Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ертеңі еңселі, келешегі кемел - АРҚА АЖАРЫ

Ертеңі еңселі, келешегі кемел

Кемел келешекті кез-келген көзі ашық азамат армандайтыны анық. Ал, жарқын болашақтың бастауы мектеп қабырғасында қаланатыны сөзсіз. Көз ілеспес жылдамдықпен зымырандай зу етіп, өтіп жатқан уақытпен бірге заман талабы да өзгеруде. Бүгінгі оқушы балалардың ой-танымы, көзқарасы, ойлау қабілеті де заман талабына сай көш ілгері. Қазіргі таңда мектеп жасындағы жасөспірімдер құлтемірді де қолдан жасап, небір жасампаз жобаларды жүзеге асыруда.

Бүгінде білім аламын, өз дүниетанымымды кеңейтемін деген жастарға мүмкіндік зор. Тәуелсіздік таңымен түлеген қазақстандық оқушылар өз білімдерімен әлемнің өзін аузына қаратып, дүниежүзілік белді оқу орындарының түлектері атанып жүр. Осы орайда, балалардың болашаққа нық қадам жасауы үшін ықпал етіп, өмірге кірпіш болып қалануына тың серпін, зор үміт сыйлап отырған Назарбаев зияткерлік мектептері десек артық емес. Біздің Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары білімімен де, талантымен де көп ішінен саф алтындай жарқырап, дараланып жүрген жас өркендер.

Өткен 2020-2021 оқу жылын қорытындылайтын болсақ, аталмыш білім ордасы үшін оқу жылы жемісті болды десек артық айтпағанымыз. Әлемді дүр сілкіндірген пандемия біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Осы дерттің алдын алу мақсатында еліміздегі білім ошақтары қашықтықтан оқу жүйесіне ауысқан болатын. Дегенмен, бұл білімнің сапасына кері әсерін тигізді деп айта алмаймыз. Сөзіміз дәйексіз болмасын, нақты деректерді алға тартайық.

Коронавирус ауруы ушығып, ел дүрліккен тұста, халықтың барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, айрандай ұйыған ел екендігін білдіріп, бір-біріне қамқорлық танытты. Әсіресе, еріктілердің ерен еңбегі көз қуантты. Мен оқушы баламын демей кейбір білім ордаларының оқушылары да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына, жалғызілікті ата-әжелерге азық-түлік апарып қолқабыс жасады. Сондай жүрегі мейірімге толы, алғыр ұлдардың бірі – Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткеркерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Омар Бекин. Ол Елбасының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» акциясына белсенді араласып, әлеуметтік аз қамтылған 500-ден астам үйге азық-түлік тасыған. Осы ізгілікті ісі үшін Омар «Халық алғысы» медалімен және Елбасы медалімен марапатталды. Екпін түсіре ерекше атап өтетін жәйт Омардың жасы небәрі 17 жаста. Ол болашақ мамандығын саясатпен не болмаса информатикамен байланыстырғысы келеді. жоғары оқу орнын әлі таңдамапты.

– Қайда оқысам да, дипломымды алған соң Қазақстанда жұмыс істеп, елімнің көркеюіне үлесімді қосатын боламын, – дейді өзі.
Зияткерлік мектебінде Омардай игілікті істің басы-қасында жүретін жүрегі ізгілікке толы жастар көп. Мұндағы оқушылар білімімен ғана емес, өнер, спорт саласында да белсенді. Мәселен, білім ордасындағы «Сымбат» би ұжымының тәрбиеленушілері бір жылда бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Айталық, Аяулым Бекжанова «Би алаңы» атты III халықаралық би марафонында бас жүлдеге ие болса, Диана Торгаутова мен Амир Бейсенов «ArtStar»
I Халықаралық фестиваль-байқауында Бас жүлдемен марапатталды. Ал, 6-сынып оқушысы Айнар Ғабдолла болса «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» атты халықаралық суреттер байқауында бас жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, «Asia education» халықаралық даму орталығы ұйымдастырған VII республикалық «Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының мақтанышы» атты өнер байқауына қатысқан «Bravissimo» вокал үйірмесінің оқушылары орындаған «Желсіз түнде жарық ай» әні ең үздік деп танылып, оларда бас жүлдемен марапатталды. Сондай–ақ, 4-сынып оқушысы Алидар Ескендіров «Голдберг машинасы» атты желілік отбасылық байқауға қатысып, бірінші орынға ие болды.

НИШ оқушылары өнерде ғана білім көгінде де қырандай самғап, биіктерді бағындыруда. 12-сынып оқушысы Даниил Огнев SAT емтиханында ең жоғары нәтижеге қол жеткізсе, 11-сынып оқушылары Әлихан Қалибаев пен Мади Шәйкен авторлық «Volus» жобаларымен Аmazing Spaghetti Machine халықаралық байқауында II-орынға ие болды, дәл осы жобаларымен «IT Stars-2021» II халықаралық жастар фестиваліне қатысып, жүлделі үшінші орыннан көрінді.

– Біз байқауда «Volus» атты жобамызды қорғадық. Бұл жоба адамдар мен еріктілерге ғаламтор арқылы көмек көрсетуге бағытталған. Іс-шара жоғары деңгейде өтті. Жобамызды тыңдаған қазылар алқасында бізге қояр сұрақ болмады. Тек, ойымызды жүзеге асыру жолында сәттілік тіледі. Барлық қатысушылар ерекше, қызықты жұмыстарын ұсынды. Біз өз жобамызды 4 ай дайындадық және нәтижеге көңіліміз толады. Бізге көмек көрсетіп, қолдау білдірген мұғалімімізге алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта да мектебіміздің атын шығаратын боламыз, – деп пайымдайды Әлихан мен Мәди.

Бұдан бөлек, Әлихан Қалибаев оқу ақысы 8000 доллар көлеміндегі Катардағы Солтүстік-Батыс университеті курсының грантын ұтып алды. Ал, 9-сынып оқушысы Асылхан Қали болса, «Көлік иесінің сәйкестендіруімен ұрлыққа қарсы жүйе» атты жобаны қолға алып, тың идеясына авторлық куәлік алды.

Мінекей жаңа ғасыр мектебі осындай болса етті. Мұнда тәлім алатын жастар зердесі биік, талабы мен таланты ұштасқан дарынды жастар. Болашағынан зор үміт күттіретін жастардың қатарында аталмыш мектептің 9-сынып оқушысы Мират Жұмағұл да бар. Ол өзінің туған қаласы Көкшетауды болашақта қалай елестететінін қағазға түсіріп, арнайы макетін жасап шығарды. Өнертапқыш тың туындысын жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсына ұсынып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Әрине білім сапасы, мектеп түлектерінің білім деңгейімен бағаланатыны бар.

Ағымдағы оқу жылын мектепті тәмамдап отырған 62 оқушының тоғызы «Алтын белгі» мен «Ерекше үлгідегі аттестатпен» тәмамдады. Биылғы түлектердің бірі Ілияс Өмірбеков 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Жыл оқушысы» атанған болатын. Ілияс бірнеше жылдан бері бағдарламалаумен айналысып, робототехникаға қызығушылық танытып келеді. Ол өзінің авторлық «Ымдау тілінің көрнекі аудармашысы» жобасымен түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, халықаралық көрмеде сөз сөйлеу құрметіне ие болған. Сонымен қатар, халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауында жүлдегер атанды.

«Bebras» халықаралық ойын байқауында үшінші орынға ие болса, халықаралық Intel ISEF байқауының қорытынды кезеңіне өтті. Санамалап айта берсеңіз мұнда өз білімдерін дәлелдеп, білім бәйгелерінде ақ боз аттарының маңдайы жарқырап топ жарған тарланбоздар көп-ақ. Атап өтпеске болмайды, білім сайысында жүйріктер қатарынан табылып жүрген оқушының бірі Абылайхан Мұхамеджанов.

Ол «Ғарыш объектілері мен көлік құралдарының жағдайын бақылау жүйесі бар Cubesat стандартты наноспутнигі» жобасын құрастырды. Оның негізгі мақсаты ғарыш қоқыстары мәселесін шешетін шағын ғарыш аппаратын жасау болып табылады.
Назарбаев зияткерлік мектебі егеменді еліміздің болашағына негіз болар баспалдақ. Себебі, мұнда ертеңі еңселі, келешегі кемел жастар қаулап өсіп келеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар