Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев биылғы өтетін ауылдық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, Қазақстанда 2300-ден астам ауыл әкімі бар. 2023 жылға дейін барлығын өз мерзімінің аяқталуымен халық сайлайтын болады.
«Бұл тікелей президен Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның саяси реформасымен іске асып жатқан, елімізде демократиялық басқару принциптерін орнықтыратын тарихи қадам. Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан ауыл әкімдерін сайлауды бірінші болып қолға алды. Мемлекет, қоғам үшін тәжірибе, сын сағат болатын маңызды саяси процесс»,- дейді саясаттанушы. Сонымен қатар, ол сайлаудың ерекшелігіне тоқталды.
« Ауыл әкіміне салықтың 9 санатынан түскетін өз бюджеті беріледі. Әкімнің бұрынғыдай аудан әкіміне жалтақтамай, өз бюджетімен ауылдың мәселесін шеше алатын мүмкіндігі болады. Халық сайлайды. Әкім тікелей өз сайлаушыларының алдында жауапты боламақ. Халық сенімсіздік танытып, ұнамаған әкімді кері қайтарып ала алады. Әкім болу үшін жасы 25-ке толған, жоғары білімді, мемлекеттік қызметте еңбек тәжірибесі бар немесе ауыл шаруашылығы саласында, жеке секторда басшылық қызметте болған азаматтар сайлана алады. Әкім 4 жыл мерзімге сайланады.
Сонымен қатар, кандидаттар өзін-өзі ұсына алады. Ол үшін сайлаушылардың 1% даусын алуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, сайлауға саяси партиялар атынан да түсе алады»,- дейді спикер. Оның айтуынша, Президент еліміздегі 90% әкімдерді халық сайлауы тиіс деген талап қойды. 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлауға келеміз. Бәрі сәтті өтсе сол тәжірибемен келешекте ірі қалалар мен облыс әкімдерін де халық сайлайтын нүктеге келуіміз әбден мүмкін.
«Менің ойымша Президент бастаған бұл реформа алдағы 4-5 жылда нақты ісімен көрінген жаңа саяси лидерлерді халық алдына алып шығады. Мемлекеттік басқаруда практикалық тәжірибесі, нәтижесі, жеткен жетістігі бар заманның жаңа лидерлерін қалыптастырады. Бұл процесс алдағы 5-6 жылда қоғамдық сана мен саяси мәдениетті мүлдем басқа сатыға көтеретін болады. Халық сөздің емес, істің адамдарын бірден танитын деңгейге келеді. Соған қарап баға беріледі.
Президент бастаған ауыл әкімдерін сайлау реформасы елімізді сатылап өзгеретін, демократия принциптерін мықтап орнататын, ең бастысы Қазақстанды саналы, өркениетті демократияға бастайтын бірден бір жол болады. Реализм солай. Соған келе жатырмыз»,-дейді ол. Еске салсақ, 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын.
Ұлттық экономика министрлігі ауыл әкімерін тікелей сайлау қалай өтетіндігін және ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин әкім сайлауына түсетін кандидаттарға қойылатын талаптардың себебін түсіндірді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.