Өткен сейсенбі күні Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, облыстық әкімдікте Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне көшу мәселесіне арналған мәжіліс өткізді.
Кез-келген тұрғынның мемлекеттік мекемеге өтінішпен жүгінетіні белгілі. Біреуінің арызы дереу қаралып, шешімін тауып жатса, енді біріне өтінішін кімнің және қалай қарағаны туралы мәлімет алу қиынға соғып жатады. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мұндай олқылықтарды тамырымен түбегейлі жояды. Жаңа құжатта бекітілген ережелер өтініш берушіге өтінішінің қалай қаралып жатқанын «е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қадағалап отыруға, әкімшілік рәсімге байланысты сұрақтарда өз құқығы жайлы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Өтініш қаралып жатқан кез-келген уақытта қажетті құжаттарды, айғақтарды көрсетуге болады. Сонымен қатар, өтініш беруші істің құжаттарымен танысуға, қарсылық білдіруге құқылы. Сотта шешімге шағымдану құқы сол күйі сақталады. Бұл ретте, жауаптың негізділігін мемлекеттік орган дәлелдейді. Міне, бұл атап өтілгендер осы айда күшіне енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің түбегейлі жаңашылдықтарының тек бірнешеуі ғана. Еліміздің Әділет министрі Марат Бекетаевтың қатысуымен облыстық әкімдікте өткен жиналыста заңнамалық құжатты тиімді жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
–Уақыт бір орында тұрмайды. Заман күн санап өзгеруде. Мемлекетті басқару құралдары мен институттары уақыттың талабына сай келуі үшін, бәрімізге де өзгеруге тура келеді. Көзқарастардың парадигмасын ауыстыру керек. Жаңа кодекстің қолданысқа енгізілуі мемлекеттік органдардың жұмысына әсер ететіні сөзсіз. Азаматтардың өтініш-тілектеріне бұрынғыдан да жауапты қарау, олардың шешілуіне мүдделі болуымыз қажет, – деді мәжілісті ашып, жүргізіп отырған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Әділет министрі Марат Бекетаев жаңа заңнамалық құжаттың енгізілуімен мемлекеттік органдарды да айтарлықтай өзгерістер күтіп тұрғанын атап өтті.
–Кодекстің басты мақсаты қоғамдағы шиеленісті азайту, жұмыстың бюрократиялық формасынан шығу және мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы келіспеушілікті сотқа жеткізбей ертерек шешу болып табылады, – деді министр.
Мәселен, әділет органдары қандай да бір қызметті жүзеге асыруға лицензия беруден бас тартуға мәжбүр болса, оның себебін өтініш берушіге түсіндіруге тиіс. Осындай бірлескен әрекет – шиеленістің алдын алудың ең сенімді жолы. Құқықтардың басымдығы қағидасы құқық қолданушыларға заңнамалық актілердегі түсініксіз, көмескі жайлар мен қарама-қайшылықтарды азаматтардың пайдасына талқылауды міндеттейді. Әр адам өзінің кінәсі болмаса, қабылданған шешімнің заңды, жүйелі екеніне және жойылмайтынына сенімді болуы тиіс.
Жаңа кодекске сәйкес, сотқа дейінгі шағымдану міндетті болады (салық дау-ларынан басқа). Арыз-шағымды қарау жедел тәртіпте жүзеге асырылады. Бұл азаматтарға сот шығындарынан құтылып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
–Бұдан былай азаматтарға өз пікіріне заңды дәлел келтіру қажет болмайды. Жай ғана келіп, «мен келіспеймін» деп өз сөзін айту жеткілікті. Одан әрі мемлекеттік органдар дұрыс шешім қабылдағандарын өздері дәлелдеуі керек. Олай жасай алмаса, шешім күшін жояды, – деді Марат Бақытжанұлы.
Шиеленісті төмендетудің тағы бір жолы – мемлекетпен арадағы дауларда медиацияны қолдану. Ортақ келісімге келудің бұл тетігі осыған дейін заңмен рұқсат етілмеген болатын. Келіспеушілікті шешуде адвокаттар мен заң консультанттарына ерекше рөл беріліп отыр. Олардың міндеті кодекстің дауларды соттан тыс тәртіпте шешуге мүмкіндік беретін жаңа тетіктерін дұрыс түсіндіру болып табылады.
–Егер адам заңды бұзса, мұны оған адвокат түсіндіруі керек. Адвокаттық этиканың талабы сондай. «Істе жеңіліп қалдық, сот әділ болмады» деген алгоритм бойынша әрекет етуге болмайды. Өзін-өзі тиімді реттеудің жүйесі керек. Адвокаттар алқасы адвокаттардың этиканы бұзбауын, өз қорғалушыларына адал болуын қадағалауы тиіс, – деді министр.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қолданысқа енгізілуімен сот саласында болатын өзгерістер, оның ішінде сот өндірісінің жаңа түрінің енгізілетіні туралы облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров хабарлады. Бұдан былай соттар да дәлел жинау ісіне белсенді араласатын болады. Сот дәлелді жеткіліксіз деп таныса, өз бетінше қосымша деректерді сұрата алады, істің анық-қанығына жетуге ұмтылады. Ал, қазіргі әкімшілік процестік кодекс бойынша ол тек тараптардың берген құжаттарының негізінде шешім шығарады.
Арызда заң нормалары дұрыс жазылмаса немесе талап дұрыс қойылмаса, онда судья арыз иесіне арызын нақтылауға көмектеседі. Өйткені, жай адам не кәсіпкер заңдарды егжей-тегжейлі білуге міндетті емес. Сонымен қатар, өз сөзінде облыстық сот төрағасы сот актілерінің орындалуын тексеретін сот бақылау институты енгізілетінін мәлімдеді. Сот шешімі орындалған соң әкімшілік орган сол жөнінде сотқа хабарлауға міндетті. Егер әкімшілік орган шешімді орындамаса, сот сол органға немесе кінәлі басшыға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салады. Орындалмаған сайын ол қосымша 10 айлық есептік көрсеткішке дейін өсе береді.
–Иә, алғашында талап арыздар мен шағымдар көп түседі. Бірақ, мәселені шешудің нақтылы тетігі пайда болады. Адамдардың жылдар бойы бір проблемаға шағымдану деректері өте көп. Бір инстанцияда шешілмесе, басқасына барып жатады. Бұдан былай мәселе соттарда өз шешімін табатын болады, – деді Марат Бекетаев.
–Ақмола облысы азаматтардың өтініштерін қабылдау бойынша жаңа жұмыс форматына ауысуға дайын. 2020 жылдың 20 қарашасында өңіріміз «е-Өтініш» жүйесін енгізудің пилоттық жобасына қосылып, ол облысымыздың мемлекеттік органдарында сәтті жүзеге асты, – деді Ермек Маржықпаев. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап 23 облыстық басқарма, 17 аудандық әкімдік пен облыстық маңызы бар екі қалалық әкімдік, 239 ауыл әкімдерінің аппараты, 201 дербес бөлім, сондай-ақ облыстық тексеру комиссиясы, аймақтардағы мәслихаттар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері «е-Өтініш» жүйесі бойынша жұмыс істейді. Жүйеде кезеңмен жүзеге асырылған жұмыс нәтижесі бойынша заңды және жеке тұлғалардан түскен 2000 өтініш қаралған.
Нина МИТЧИНОВА,
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.