Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Домбыра жасаудың шебері - АРҚА АЖАРЫ

Домбыра жасаудың шебері

«Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма?
Тілден анық үн барда!», –
деп ақиық ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, домбыра тілі құмығып шыққан келеңсіз келте кезеңдер болғаны жасырын емес. Даңғаза музыка мен тексіз шоулар, арзан эстрада мен фонограммалар төлтума өнерге төр бермеген тұста қазақтың дәл өзіндей тілге шешен, үнге көсем домбырасы қайта өзінің биік тұғырына қонғаны жүрегі қазақ, тілегі қазақ ел азаматтарын шын қуантуда» деп ойымен бөлісті домбыра күні қарсаңында жүздескен шебер, ұстаз, мәдениет саласының үздігі Қайырлы Сәрсенбаев.

Бүгінде фольклорлық ұлттық аспаптардың 21 түрін жасайтын Қайырлы Сәрсенбаев домбыра жасауды 1986 жылдан бері қолға алған Көкше өңірінің талантты тумасы. Ол кезінде Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында домбыра кафедрасында оқып жүріп-ақ, домбыра жасайтын шеберханаларға барып, қызығушылықпен ден қойып, үйрене бастаған екен. Қазіргі уақытта домбыра шебері Біржан сал атындағы жоғары музыкалық колледжінде шәкірт тәрбиелеп, өнерге баулып жүрген ұлт жанашыры, ұстаз. Домбыраны туған інілерімен бірге өзінің шағын шеберханасында арнайы тапсырыспен жасайтын өнер майталманы жуырда Түркияға 10 домбыра жіберіпті.
–Домбыраны көбіне шеберлер тұт ағашы, қызыл ағаш, эбен, қайың, полисандр, тораңғыл секілді қалқанды ағаштардан жасап жатады. Мен үйеңкі ағашынан жасағанды ұнатамын. Үйеңкі әрі қатты, әрі жұмсақ, жұмыс істеуге ыңғайлы және домбыраның үні одан жақсы шығады. Домбыраны ойып жасағанда ол әдемі болып қана қоймай, үнінің де әсемдігі сақталуы керек. Сонысымен ғана қазақтың қара домбырасының қоңыр үні әлемге танылған жоқ па?!, – деді әңгіме барысында шебер.
Бір домбыраны жасау үшін кем дегенде он шақты күн қажет екен. Ал, арнайы бедерлеп, тапсырыстардың күрделілігіне байланысты ою ойып, күміспен күмтеп, өрнектеп жасайтындарына бір айға дейін уақыт керек екен.
–Домбыраны бір-екі күнде жасап шығу мүмкін емес, оның ағашын үнемі кептіріп, арнайы өлшемдерін сақтау қажет. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ, кейбіреулері домбыраны тез жасаймыз деп мақтанып жатады. Оның технологиясын қаншалықты игеріп алсаң да, арнайы өлшемдері сақталмай қалса, сапасыз шығады. Дұрыс кептірілмеген домбырадан үн де дұрыс болмайды. Бұл қоңыр үнді ұлттық аспаптың сыры көп. Домбыра қазақпен бірге біте қайнасып келе жатқан қастерлі аспап болғандықтан, бұл жерде шеберлік қана емес, білікті кәсіби музыкант та, жақсы суретші де болуың керек. Үш өнердің басы түйіскен домбыра жасауда оған ерекше мән беріліп, үніне, сапасына қарауымыз аса қажет. Қазір формасын келтірсек болды деп, пайдакүнемдікке салып жатқандар жоқ емес, –деп кейиді кейіпкеріміз.– Кейбір домбыралар мәңгілікке сақталады. Ертеде шауып, ойып жасалған домбыралар әлі күнге дейін ұлттық мұражайларда жәдігер болып орналасып, көнеден сыр шертіп тұр. Тіпті, кейбір адамдардың үйінде нағыз шеберлердің қолынан шыққан құндылықтарымызды көргенде, оның жасалу техникасы мен қыр-сырына бойлап, тамашалап, таң қаламыз. Жарты жаңсар шеберлердің қолынан шыққан домбыралардың күндері қысқа. Мысалы, кезінде Алматының «Мерейінің» Қарағандының «Осакаровының» жасаған домбыралары қайда? Олар конвейерлі нұсқамен шығарылып, енді ондай сапасыз дүниелер ешкімге қажет болмай қалды. Қазір талап басқа, талғам жоғары. Сондықтан, өнерпаздар бүгінде жауапкершілігі мол, кәсіби білімі бар шеберлердің қолымен сапалы жасалған домбыраларды таңдайды.
30 жылдан астам уақыт домбыра жасап жүрген шебер Қайырлы Сәрсенбаевқа кезінде атақты күйші, шебердің өз ұстазы Қаршыға Ахмедияров та тапсырыспен ұлттық аспапты жасатып алып, талай күй шығарған екен. Республикаға танымал, атақты күйші, домбырашы әрі шебер Мағауия Хамзин де қазақтың дүлдүлі Ақан серінің үлгісінде жасалған домбырасын алыпты. Күміс көмей дәстүрлі әнші Қайрат Байбосынов та шебердің тұмар домбырасын иығына асып, талай сахналарда гәккулеткен. Әйгілі күйшілер Секем Тұрысбеков пен Айгүл Дүкімбаеваға да жерлесіміз арнайы тапсырыспен домбыра жасап беріпті. Бүгінде шеберге әдейі тапсырыспен Алматыдағы консерваторияның оқушылары, Астанадағы өнер институтының студенттері жасатып жүр екен.
–Абылай ханның көрмесін ұйымдастырған кезде мұражайға саптамалы домбыра жасап бердім. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал үлгісіндегі домбыраларды да жасаймын. Бәрінің де бір-бір үлгілері мұражайларда сақтаулы. Қылқобыздар, прима-қобыздар, шертер, жетіген, үрмелі, ұрмалы аспаптар да жасау қолымыздан келеді, – дей келе Қайырлы Сапарбекұлы домбыра жасауды үйреніп алуға талпынған біраз адамдардың болғанын да айтты. Олардың ішінде бірен-сараны қазір жекешеленіп, өз жолдарымен кәсіп ашып, кетіпті. –1990 жылдары шеберхана ашпақшы болғанда, конвейерлі емес, кіші-гірім фабрика ретінде тапсырыспен жасайтын фольклорлық ұлттық аспаптар шеберханасын ашайық деп едік.
1991-1992 жылдары республикалық «Үкілі домбыра» байқауына қатысып, алдыңғы орындардың бірін бағындырыпты. ­Бүгінде жасы алпысты алқымдап қалған шебер ағамыз Сандықтау ауданының Жыланды ауылында дүниеге келген. Туған жеріндегі мектептің 8-ші сыныбын ойдағыдай тәмамдаған соң, 1978 жылы Арқа төсіндегі сол кездегі Біржан сал атындағы музыка училищесіне оқуға түсіпті. Оны жақсы аяқтаған соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының «Домбыра» кафедрасына оқуға жіберіледі. Онда атақты күйші, домбырашы, композитор, дирижер, профессор Мәлғаждар Әубәкіровтен тәлім алып, өнер-білімге құныға түседі. Консерваторияда оқып жүрген кезінде екі жылдай әскери борышын да өтеп келеді. Оқуын жалғастырып, 1989 жылы оны да ойдағыдай аяқтап шығады. Мұндай домбыра жасау өнері, шеберлік сізге қайдан дарыған деген сауалымызға ол:
– Өз атам Қабдолла Сәрсенбайұлы домбыра жасайтын шебер, әрі ойын-тойдың көркі болған өнерлі адам екен, ал, әкем Сапарбек Қабдоллаұлы ұста болыпты. Атамның өзі жасаған сопақша домбырасын көргем, түр-түсі, қоңыр үні, бәрі әлі күнге есімде. Нағашы әжем – Сара апам да өнерден кенде адам болмаған, қобыз тартып, бақсылықпен айналысқан жан. Ол кісі қайтыс болғанда қылқобызын бірге жерлеген екен, –деп жауап берді. Әкесі Сапарбек Қабдоллаұлы мен анасы ­Бақыт Әбдірасылқызы бұл өмірге 7 бала әкеліп, тәрбиелеп жетілдірген. Көп балалы отбасының тұңғыштары осы Қайырлы ағамыз екен. Өзінен басқа тағы үш інісі де ата-бабадан қалған шеберлік, ұсталық өнерді бойларында ұстап жүрген көрінеді. Домбыраны Серік пен Сырым деген інілерімен бірігіп жасаса, Серғазы атты інісі зергерлікпен айналысуда. Бүгінде 35 жылдай бірге жасасып, сыйласып келе жатқан аяулы жары Айнагүл Кәрібайқызы екеуі екі ұлды тәрбиелеп, жеткізді. Медет есімді ұлдары Елордада Денсаулық сақтау министрлігінде заңгер қызметін атқарса, Әділеті Еуразия ұлттық университетінде білім алып жүр.
­–Консерваторияны бітіріп келген соң сазгер Манарбек Бексейітов ағамыз құрған «Оқжетпес» ансамблінде ойнадым. Филармонияда оркестр ашылғанда, оның да басы-қасында жүріп, негізін қаласқанбыз. 2000 жылдары Ақмола облысы қайта ашылғанда, «Алтын дән» ансамблін аштым, кейін оның атауын «Кербез сұлу» деп ауыстырдық. Біраз, осы ансамбльге де жетекшілік еттім, –деді шебер домбырашы.
Өнер майталманының шәкірттерінің арасында музыка колледжін бітіріп шыққан атақты дирижерлық дәрежесіне көтерілген Дәурен Ғылымов, академияда сабақ беріп жүрген Төлеу Шериязданов, Қостанайдағы оркестрдің жетекші домбырашысы Мұрат Хамитов және тағы да бірталай музыкант жастар бар екен. ­
– Соңғы 3 жыл ішінде Ұлттық домбыра күні ерекше аталып жүр. Бір жағынан қуантарлық жағдай. Бұны ертерек қолға алуымыз керек пе еді деген ой да бар. Ұлттық домбырамыз жайлы ақын Қадыр Мырза-Әлі де бекер айтпаған ғой. «Игілікті істің ерте кеші жоқ» демекші, кеш те болса да, әйтеуір ұлттық мұрамызды әспеттеуге арналған мерекелік күннің қолға алынғаны қуантады. Домбыра – қазақ болып дүниеге келгеннен бастап, біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан құндылық, рухани азық. Қазір домбыраны әлем халқы тануда. Оның үнін сүйіп тыңдауға айналды. Домбыраның үні қай халықтың болса да жанына, жүрегіне жақын, бойын баурап алатын әсерлі аспап,– деп әңгімесін түйіндеді.
Қайырлы Сапарбекұлы 1989 жылы Біржан сал атындағы музыкалық колледжіне жұмысқа орналасқаннан бері шәкірт тәрбиелеуді ешқашан тастамаған адал педагог, ұстаз. Еңбек ету жылдары аралығында 1994-1998 жылы «Дәстүр және өнер мектебінде», 2010 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында директор қызметін де атқарған. Өзі еңбек етіп жүрген Біржан сал атындағы музыка колледжінде де директор болған жерлесіміз соңғы жылдары тек ұстаздыққа ден қойған, әрі домбыра жасауды дұрыс көреді. Шебер домбырашы 2011 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі атаныпты.

Ырысалды Төлегенқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар