Жүз жасаған Өтеп ата

Өтеп Итемгенов 1917 жылғы маусым айының 15-ші жұлдызында Көкшетау облысының Теңдік ауылында дүниеге келген. Өтеп атамыз көп балалы отбасынан шыққан болатын. Ұлы Отан соғысының бел ортасында болып, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосқандардың бірі еді. Омырауы орден-медальдарға толы болатын. Атап айтсақ, бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалі, мерейтойлық медальдар мен «Еңбек ардагері» медалінің иегері әрі ауыр жарақатына байланысты 2-ші топтағы мүгедек еді.

Соғыс ардагерлері жылдан-жылға сиреп, ақыры, бірен-сараны ғана қалды. Сол қиян-кескі соғыстың, отты жылдардың куәсі болған Өтеп Итемгенов атамыз туралы да қолға қалам алмасқа болмады. Әкеміз Шәмшетденнің туған нағашысы болып келетін бұл кісі 2014 жылы тоқсанның тоғызынан аса бергенде дүние салды. Өзінің көзі тірісінде жазып қалдырып кеткен мынадай сөздері бар.
«Туған елім Теңдік ауылынан 1939 жылдың желтоқсан айында міндетті әскери борышымды өтеуге аттандым.

Біз отырған эшалон батыс жақты бетке алды. Содан не керек, жұмалап жол жүріп, жаңа жыл қарсаңында Украинаның Чернигов облысының Ниженка қаласына табан тіредік. Осы жерде әскери қызметім басталып, 1940 жылдың маусым айына дейін әскери дайындықтан өттік. Әскери қызметтің қыр-сырын бір кісідей меңгергеннен кейін Пенза қаласындағы ерекше коменданттық полктың алты айлық мектебіне оқуға жіберді. Содан оқу біткен соң сержант атанып, дивизиямызға қайта оралып, енді өзіміз әскер қатарына жаңадан келгендерге білгенімізді үйретуге кірістік.

Осы кезде Германия жақтан КСРО-ға соғыс қаупінің бары туралы әскерилер арасында әңгімелер айтыла бастады. Сол сұрапыл соғыс өрті елімізге төнгенде, неге екені белгісіз, біздің 40-шы дивизияны Кеңес елінің басқа тұсына, Томск қаласына әкеліп орналастырды. Міне, осы қалада 1942 жылдың сәуір айының соңына дейін резервте тұрдық. Ал, мамыр айының алғашқы күндері сұм соғыстың да дәмін таттық. Алғашқы айқасқа араласуым Орлов қаласының түбінде болды. Жанталасып алға ентелей ұмтылған жауға №111 атқыштар полкінің жауынгерлері ерлікпен қарсы тұра білді. Бораған қалың оқтың астында жүрген біздерде «тірі қаламыз» деген ой болмады. Бір ай дегенде «Костер» деген жерді немістерден тазарттық. Сөйтіп соғыс тарихындағы қиян-кескі ұрыстармен есте қалған Курск иініне жол аштық. Жүрексінген алғашқы ұрыстан кейін де талай қырғынды бастан кешірдік. Воронеж қаласы үшін шайқаста қолымнан ауыр жараландым.

Көз алдымда талай азаматтар оққа ұшып, ажал құшып жатты. Жарамды таңып алып, қайтадан ұрысқа араластым. Бірақ, қиян-кескі шабуылдың бірінде белімнен, сосын аяғымнан жарақат алып қалдым. Әйтеуір не керек, талай госпитальда ем қабылдап, 1943 жылдың ақпанында әскери медкомиссияның шешімімен туған елге оралдым. Соғыстан кейін еңбекке араласып, бір жылдай есепші болдым. Осы елде Ұлту атты асыл жарымды кездестіріп, отбасын құрдым. Кейін көрші «Приишим» колхозында хатшы, одан әрі ауылнай қызметін атқардым. Өзімнің туған елім Теңдік ауылында жылқы басы мыңға дейін болды, төрт түлігі сай, өте ауқатты шаруашылық болатын.

Сол елде зейнеткерлікке шығар алдында мал да бақтым. Ал, соңғы жылдары ел аман, жұрт тынышта жағдайымыз ауырлай бастады. 2005 жылы аяғымның жарасы ашылып, содан үйде жата-жата ауруым асқынып, іс насырға шабуға айналды. Амал қанша, шыбын жанымды қоярға жер таппаған соң қызымызды арқаланып, Көкшетау қаласына қоныс аудардық. Бір ұлым бар еді, көз жазып қалдық, тағдырдың жазуы шығар. Аллаға шүкір екі қызым бар. Күләш атты қызым Көкшетау қаласында, екіншісі Гүлнәр атты қызым Новоишим ауылында өздерінің отбастарымен ұрпақ сүйіп, біреуден ілгері, біреуден кейін тұрып жатыр» депті.

Шын көңілінен ақтарған жан сырында қанша мән-мағына жатыр. Жазуы қарапайым болса да, өмір шындығы, соғыста көрген көп бейнеті, табандылығы мен Алланың бергеніне шүкіршілігі мен мұндалайды. Ғибратты ғұмыр иесі – менің нағашы атам осындай адам еді.
Сол бір отты жылдардың куәсі болған нағашы атамыз ұзақ уақыт бойы елде сауыншы болып істеген, әрі техника тілін меңгеріп, комбайншы да атанған Ұлту әжемізбен жұптары жазылмай, бір шаңырақ астында баянды ғұмыр кешті. Сондықтан да, өз заманының ерлері атанған асыл жандардың ғибратты ғұмыры ұрпақтар үшін мәңгілік үлгі болып, есте қалары анық.

Ринат ШҰҒАЙЫПОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар