Әкім сайланудан үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов журналистерге 2021 жылдың 25 шілдесінде өтетін ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы туралы ақпарат берді.

Үстіміздегі жылдың 25 мамырында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Соның негізінде аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлау енгізіледі.

–Жуырда қабылданған заңдар Мәжіліске саяси партиялар өту үшін шекті деңгейді 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «барлығына қарсы» бағанын енгізу және биыл белгіленген ауыл әкімдері сайла-уын өткізу бойынша нормаларды бекітті. Облысымыз бойынша ауылдық деңгейде 239 әкім болса, солардың 95-і, яғни, 40 пайызы үстіміздегі айдың 25-і күні сайланады, – деген Манарбек Айдарбекұлының айтуынша, жауапты науқанға 238 сайлау комиссиясы тартылатын болады. Оның 20-сы аумақтық, 218-і учаскелік сайлау комиссиялары. Облыс бойынша 721 сайлау учаскесі болса, бұл жолғы сайлауға өңірдегі барлық сайлау учаскелерінің 30 пайызы қатыстырылады. Жауапты науқан облысымыздың барлық аудандарында өтеді.

Әкімдер сайлауына саяси партиялар да өз кандидаттарын ұсынуға құқылы. Ел азаматтары да өз өздерін ұсына алады. Өзін-өзі ұсыну үшін азамат сол сайлау учаскесі бойынша барлық сайлаушылардың бір пайызының келісімін алуы керек.

–Ауыл әкімдерінің сайлауына сыбайлас жемқорлықпен ұсталмаған, жасы 25-ке толған, өтелмеген және алынбаған соттылығы жоқ Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметтің басқа да талаптарына сай келуі керек. Атап айтсақ, кандидаттың міндетті түрде жоғары білімі және мемлекеттік қызметте еңбек өтілі болуы шарт, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Биылғы жылдың 7 шілдесіне дейінгі жағдай бойынша облысымызда 300 кандидат ұсынылған. Оның 93-і саяси партиялардан, 207-сі өзін-өзі ұсынғандар. Саяси партиялардың ішінде ең көп кандидат, яғни, 76 адамды ұсынған «Nur Otan» партиясы. Халық партиясы – 11, «Ақ жол» – 4, «Адал» – 1, «Ауыл» – 1 кандидаттан ұсынған. Кандидаттарды ұсыну 9 шілде күні 18.00-ге дейін.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінгі таңда ұсынылған кандидаттардың 31-і тіркеуден өткен. Оның 29-ы саяси партиялардан, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттарды тіркеу осы айдың 14-і күні сағат 18:00-де аяқталып, сол күні сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады. Бұл туралы брифингте облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Николай Политкин айтып берді.

– Осыған дейін өткен сайлауларда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін сайлау қоры құрылатын. Биыл елімізде алғаш рет өткелі отырған ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында сайлау қоры құрылмайды, барлық кандидаттарға мемлекет есебінен теңдей жағдай жасалады. Үстіміздегі жылдың 25 маусымында қаулы қабылданып, бір кандидатқа үгіт-насихат шараларына мемлекеттен бөлінетін қаржы 220 мың теңге көлемінде бекітілді, – деді Николай Политкин.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар