Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дін жолындағы танымал тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Дін жолындағы танымал тұлға

Өңірдің руханиятындағы есімі ерекше құрметпен аталатын тұлғалардың бірі – Жақия қажы Бейсенбайұлы. Ол Сирияда діни білім алып, Алматы және Көкшетау қалалық мешітін, Қазақстан мұсылмандары қазиятын басқарды.

Жақия қажы 1932 жылы 25 маусымда Омбы қаласының күнгей жағында орналасқан Любин ауданындағы Қазақ ауылында туды. Әкесі Бейсенбай қажы Алаштың ұлт қайраткерлерінің бірі – Смағұл Сәдуақасұлы өскен қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы Жарқын ауылының тумасы. Ел басына күн туған сонау отызыншы жылдары қуғын көріп, Ресейге көшуге мәжбүр болған екен. Анасы Кәмила сол жылы дүниеден озып, сәби Жақия туыла сала жетімдік құрсауына шырмалады. Арада төрт жыл өткенде әкесі Бейсенбай да дүниеден озады. Осылайша төрт жасында тұлдыр жетім қалған Жақия жастайынан тағдыр қиындығына шыңдалып өседі.
1940 жылы аудандағы Шулаев сегізжылдық мектебінің табалдырығын аттап, оны ойдағыдай бітіреді. Бейсенбаевтар әулетінің отын сөндіргісі келмеген Жақия ауылында он бір жыл бойы әртүрлі жұмыс атқарады. Әкесі кезінде Қазақстан мұсылмандары қазиятын басқарған Сәдуақас Ғылманимен дос болған екен. Жақия осы дін жанашырының қамқорлығы арқасында діни сауатын ашып, 1959 жылы Бұхара қаласына оқуға аттанады. Осындағы «Мир Араб» медресесінде тоғыз жыл оқиды. Осы жылдары Өзбекстанның Бас қазиы болған Бабахан ишанның шәкірті болады. 1968 жылы Жақия Бейсенбаев туған елге оралып, діни қызметке кіріседі. Алғашында Алматы қалалық мешітінде азаншы, кейін имам болады. Сәдуақас Ғылмани оны өзінің ізбасары ретінде танып, Қазақстан қазиятының ауыр жүгін арқалауға дайындайды. 1970 жылы Жақия Бейсенбайұлы қасиетті Мекке шаһарына аттанып, қажылық парызын өтеп қайтады.
1971 жылы Орта Азия Діни басқармасының жолдамасымен Сириядағы Шам жеріне сапар шегеді. Ел астанасы Дамаск қаласындағы университеттің шариғат факультетінде екі жыл оқиды. Жақия қажыны елге оралысымен қази етіп сайлайды. Ол өзіне сеніп тапсырылған міндетті абыроймен атқара білді. Осы жылдары көптеген шетелдерде болып, әлемнің ислам орталықтарында кездесулер өткізді. Қазақстанның дінбасшысы ретінде шетел басшыларын қабылдау рәсімдеріне қатысты. 1974 жылы Индонезия мемлекетінің премьер-министрін қарсы алып, екі ел арасындағы діни жағдайды талқылайды. Ал, 1977 жылы Мәскеуге хат жолдап, қазақтар өз балаларына діни білім үйретуге болады деген рұқсат алды.
Саналы ғұмырын дін жолына арнаған Жақия қажы 1979 жылы Көкшетау қалалық мешітінің бас имамы болды. Келесі жылы екінші рет қажылыққа барып келді. 1985-1990 жылдары Алматыға мұсылман мемлекеттерінен келетін меймандарды қарсы алу кезінде аудармашы болды. Ғұлама 1990 жылы Көкшетау қалалық мешітінің бас имамдығына қайтып оралды. Осы жылы облыс әкімшілігінің басшысы Кәріпжан Жәнібековпен кездесіп, орталық мешітті күрделі жөндеуден өткізуге рұқсат алады. Кеңестер заманында бұл ғимарат қойма, әскери база, мұражай, көрме залы ретінде пайдаланылған екен. Іргетасы сонау шамамен 1903 жылы қаланған құлшылық ордасы сол кездегі ел ағаларының және Жақия қажы Бейсенбайұлының еңбегінің арқасында қалпына келтірілген еді. Өмірінің соңына дейін осы мешітте бас имам болды. 1907 жылы дүние салған марқұмның денесі Көкшетау қаласының зиратына жерленген. Тағдырдың тәлкегін жастайынан ерте көріп, ерте есейген, жемісті еңбек етіп, елі мен жерін шексіз сүйген біртуар азамат қаншама қазақтың баласын діни жолға салып, ұстаз деген ұлы есімге лайық өмір сүрді. Еліміздің руханиятында өшпес із қалдырған оның бұл еңбегіне өз бағасы берілді. 2015 жылы заман талабына сай қайта жабдықталған аталмыш мешітке Жақия қажы Бейсенбайұлының есімі беріліп, ескерткіш тақта қойылды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар