Ауылдың тарихи атауын қайтаратын кез келді

Кезінде елімізге қоныс аударған қара шекпенділер жері құнарлы, суы мол жерлерге қоныстанғаны тарихтан белгілі. Сондай шұрайлы жердің бірі – бұрын Наурыз би ауылы деп аталған қазіргі Красиловка селосы.

Қос өзеннің ортасына қоныстанған бұл село егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы жер. Бүгінгі күні осы құнарлы жерге «Викторовка» серіктестігі мен «Бөгенбай» шаруа қожалығы жыл сайын дәнді және бұршақты, майлы және азықтық дақылдар сіңіріп, гектарынан 25-30 центнерден өнім алуда. Бұл шаруашылықтар мал бағумен де айналысады. Енді аталмыш елді мекеннің тарихына аз-кем тоқталайық. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл село 1903 жылға дейін Наурыз би ауылы деп аталған екен. Оны қолдағы архив құжаттары да дәлелдей түседі.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орыс патшасының отарлау саясаты аясында аталмыш ауылға Ресей мен Украинадан қоныс аударған қара шекпенділер келе бастапты. Олар мұнда келісімен жер, су және елді мекен атауын өзгертіп, бұрын өздері тұрған елді мекеннің атауын қояды. Сөйтіп, бұл ауылдың атауы Красиловка селосы деп өзгертілген.

Көкшетау округтік приказы құрылған кезде оған кірген қазақ руларының тізімі 1824 жылы жасалған екен. Бұл құжатта болыстардың және ондағы бас рулардың атауы, кімнің қандай руды басқарғаны, киіз үй саны, болыс басқаруына кірген уақыты жөнінде жазылған. Мәселен, Бөгенбай би Құттықадамовтың 40, Наурыз би Тоғаевтың 40 киіз үйі болған екен. Мұндай статистиканы жұмысшы, шаруа және қызыл әскер депутаттары кеңесінің Көкшетау уездік атқару комитеті де жүргізіпті. Бұл құжатта да Бөгенбай бимен бірге Наурыз бидің есімі, олардың қарамағындағы шаруашылық пен тұрғындар саны белгіленген.

Мәселен, Әз батыр ауылында 132, Бөгенбай би ауылында 123, Наурыз би ауылында 66 адам тұрған екен. Өңірге өзінің әділдігімен белгілі болған Наурыз биді жерлестері күні бүгінге дейін үлгі-өнеге тұтады. Ол сол кездегі қазақтың батыр мен билеріне құрмет көрсету салтына сәйкес, Красиловка селосының іргесіндегі биік төбеге жерленген. Бұл маңды бұрынғы билік осы төңіректің ең биік жері деп белгі қойыпты.

Белгі күні бүгінге дейін сақталған. Уақыт өте келе Наурыз би жерленген төбе үлкен қорымға айналды. Бұл жақын маңдағы жалғыз мұсылман зираты болғандықтан, мұнда елімізге күштеп жер аударылған ингуш, чечен ұлтының өкілдері де мәңгілік қоныс тапқан. Наурыз би Тоғаев әйгілі Әз батыр Тоғайұлының туған інісі, Бөгенбай би Құттықадамұлына немере аға болып келеді. Наурыз кезінде Бөгенбай би ағасына еріп, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Наурыз би туралы деректе Қылды Қарауыл елінің болыс сайлауы туралы құжат 1828 жылдың 6 наурызында тіркеліпті.

Құжатта Сұлтан Тортай Шыңғысұлының орнына болыстыққа старшын Бәселей Дөсетовтың сайланғаны айтылған. Бұған қол қойған өңірге белгілі адамдардың қатарында ресми түрде би деп көрсетілген Наурыз Тоғаев та болған. Алдағы уақытта Наурыз бабамыздың бейітіне ұрпақтарының атынан белгітас орнату, ауылдың тарихи атауын қайтару ойымызда бар. Әділдікті орнату бағытында Красиловка селосының тұрғындарымен түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Красиловка селосының тұрғындары атынан
Қайратбек ХАМЗИН,
«Бөгенбай» шаруа қожалығының басшысы.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар