Мереке қарсаңында баспаналы болып, қуанышқа кенелді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында және Елорда күніне орай «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Көкшетау қаласындағы «Сарыарқа» мөлтек ауданында 30 пәтерлі, Зеренді ауданында  36 пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру шарасына қатысты.

 Аталмыш нысандардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы  жаңа қонысқа ие болғандарды еліміздің жүрегі – Елорданың іргетасы қаланған күнімен орайласқан қуанышты сәтпенен шын жүректен құттықтап, жылы лебізін білдірді.  Мереке қарсаңында қуанышқа бөленіп, баспаналы болғандар негізінен әлеметтік жағынан аз қамсыздандырылғандар  отбасы.  Арман болған баспананың кілтін қолына ұстаған жандардың жарқын күлкісі, пәтерден-пәтерге жалғасқан құттықтаулар, шашу шашқан аналар, қуаныштан асыр салып жүгірген балақайлардың шат шадыман көңілі мерекенің ажарын аша түскендей.

Өңір басшысы жұмыс сапарын алдымен Зеренді ауданынан бастады. Мұнда Заречное ауылында Шағалалы өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді. Жаңа көпірдің елді мекен әлеуетін арттыруға зор үлес қосуына тілектестік білдірген өңір басшысы бұл игілі мол істің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқандығын баса айтты. Жалпы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы өңірдегі елді-мекендерде ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған түйінді мәселелерді оңынан шешуге ықпалын тигізіп отыр. Аталмыш ауыл тұрғындары да Шағалалы өзенінің үстінен өтетін көпірдің жоғы туралы сан рет мәселе көтеріп, шағымданған еді.

Өзен үстіндегі ескі көпір әбден тозығы жеткен болатын. Өңір басшысының қолдауымен көпір құрылысы қолға алынып, бұл істі «Бука» серіктестігі өз жауапкершілігіне алған. Көпірдің жалпы ұзындығы 76 метр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та қарастырылған. Жобаның жалпы құны 368,2 миллион теңге көлемінде. Бөлінген қаржы толық игеріліп, мереке қарсаңында жаңа көпір ел игілігіне табыс етіліп, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Жаңа көпірдің ашылу салтанатында ел тұрғындары аймақ басшысына өздерінің ақжарма тілектерін, ыстық ықыластарын, жылы лебіздерін білдіріп, алғыс білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімі Зеренді ауданында 36 отбасыға жаңа пәтердің кілттерін табыс етті.  Баспанаға ие болғандардың басым көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасылар.

– Елорда күні әрбір қазақстандық үшін аса маңызды мереке. 23 жыл ішінде еліміздің астанасы Нұр-сұлтан қаласы экономикалық және мәдени орталыққа айналды. Биыл ел Тәуелсіздігіне отыз жыл толып отыр. Біз күнбе-күн еліміздің дамып, өркендеп, өрлеп жатқандығына куә болып отырмыз. Мемлекет әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Осы міндетті іске асыруға біздің өңірде аса қарқынды жұмыстар қолға алынып отыр.  Ақмола облысында соңғы төрт жылдың ішінде 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 17 мың ақмолалық баспаналы болды.  Осы орайда, мереке қарсаңында баспаналы болған зеренділіктерді шын жүректен құттықтаймын, –деді өз сөзінде өңір басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімі  «Зеренді – сервиз» шаруашылық жүргізу құқығындағы орталықтанған қазандықтың жұмысымен танысты. Қазандықты қалпына келтіру үшін ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 60 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жобаның жалпы қуаты 850 миллион теңге көлемінде.

Өңір басшысының Зеренді ауданындағы жұмыс сапары Көкшетау қаласында жалғасын тапты. Облыс әкімі алдымен облыс орталығындағы №4 орта мектептің жанынан салынып жатқан жаңа корпустың құрылысымен танысып қайтты.  Жаңа нысанның құрылысына өткен жылы облыстық бюджеттен 300 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген болса, ағымдағы жылы 700 миллион теңге қосымша қаражат қарастырылған.  Қазіргі таңда электромонтаждау жұмыстарымен, жылудың сыртқы кәрізін орнату тағы басқа жоспарланған жүұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Өңір басшысы елімізде білім саласына зор көңіл бөлініп жатқандығын баса айтып, нысанды дер уақытында тапсыру керектігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, мектеп басшылығына оқушылардың білім сапасына баса зер салу керек екендігін қадап айтты.

Облыс орталығындағы «Сарыарқа» мөлтек ауданында өңір басшысын қала жұртшылығы мерекелік көңіл-күймен қарсы алды. Көптен күткен баспана кілтіне ие болғандар облыс әкіміне зор алғыстарын білдіріп, ақ тілектерін жаудырды. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы 9/10 үйін пайдалануға берді.  Баспаналы 30 отбасының басым көпшілігі әлеуметтің осал топтары. Мереке қарсаңында қуаныш құшағынан табылған жандардың бірі – Абылай Бекбаев. Ол тәуелсіздігіміздің төл құрдасы. Жас шағынан денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі екен. Алайда, еңбек етуден қашпай, арман-мақсат жолында аянбай күресті. 2014 жылдан бері «Қоғамдық келісім»  мемлекеттік мекемесінде ІТ маманы болып жұмыс істейді екен. – Мереке қарсаңында осындай қуанышқа кенеліп жатқанымды өзіме бақыт санаймын. Мен тәуелсіздіктің құрдасымын. Алдағы уақытта да еліміздің өркендеуі жолында өзімнің үлесімді қосқым келеді.  Мен сияқты жандарға  мемлекеттік бағдарламалардың септігі орасан. Осы орайда игілікті іске үлес қосқан жандарға алғысым шексіз,–  дейді ол.

Өңір басшысы жұмыс сапары барысында «ЕNKI» кірпіш зауытында жаңадан ашылатын цехтың жұмысымен, Көкшетау қаласындағы инженерлік желілер  құрылысының барысымен, сондай-ақ, «Қазақстан Агроинновациялық Корпорациясының» тыныс-тіршілігімен танысып, сала басшыларына нақты міндеттер  жүктеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар