Дала мәдениетінен сыр шерткен…

Манаураған таулары көкке қолын созған бұла Бурабайдың бөктерінде көне тарихтан сыр шертер «Ботай – Бурабай» деп аталатын археологиялық-этнографиялық музей бар. Алыстан көз тоқтатсаңыз тұмар іспетті үшбұрыш формасында түзілген. Қазақ халқында қасиетті тұмар пәле-жаладан сақтайды деген ұғым қалыптасқан. Музейдің бойтұмар ретінде бейнеленгені де тегіннен-тегін емес-ау.

Сондай-ақ, ашық аспан астындағы музейдің әр кешені жеті үйден тұрады. Бұл да қазақта киелі сан. Яғни, көне тарих тұнған қасиетті кешеннің сырт көрінісінен-ақ таным мен тағылым, мол мағлұмат алуға болады.

«Visit AQMOLA» туристік-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры барысында біз осы киелі кешенге ат басын бұрдық.
Төл тарихты насихаттау мақсатында ашылған аталмыш музейдің киелі Бурабай өлкесінде орналасуының да өзіндік сыры бар. Мамандардың айтуынша Ақмола облысының аумағында Ботай тайпасының 20 қонысы табылған. Жалпы халық арасында Ботай қонысы тек қана көршілес Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының аумағында болған деген пікір жиі айтылады. Негізінде тереңірек зерделейтін болсақ, Ботай мәдениеті Жайықтан бастап, Ертіске дейінгі аумақты қамтиды. Бұл дегеніңіз қазақтың дархан даласына кеңінен таралған мәдениет деп айтсақ болады.

Жалпы Ботай мәдениеті туралы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың 70-ші жылдары жариялана бастаған. Сол кезде әлі ғылымға беймәлім жәдігерлерді Айыртау өлкесінен тарихшы мұғалім Есләмбек Зәкіриянов Ботай ауылының ескі жұртына оқушыларын экскурсияға апарған кезде тауып алып, оларды сол кездегі Көкшетау облыстық мұражайына апарып, құнды экспонат ретінде табыс етеді. 1980 жылдары атақты ғалым Виктор Зайберт Ботай мәдениетіне қызығушылық танытып, тереңірек зерттейді. Сөйтіп, ол қазба жұмыстарын талмай жүргізіп, соның нәтижесінде 158 елді мекеннен 120 мыңға жуық заттай айғақтар тапқан. Сонымен қатар, жылқының 70 мың сүйегі табылған.

Сапар барысында біз музей орналасқан жеті үйді аралап, ондағы көне жәдігерлерді тамашалап, әр бөлменің тарихпен сабақтас өзіндік қолтаңбасы бар екендігін аңғардық. Кіре берістен-ақ, тұрғынжайдың ішкі формасы ауылдағы шошалаға ұқсас екендігі бірден көзге түседі. Диаметрі 10 метр көлеміндегі бөлмелер қыш пен тастан және мал мен аңдардың сүйегінен салынған. Мәдени нысан аумағы 600 шаршы метр аумақты алып жатыр. Музейде қазба жұмыстары кезінде табылған қару-жарақтар мен тұрмыстық заттар қойылған. Археологиялық қазба және ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Ботай қонысының өкілдері тас, терімен бірге, қышпен жұмыс істей білгендіктері дәлелденді дейді музей қызметкері экскурсия барысында.

Музейде кіреберіс, шаруашылық, жатын, ас үй бөлмелері мен тайпа көсемінің бөлмесі, шаманның тұрағы, қымызхана бар. Айта кетуміз керек, әрбір бөлмеде ошақ орналасқан. Ошақты түтіні түндіктен шығатындай етіп жасаған. Барлық қоныстар жерасты өткелдерімен өзара байланысқан. Дала мәдениетінен сыр шерткен Ботай қонысы туралы дәйекті деректердің барлығы осында бар. Яғни, осыдан алты мың жыл бұрын болған Ботай мәдениетінің көшірмесі бұл.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар