпақтап сұрасаң да оқыс оқиға, көзсіз батылдық туралы тіс жарып айта бермейтіні бар.

Түн жарымы еңсерілген уақыт. Шырт ұйқыда жатқан. Кенет телефон бебеулеп қоя берді. Ұйқылы-ояу құлағын көтерген. Асығып-аптығып хабарласқан ауылдасы көршісінің үйі жанып жатқандығын жеткізді. Қалай киінгені де, қалай жылдам жеткені де есінде жоқ. Өрт шалған тұрғын үй қызыл жалын, қара түтіннің құшағында екен. Абырой болғанда үй иелері балаларын сыртқа шығарып үлгеріпті. Бірақ, өздері жанып жатқан үйге қайта енген. Әлде құжаттарын, әлде басқа бір заттарын алып шықпақ болды ма екен. Тіршіліктерінен белгі жоқ. Әбден әбіржіп, өрт сөндіре жүріп айғайлап шақырғандарға тіл қатып жауап беретін емес. Ал, тілсіз жау үйді түгел орап алған. Міне, осы кезде ауылдағы орта мектепте дене шынықтыру және технология пәндерінен сабақ беретін қарапайым мұғалім Дәулет Әкімжанов нар тәуекелге бел буып, қызуы бет қаратпай төңіректің бәрін шарпып, өртеніп жатқан үйдің ішіне қойып кетті.
Тынысын тарылтқан қара түтіннің ортасында қарманып жүріп үй иелерін тапқан. Ерлі-зайыпты Индира мен Алексей Очеретнюктер ес-түссіз сұлық жатыр екен. Өрт болса өршіп барады. Сәл кешіксе, кәдік. Алдымен құлап-сүрініп жүріп Индираны шығарған. Бұл кезде үй әбден от құшағына оранып тұрған, қайтып кірудің өзі қауіпті. Бірақ, үй иесінің жайын көре тұрып адам баласын аяуды білмес от ішінде тастап кетуге дәті шыдамады. Өз басына төнер қауіпті елеген жоқ. Әйтеуір, бір тылсым күштің ауыл мұғалімін арашалағаны рас. Бұл кезде төбе жанып болып, ішке түсе бастаған. Оттың алапат қызуы, улы жыланның тіліндей сумаңдаған жалын өз алдына, үйдің іші қою түтіннің әсерінен көзге түрсе көрінбестей қап-қараңғы. Есі шығып жүріп әлгінде ғана көрген, ес-түссіз жатқан Алексейді әзер тапқаны. Табуын тапқанымен, тұщы етін қуырып, күйдіріп бара жатқан от ішінен алып шығуы керек. Қарманып жүріп алып шықты. Өрт сөндіріп жатқан ауылдастарының қуанғанын көрсең, бәрі бірауыздан айтпай келген апаттан аман қалғандар үшін шаттанған. Бұған дейін шәкірттеріне терең білім беруімен абыройға бөленген мұғалімнің өздері бұрын байқамай келген ержүректігіне таң қалысып, «жігіт екен, азамат екен!» дескен.
Кейін оқиғаның мән-жайы ауданға жеткен. Тиісті қызмет өкілдері келіп министрдің атынан «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін тапсырған. Ал, Дәулет үшін мәселе марапатта да емес, бір ауылда тұрып, бір құдықтан су ішіп, кездескен емен-жарқын амандасып жүрген ауылдастарын от құшағынан аман алып қалды. Ең маңыздысы да сол. Әйтпесе, дәл сол сәтте, қас-қағым уақытта ерлік жасайыншы, ел көзіне түсейінші деген ойдың болмағаны рас.
Өзі де көп балалы отбасының отағасы. Балалары да жап-жақсы өсіп келеді. Қазақстан Қарулы Күштері қатарында борышын өтеген екінші ұлы анасы Айман Нұртазақызына «Отан қорғаушының анасы» медалін әкеліп, қуантқаны бар. Өзінің де, анасының да төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Адал сүт емген ұлдың қанына тартқаны да. Перзентіңнің Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, азамат атанғанынан артық қуаныш бар ма екен, сірә! Маңдайынан сүйген, кекілінен иіскеген. Мақтана білмейтін адам мақтауға да сараң. Іштей сүйсініп, ризашылығын білдірген.
Сөз арасында кейіпкеріміздің бойындағы тамаша қасиетін бір ауыз сөзбен айта кеткен де жөн шығар. Кәдімгі ағашты қашап-жонып, әртүрлі зат жасап, кәдеге асыратыны бар. Әкесінен дарыған қасиет. Кішкентайынан ағашпен алысқан әкенің қасында жүріп өнерін бойына дарытты, еңбек етудің қаншалықты жақсы қасиет екендігін ұғынды. Құтты әкесіне ұқсап қарап отыра алмайтын болды. Бос уақыт деген ұғым болып көрген емес. Қолы қалт етсе, әлдебір ауылдасының өтінішін орындап жатқаны. Соңғы жылдары, әсіресе, ел ішінде ағаштан шабылған қазақы үстелге сұраныс көп. Әрі Дәулеттің шебер қолынан шыққан мұндай заттар жеп-жеңіл, орнықты болады. Жасаған бұйымдарын көрмеге де қойды. Аудандық, облыстық байқаулардың сан мәрте жүлдегері атанды. Қолданбалы өнер бағамдалған «Ақмола жұлдыздары» байқауында топ жарды. Қазір Ақкөл қаласы мен маңындағы елді мекендерде он саусағынан өнер тамған Дәулеттің бұйымдары самсап тұр.
«Шебердің қолы ортақ» деген осы да сірә! Ерлігі де ел аузында жүр емес пе?..
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар