Ұлттық домбыра күніне орай Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Әгугай, домбыра» атты облыстық ақындар мүшәйрасы болып өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұрамызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында 2018 жылдың 12 маусымдағы Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгілеген болатын. Халқымыздың қадір тұтып, төрге ілген киелі аспабына осылай құрмет көрсету өте орынды шешім болды. Өйткені, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың жаны. Бұл жыр мүшәйрасына облысымыздың түкпір-түкпірінен барлығы 20 ақын өлеңдерін жолдапты. Қазылар алқасы соның ішінде бесеуінің өлеңдерін іріктеп алған.
Шараның шымылдығы Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледждің оқытушысы Төлеген Амановтың домбырамен орындаған «Ләйлім шырақ», «Қазағым-ай» әндерімен ашылды. Дәстүрлі әншінің күміс көмей даусы ұлттық аспаптың үкілеген үнімен үндескенде жыр тыңдауға жиналған көпшілік қауым «шіркін, қазағымның домбырасына не жетсін» дегендей, көңілдері шарықтап, самғам бара жатқандай әсерде болды. Жиналғандар алдында сөз алған Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Құдайберлі Мырзабек:
–Жер бетінде аспаптар ыспалы, үрлемелі, ұрмалы және шертпелі болып төрт топқа бөлінеді. Музыкатанушы Болат Сарыбаев сонау сексенінші жылдары қазақта 28 аспап барын айтқан болатын. Қазақта әр топтан сонша аспап бар дейміз. Кейбір халықтарда бірде-бір аспап жоқ. Осыдан-ақ біздің халқымыздың ұлылығын тануға болады. Ұлттық аспаптарымыздың ұрпақтан ұрпаққа мәшһүр болып келе жатқан хас шеберлері бар. Қаншама аспаптың ішінде қазаққа ең жақыны қазақтың өзімен біте қайнасып кеткен домбырасы. Әлемдегі бүкіл аспаптардың бәрін алып қарасақ, домбыраның сұлулығының өзі керемет, аққуға ұқсайды. Диапазоны кең болғаны сонша, асқақтатып, аспандайтын әндерді де домбырамен айта аламыз, сезімге толы лирикалық әндерді де, жырларды, айтыстарды да домбырамен сүйемелдеуге болады, – дей келе, өзін қазақпын деп есептейтін кез келген отбасының төрінде домбыра, Абайдың өлеңдері мен қарасөздері тұрса, бұл ұлттығын, түбірін қастерлеу болар еді деген тілегін жеткізді.
Мүшәйраға қатысқан ақындар өз өлеңдерінде домбыраны барынша ұлықтауға тырысты. Алғашқы болып ақын Бақытбек Бекмұратұлы «Домбыра» өлеңін оқыса, екінші қатысушы Серғазы Қайырболды «Ақсақ құлан» атты туындысымен жыр сүйер қауымға домбыраның қасиетін ұқтырғандай болды. Жиырма үміткердің ішінен суырылып алға шығып, көпшіліктің алдында өлең оқыған ақындардың қатарында көкшетаулық ақындар Қуаныш Оспан, Оралбек Нұрүш, Саян Есжан да бар. Құрамында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев, журналист, «Бұқпа» газетінің бас редакторы Бақыт Смағұл бар қазылар алқасының шешімімен ақын Қуаныш Оспан дәстүрлі әнші Қажыбай Жахиннің аруағына арнап жазған «Айбоз» атты метафизикалық поэмасымен бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші, үшінші орындарды Саян Есжан мен Серғазы Қайырболды иеленді. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде сөз алған қазылар алқасының төрағасы Серік Жетпісқалиев:
–Арнайы тақырыпқа өлең жазу оңай-оспақ шаруа емес. Ондайда өлең шыға қоймауы да мүмкін. Ұйқасы келіп, барлық талаптарға жауап берсе де, жүрекке жетпей жатады. Сондай қалып осы жолы да байқалды, – дей келе, ақын Қуаныш Оспанның «Айбоз» шығармасын өңір әдебиетінің жақсы бір жетістігі деп бағалап, сондай-ақ, Бақытбек Бекмұратұлы мен Оралбек Нұрүштың еркін тақырыпта жазған өлеңдерін ерекше атап өтті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.