«Көкшетау минералды сулары» – аймақ мақтанышы

Облысымыздағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы тәуелсіздігіміздің төл құрдасы. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қанат жайып, серпін алған өндіріс елімізде ғана емес, ТМД елдерінде де «Turan», «Burabay qulager» сауда маркаларымен танымал. Ел тәуелсіздігімен бірге өрлеп, өркендеген өндіріс орны биыл 30 жылдығын атап өтуде. Біз де мерейлі мереке қарсаңында тәуелсіздікпен бірге түлеген ұжымның тыныс-тіршілігіне тереңірек бойлап көрдік.

Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдар Қазақстан үшін аса қолайлы болмағаны белгілі. Көптеген өндірістер тоқтап, адамдар жұмыссыз қалғаны жасырын емес. Мыңдаған еңбеккерлері бар ірі кәсіпорындар да жабылып қалды. Осындай уақытта кәсіп ашып, ілкімді істердің бастауында тұрып оны алға ілгерілету оңай-оспақ шаруа емес-ті. Шағын зауыт болып ашылған нысан алғашқы күннен-ақ алдына орасан мақсаттар қоя білді. Тәуелсіздігімізді тұғырлау үшін өндірісті өркендету керек екендігі де анық еді.

Осыған бағытталған іс-шаралар қадамдары жасалып, қиын кезеңдерде де зауыттың жабылуына жол берілмеді. Бірте-бірте кәсіпорын өнімдері зор сұранысқа ие бола бастады. Шығарылған өнімдер Қазақстанда ғана емес, ТМД елдеріне де экспортталды. Соңғы жылдары өнім түрлерін, өндіріс көлемін ұлғайтқан кәсіпорын қазір әлемдік стандарттарға сай толық қуатында жұмыс істеп тұр.

Бұл күнде еліміздегі ірі инновациялық кәсіпорынның бірінен саналатын аталмыш өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталған. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған, яғни, компьютермен басқарылады. Қазіргі таңда кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты сағатына 70 мыңнан астам бөтелке шығаратын Krones, Sidel, FBT, KHS әлемдік компанияларының автоматтандырылған құю желілерімен жабдықталған. Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты екі есеге көбейген. Отыз жылдың ішінде мұнда 1,5 миллиард литр минералды су өндірілген екен.

«Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының директоры Станислав Максимецтің айтуынша, соңғы 10 жылдың ішінде кәсіпорын үлкен модернизациядан өтсе керек. – Біздің компания еліміз тәуелсіздік алған жылдары құрылған. Бұл әрбір қазақстандық үшін аса жауапты іс екендігін жіті ұғынамыз. Егемендік алған тұста кәсіпті бірден іліп әкету оңай-оспақ шаруа болған жоқ. Бастапқы жылдары өндіріс қарқыны төмен болып, іркіліс те болған, қазір тек қана алға ілерілеу бар. Қазіргі таңда біздің кәсіпорын аяғында нық тұрған, келешегі кемел компаниялар қатарында. Өндірістің заманауи автоматтандырылған желілермен жабдықталуының арқасында, алкогольді зауыттың қуаты 2 есе, алкогольсіз зауыттың қуаты 6 есе өсті. Бұл кәсіпорын жетістігі ғана емес, қаламыздың жетістігі де санаймыз,– дейді ол.

Қазіргі таңда зауытта 300 адам еңбек етсе, олардың 95 пайызы жергілікті тұрғындар. Кәсіпорында қызмет ететін адамдарға әлеуметтік жеңілділіктер де қарастырылған. Мәселен, жұмыс орнына күніне екі мезгіл қатынайтын арнайы автобус бар. Сонымен қатар, жұмысшылардың барлығы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Жаңа үйленіп отау құрғандарға, сәбилі болған аналарға бір реттік жәрдемақы да беріледі екен. Тұрақты еңбек етіп жүрген яғни, осы кәсіпорында жеті жылдан астам жұмыс істеген қызметкерлердің балаларына жоғары оқу орнында оқуы үшін арнайы ақша бөлінетін көрінеді. – Зауыт жыл санап өркендеп келеді. Ұжымдағы қызметкерлерге барлық жағдайлар жасалған. Әлеуметтік жеңілдіктер кез-келген жұмыс орнында қарастырылмаған ғой. Ал, біз осындай мүмкіндікке иеміз. Осы орайда кәсіпорын басшылығына алғыс білдіргім келеді,– дейді цех қызметкері Светлана Попова.

Алкогольсіз ассортимент ішінде «Көкшетау минералды сулары» зауытының бәсекеге қабілетті мықты брендтерінің бірі – «Turan» табиғи суы мен «Burabay qulager» минералды суы. Өткен жылы «Turan» табиғи суына рестайлинг жүргізіліп, суға лимон мен лайм, грейпфрут, шабдалы жемістерінің дәмі қосылған бірнеше түрлері шықты. Аталмыш сусындардың құрамына дәрумендер мен шырын қосылып, дәмі тұтынушыларың көңілінен шығып жатыр. – Өз басым «Көкшетау минералды суларының» өнімін үнемі сатып аламын. Сапасы өте жоғары. Соңғы кезде әртүрлі жемістің дәмі қосылған бірнеше түрі шықты. Қазақстанда жасалынатын өндіріс орындары көп болсын, өркендей берсін, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Алмагүл Елебекқызы.

Соңғы бес жылдан бері пластикалық ыдыстың жеке өндірісі іске қосылыпты. Табиғи минералды судың барлық кен орындары міндетті түрде мемлекеттік аудит пен сертификациядан өтеді. Жыл сайын отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу институттары суға толық химиялық талдау жүргізеді. Бұдан басқа ай сайын кен орындарының суы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінде, сапа бақылау комитетінде, сондай-ақ, күн сайын кәсіпорынның өз зертханаларында тексерістен өтеді екен. Шетелдік және отандық білікті мамандардың пікірлеріне сүйенетін болсақ, «Turan» суының құрамы адам ағзасына қажетті минералдарға бай екендігін бірауыздан айтады олар.

– KMW – еліміздегі және өз саласының ішінде ең қуатты, бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың бірі. 2020 жылы акциздің
5 пайызға көтерілуіне қарамастан, кәсіпорын мемлекеттік бюджетке 7,7 миллиард теңге салық төледі. Компания алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтпақшы. Басты мақсат мемлекет қазынасын 8 миллиард теңге салық төлемдерімен толтыру. Біз экспорт бағытында белсенді жұмыс істеуді қолға алдық. Қазіргі таңда өнімнің 100-ден астам түрін шығарамыз. Бүгінгі күні басты стратегиялық серіктестің бірі – Ресей елі. Ресейдің Самара, Омбы, Мәскеу қалаларында өз өнімдерімізді сатылымға шығардық. Яғни, ол жақта да «Қазақстанда жасалған» бренд үлкен сұранысқа ие. Осы мақсатта компания Ресеймен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – дейді «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамына кіретін «Global Beverages» холдингінің Бас директоры Мүслім Өмірияев.

Қазақ «Елде болса ерінге тиеді» деген. Кәсіпорын басшылығы облыс орталығындағы тұрғындарға да барынша қолдау көрсетуге тырысып бағуда. Мәселен, өткен жылы бастау алған коронавирус кеселіне байланысты ауруханалар мен медициналық мекемелердегі емделушілер саны күрт көбейгені белгілі. Осындай сындарлы сәтте ауру азабын тартқан жандарға, медицина қызметкерлеріне компания «Turan» суын тегін таратты. Бұл акция Көкшетау қаласында ғана емес, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында да өз жалғасын тауып, науқастарға шипалы ауыз су тұрақты жеткізіліп тұрды. «Су – тіршілік көзі» емес пе?! Шипалы су жанға қуат, дертке дауа ғой. Әсіресе, ақ ниетпен ұсынылған сусынның сауабы мол ғой қашанда.

Өңірдің өркендеу жолында өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан кәсіпорынның алар асуы әлі алда. Ел тәуелсіздігімен бірге түлеп, өркендеп өсіп, қанат жайып келе жатқан кәсіпорынға біз де алдағы уақытта тың серпін, кең өріс тілейміз!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар