Шырылдаған жедел жәрдемнің дабылы жүрегімді ұшырды. Тағы кімдер ауру азабын тартып жатыр екен деп, терезе жаққа үрейлене қарадым. Құйындатып өте шыққан көліктің ішіндегі жанның амандығын тілеп, жүрек болса толқып кетті…
Иә, рас жалғанда он екі мүшеңнің сау болғанынан асқан бақыт бар ма?! Қазақта, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген емес пе?! Соңғы кезде қала көшелерінде дабылдатып, жанұшыра жедел жүйіткіп бара жатқан жедел жәрдем көлігін көп кездестіретін болдық. Бұған елімізде кеңінен тараған коронавирус кеселінің өз ықпалы бар. Содан болар соңғы уақытта көп адам өз денсаулығына жүрдім-бардым қарағанды қойып, жіті көңіл бөле бастады. Салауатты өмір салтын ұстанып, шипажайларда ем алып, демалғанды жөн көруде. Себебі, қызыл түлкі қу дүние ұстатпайды ғой бәрібір. Ал, денсаулықты барында бағаламасаң, жоғалтып алсаң, орнын толтыруың неғайбыл. Еліміздегі пандемия бізге осыны ұқтырғандай.
Таяуда біз іс сапармен Бурабай бөктерінде орналасқан «Алмаз» сауықтыру шипажайына бардық. Бұл емдеу орны еліміздегі көп шипажайлардың ішіндегі ең озық үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталғаны. Аталмыш нысан осыдан жиырма жылдан астам бұрын 400 орынға лайықталып салынған. Жыл сайын осы шипажайға келуді әдетке айналдырғандар саны қаншама. Қазіргі таңда қазақстандықтардың басым көпшілігі демалуға Түркия еліне баруға ынталы болып жүргендігі өтірік емес қой. Алайда, Түркия елінің азаматтары керісінше арнайы осында келуді жөн көреді екен. «Алмаз» шипажайының атқарушы директоры Қымбат Қайдаровтың айтуынша, аталмыш емдеу мекемесіне Түркиядан осымен сегіз жыл қатарынан жыл сайын келіп, ем қабылдайтын бір азамат бар.
– Оған дәрігерлер жарты жылдан соң ажал құшасың деген ауыр диагноз қойған. Ота жасағанның өзінде шипасы болмайды деген екен дәрігерлер. Оны Түркияның тіпті, Германия елінің дәрігерлері емдей алмаса керек. Содан көз таныстары Қазақстандағы Бурабай өлкесінде «Алмаз» шипажайы бар екендігін айтады. Ол ойланбастан осында келіп, ем-дом қабылдаған. Міне, содан бері сегіз жыл өтсе керек. Жыл сайын Бурабайға келіп, ем-дом шараларын қабылдайды. «Бурабайдың ауасының өзі жаныма қуат береді» дейтін көрінеді өзі.
Қазіргі таңда сауықтыру кешенінде 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың тең жартысы медицина мамандары. «Алмаз» шипажайында емдеу процедураларының 72 түрі жасалынады. Мұнда жүрек-қан тамырлары, тыныс алу ауруларына атап айтсақ, созылмалы пневмония, бронхит, бронх демікпесі сияқты дерттерді, неврологиялық, урологиялық, гинекологиялық, тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіруге, емдеуге арналған арнайы бөлімдер бар. Сонымен қатар, 300 орындық асхана, заманауи жабдықталған медициналық кабинеттер, үлкен жабық бассейн, фин саунасы, спорт залы, 120 орындық салтанат залы бар.
Қазіргі таңда ашық аспан аясындағы бассейіннің құрылысы жандануда. Ашық алаңқайға заманауи тренажерлер де орнатылыпты. Шипажайға қарасты емдеу корпустарының барлығын да заманауи жабдықталған. Өткен жылы республикамызда сауықтыру шипажайларының арасында өткен байқауда аталмыш емдеу орталығы материалдық-техникалық базасымен, басқаларынан оқ бойы озық тұрып, топ жарған.
Бұл мекемеде еліміздің түкпір-түкпірінен ауру азабын тартқан мүмкіндігі шектеулі жандар да жанына қуат алып, дертіне шипа алуда. Шипажайдан 150 метр қашықтықта терасса, дәмхана, арнайы жатақтар, киім ауыстыратын кабиналар, биодәретханалар, шезлонгтар, пирс, су велосипедтері, аквапарк және қайықтарды жалға беретін жеке жабдықталған жағажай бар.
Көркем табиғаттың саясында, айдын көлдің аясында орналасқан шипажай мыңдаған адамды шапағатына бөлеп келеді. Ілкімді істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бурабай ауданы.