Халыққа тиімді әрі қолжетімді

Медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асырудың нәтижесінде 2025 жылға дейін Қазақстанда бағасы қымбат медициналық қызметтер көлемінің қарапайым халыққа қолжетімді бола түсуі 42 пайызға ұлғаяды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақмола облысы бойынша филиалының басшысы Әлия Жүсіпова мәлімдеді.

2020 жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілгені белгілі. Жүйенің негізгі мақсаты халықтың денсаулығын сақтау және аурудың алдын алу болып табылады. Осы ретте, қазақстандықтар медициналық қызметті екі пакет бойынша алады. Атап айтсақ, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі барлық азаматтарға қолжетімді. Ал, екінші пакет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру деп аталады.
–Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі артықшылығы – әлеуметтік әлжуаз халықтың басым бөлігін мемлекеттің өз қамқорлығына алуы. Бұл дегеніміз, халықтың шамамен 60 пайызы кепілдендірілген медициналық қызметпен қамтылған. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардың барлығы жарна мөлшеріне қарамастан медициналық қызметті тең дәрежеде ала алады. Біздің облысымызда әлеуметтік аз қамтылған тұрғындардың саны 56,4 пайызды құрайды, – деген Әлия Жүсіпова «Азаматтарға не себепті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді деген сауал төңірегінде әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, пациент ай сайын қорға ақша аудара отырып, дәрігердің нұсқау қағазымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қажетті медициналық қызметтің бәрін ала алады.
–Медициналық қызметтің бағасын алып қарайтын болсақ, қазіргі таңда дәрігерге қаралу 3 мың теңгені, гармондардың анализі шамамен 5 мың теңгені құраса, МРТ зерттеу орта есеппен 18 мың теңгеден, КТ-зерттеу 13 мың теңгеден асады. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қатысушылары үшін мұның барлығы қолжетімді. Қымбат тұратын оталарды да сақтандыру аясында жасатуға болады. Міне, тұрғындар үшін жүйенің тиімділігі осыдан-ақ көрінуде. Дегенмен, аталған медициналық қызметтер дәрігердің нұсқауы бойынша көрсетілетінін атап өткен жөн. Тағы бір мысал, Қазақстандағы емханаларда жүректі аортокоронарлы шунттау отасының құны шамамен 10 мың доллар болса, бұл ота Еуропа елдерінде – 50 мың еуро, АҚШ-та 100 мың доллар тұрады. Ал, Қазақстандағы медициналық сақтандыру жүйесіне төленетін жылдық жарна 72 мың теңгеден аспайды, – деді филиал басшысы.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының халқы 736 297 адамды құраса, оның 679 649-ы, яғни, 92,3 пайызы медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылады. Осылардың ішінде 415 179 адамға сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. 2021 жылы қор филиалы 50 денсаулық сақтау мекемесімен келісім-шартқа отырған. Оның 31-і мемлекеттік, 19-ы жекеменшік мекемелер болып табылады. Жалпы сомасы 68,26 миллиард теңгеге келісім-шарт жасалған. Оның 44,0 миллиард теңгесі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, 26,24 миллиард теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында дәрігерлерлік көмекке бағытталуы тиіс. Брифинг барысында филиал басшысы медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру барысында Қазақстанда бағасы қымбат медициналық қызметтер көлемі 2025 жылға дейін 42 пайызға ұлғайып, қарапайым халыққа қолжетімді бола түсетінін атап өтті.
Сондай-ақ, Әлия Жүсіпова коронавирустан және коронавирустық пневмониядан емделген науқастар сақтандыру аясында оңалтудан өте алатынын хабарлады. Сақтандыру жүйесі қолданысқа енгелі 2020 жылы медициналық оңалтуға жұмсалатын қаржы көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 4,6 есеге өскен. Оңалту қызметтерін көрсету үшін биыл қор облысымыздағы 26 дәрігерлік ұйыммен келісім-шарт жасасқан. Бұл өткен жылмен салыстырған 7 ұйымға көп. 2021 жылдың алты айы ішінде тәуліктік стационарларда 743 пациент коронавирустан кейінгі оңалтудан өткен.\

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар