«Қызыл жар қонысындағы» Ботай мәдениеті

Жуырда облыс орталығы Көкшетау қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан «Қызыл жар қонысында» Ботай мәдениеті археологиялық зерттеу жұмыстары басталды. Облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынған экспедициялық қазба жұмыстарына облыстық тарихи-өлкетану музейінің және білім басқармасы жанындағы туризм, өлкетану және экология орталығының ғылыми қызметкерлері, ғалымдар, Зеренді, Жақсы және Атбасар аудандарынан келген студенттер мен оқушылар қатысуда. Біздің газет тілшілері аталмыш алаңға барып, жұмыстың барысын өз көздерімен көріп, танысып қайтты.

2021 жылдың 15 маусымында басталған бұл археологиялық қазба жұмыстары Ботай мәдениетін алғаш әлемге паш етіп, қазақтың ежелгі халықтардың бірі ретінде жылқыны қолға үйреткендігін ғылыми түрде дәлелдеп берген тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберттің тікелей жетекшілігімен жүзеге асырылып жатыр екен. Краснояр селосының іргесінде де Ботай мәдениетіне жататын ежелгі қоныстың бары сонау 1990 жылдары анықталыпты. Қазба жұмыстары алаңында жүрген ғылыми жетекшілердің айтуынша, 2000 жылдардың басында Қазақстан мен Америка елдерінің ғалымдары бірлескен экспедициялық зерттеу жүргізіп, ол сәтті аяқталыпты. Онда тарихи ескерткіштің өлшемдері белгіленген екен. Бұл ескерткіштер 210 және 215 метрге дейін жетіп, жалпы ауданы шамамен 38,800 шаршы метрді құрайды. Бұл жерде анықталған 50 шақты шұңқырлар тұрғын үйлердің орындары болуы мүмкін.
–Қазіргі уақыттағы жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының алаңы 336 шаршы метрді құрайды. Зерттеу үшін екі тұрғын үйдің шұңқыры таңдап алынды. Іске кіріспес бұрын қоныста георадарлық түсірілім жүргізілді. Оның мақсаты қазба жұмыстары басталғанға дейін планиграфиялық картинаны алу еді. Белгіленген жерді қазу барысында топырақтың алғашқы қабаттарынан микролиттер, қырғыштар, сәл төменірек қаза бастағанымызда, остеологиялық материалдар, негізінен жылқы сүйектері табылды. Сондай-ақ, материалдардың арасында тері илейтін қырғыштар, қыш ыдыстардың сынықтары, жебелер мен найзалардың ұштары, тасбалталардың сынған бөліктері, қайрақтар көптеп кездесуде. Қазіргі уақытта зерттеу алаңы топырақтың беткі қабатынан 30 сантиметр төменге түсірілді. Жалпы, мұндай қоныстар солтүстік өңірлерде жетерлік екен. Көкшетау маңын ғана алатын болсақ, мұнда Васильковка қонысы бар, Бурабай мен Зеренді аудандарында да ботайлықтардың қорымдары табылғаны белгілі, Біржан сал ауданында да осындай мәдениет анықталып жатыр, –деді әңгіме барысында облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері, экспедицияның ғылыми жетекшісі Жасұлан Үкеев.
–Бұл іс-шараның алдында үлкен жұмыс атқарылған болатын. Алдымен, біз, яғни, 2018 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алдық және өткен жылы «Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек хан кесенесін зерттеу» музейлік ғылыми-зерттеу жобасын іске асыру шеңберінде үлкен ғылыми-іздестіру және зерттеу жұмысын жүргіздік. Ол жерде табылған артефактілер зерттеу кезінде жасалған ғылыми-лабораториялық талдаулардың нәтижесінде 15 ғасырға жататыны дәлелденді. Енді ДНҚ талдауы Шыңғыс хан ұрпақтарына сәйкес келетін болса, ол сөзсіз Жәнібек ханның кесенесі екендігі ғылыми түрде дәлелденеді, –дей келе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов қазба алаңында табылып жатқан бұйымдарды бізге көрсетті.
Далалық археологиялық жұмыс кезеңінде мәдени қабатты зерттеу жұмыстары заманауи технологияларды қолдана отырып жүргізілуде. Бұл археологиялық-тарихи зерттеулердің мақсаты ғылыми материалдарды Ботай-Бурабай ашық аспан астындағы музейі қорын артефактілердің түпнұсқаларымен, яғни, «Қызыл жар қонысында» табылып жатқан найзалардың ұштары, сүйектерден жасалған құрал-жабдықтар және тағы да басқа бірегей жәдігерлермен толықтыру болып табылады. Аталмыш нысан 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылып, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, Ұлы Дала бүкіл әлемге жылқы шаруашылығы мен атқа міну мәдениетін сыйлағанын растап отыр. Ежелгі ғұн мен сақ бабаларымыздың ат тұяқтары тиген бұл мекен байырғы дәуірлерден елес береді десек еш қателеспейміз. Қорымның жер қойнына жасырған тылсым сырлары ойымызды сан саққа жүгіртеді.
Бұл ежелгі дәуірден сыр шертетін тарихи мұраны зерттеуге бағытталған жобаға облыс бюджетінен 4 миллион теңге қаржы бөлініпті. Экспедиция 1,5-2 ай ішінде аяқталады деп көзделуде. Қазба жұмыстары қолға алынғалы алаңнан 50-ге тарта артефакті табылыпты. Енді оларды ғылыми-зерттеу үшін Алматы және Қарағанды қалаларындағы зертханаларға жолдайды, ал, ДНҚ талдауларды анықтау үшін Швецияның Уппсала қаласындағы зертханамен келісім жасалыпты.
–2015 жылдан бастап облыстық білім басқармасы жанындағы туризм, тарих және өлкетану орталығымен бірлесіп, осындай қазба жұмыстарына қатысудамыз. Биыл Мәлік Ғабдуллин атындағы Зеренді мектеп-гимназиясынан 7-10 сынып аралығындағы 11 оқушыны тәжірибеге әкелдім. Мұндай археологиялық экспедицияға қатысу нәтижесінде олардың ой-өрістері кеңейеді, киелі нысандармен танысады және тарихқа, туған жерге деген сүйіспеншіліктері артады, білімге ұмтылып, табанды болуға үйренеді, сабақ кезінде оқығандарын қорытады. Өткен демалыста балаларды Ботай-Бурабай ашық аспан астындағы музейге, өлкетану мұражайына саяхатқа апардық, алдағы демалыстарда Сырымбеттегі Айғаным ханымның қонысына бару жоспарда. Жалпы, біздің өлке осындай тұрақтарға бай. Бұған дейін біз Бурабайда Жаңаталап, Қостанайдағы Әулиекөл маңын, Мәмлүк ауданында сақ қорғанын Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазып, тарихтың сырларын ашуға өз үлесімізді қосқан болатынбыз, –деді М.Ғабдуллин атындағы Зеренді мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Талғат Нұрсейітов. Ол 2015 жылдан бері балалардың осындай практикалық жұмыстарына жетекшілік етіп жүр екен. Ал, өзі 1985 жылдан бері экспедициялық қазба жұмыстарына белсенді қатысып келе жатыр.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар