Арманы астанада орындалған

Астана – арман қала! Жастардың ақ көңілінен шыққан осы бір сөз шын мәнісінде қиял қуған, айқын мақсатты көздеген қыз-жігіттердің жаңа өмір бастауына айналғандай. Біздің кейіпкеріміз Әсел Әлжанова да кезінде бас қалаға арман қуып барыпты.

Әсел Айтмұхамедқызы Павлодар қаласының тумасы. Осындағы орта мектепті бітіргеннен кейін өз бетінше медицина мамандығына түсуге шешім қабылдапты. Ол үшін оқу орнын таңдау керек болғанда да кейіпкеріміз көп ойланбағанын айтады.

– Менің анам да кезінде бас қалада жоғары білім алған. Ол кезде Нұр-Сұлтан астана емес, Целиноград деп аталатын қатардағы қалалардың бірі еді. Бұл өлке анама таныс, жүрегіне ыстық болғаннан кейін ол менің елордадағы медициналық университетте дәрігер мамандығын меңгеремін деген ойымды бірден қабыл алды. Сөйтіп, 2007 жылы қалаған университетіме грантқа оқуға қабылдандым. Бес жыл бакалавриатта жалпы медицинаны меңгерсем, одан кейін екі жыл интернатурада, тағы екі жыл резидентураны, екі жыл магистратураны оқығанымды қоса алғанда, медициналық университетте аттай 11 жыл білім алыппын, – дейді Әсел Айтмұхамедқызы.

Иә, медицина мамандығының басқалардан ерекшелігі де осы. 11 жыл мектеп табалдырығын тоздырып, одан кейін тағы сонша жыл білікті маман атануға ұмтылу кез-келген жанның қолынан келе бермейді. Осы ретте біз кейіпкерімізбен әңгімелесе отыра оның туғандарынан жырақта жүрсе де, оқуын ойдағыдай аяқтап шығуына астананың адамды өзіне бір көргеннен баурап алатын көркем келбеті, бас қалаға тән өркениеттілігі әсер еткенін байқағандай болдық. Шынымен де, астанамызды көзі көрген адамның оған тәнті болмауы мүмкін емес. Әсел де осында оқи жүріп, бас қалаға әбден сіңісіп кетті. Алғашқы еңбек жолын да астанада бастауы содан.

– Оқу мен жұмысты қатар алып жүрдім десем болады. Алғашында университетте кафедрада ассистент болдым, одан кейін «Салауат Астана» клиникасында қабылдау жүргіздім. Білікті маман атануыма ұстаздарымның сіңірген еңбегі зор. Бізге университетте өте білімді профессорлар сабақ берді. Бүгінде еліміздің медициналық жоғары оқу орындары маман даярлау жағынан шетелдікінен кем түспейді. Тіпті, кей тұстарында олардан асып түседі десем, қате айтпаған болармын. Астанада шетелдерден келіп талай жастардың оқып жүргенін көрдім. Қазақ жастарына асқақ армандарын орындауға мүмкіндік берген, жағдай жасаған, оның үстіне бас қаланы салып берген Тұңғыш Президентімізге үлкен рахметімді айтамын, – деді ақ халатты абзал жан.

Шынымен де, Елбасының жүргізген салиқалы саясатының, жастарға көрсеткен қолдауының арқасында талай қыз-жігіттер армандарын жүзеге асырып, өз еліміздің, тіпті шетелдің озық оқу ордаларында білім алуға мүмкіндік алды. Әсел де ата-анасына салмақ түсірмей, университетте тегін оқығанына мемлекетімізге дән риза. Оқуын оқи жүріп, бірнеше халықаралық конференцияға қатысыпты. Академиялық мобильділік аясында Литва мемлекетінің Вильнюс қаласына бір айлық курсқа барып келіпті.

– Өмірімнің, оның ішінде жалындаған жастық кезеңімнің астанамен байланысты болғанына өте ризамын. Осы қалада өзімнің болашақ жарыммен танысып, отау құрдық. Балаларымыз дүниеге келді. Кезінде осында бірге оқыған достарыммен әлі күнге дейін араласамын. Ару қала Нұр-Сұлтан бәріміздің жүрегімізде жылы естеліктермен сақталып қалды, – деген Әсел бүгінде Ерейментау аудандық ауруханасында терапевт-неврапотолог болып жұмыс істейді. Осы өңірге сыйлы, абыройлы Әлжановтар отбасына келін болып, жолдасымен екі баланы тәрбиелеп отырған жайы бар. Арманы астанада орындалған ақ халатты абзал жанның аудан медицинасының дамуына айтарлықтай үлес қосарына сенеміз.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар