Кітап оқу адамға не береді?..

Біздің бала кезімізде, яғни, өткен ғасырдың 60-70 жылдарында қазіргідей теледидар, смартфон, интернет деген жоқ еді. Содан болар балалар жаппай кітап оқитын. Өз басым мектептің және ауылдың кітапханасына жазылып, аптасына 4-5 кітап оқып тастайтынмын. Кітап менің өміріме, болашағыма өте үлкен әсерін тигізді. Осы күнге дейін сол кезде оқыған кітаптарымның игі ықпалын үнемі сезініп жүремін.

Биіктерге бастайтын арман-қиял

Адам баласының хайуандардан ең басты айырмасы – армандай алатынында. Ақыл, сезім хайуанда да бар. Хайуан да баласын жақсы көреді, қорқыныш, қуаныш сезімдерін сездіре алады. Бірақ хайуан армандай алмайды. Сондықтан да, төрт аяқтылар мың, миллион жылдар бойы бұрынғысынша сол хайуан деңгейінде өзгеріссіз қалады.

Адамның алға жылжуы, дамуы  оның бойындағы жалғыз ерекшелік  – армандай алуына байланысты екендігі анық. Арман-қиял адамды биіктерге бастайды. Ол армандау арқылы сол өмір сүру деңгейінен гөрі, биік деңгейде тұрмыс құруға ұмтылады. Мысалы, осыдан екі ғасырдай бұрын өмір сүрген француздың қиялгер жазушысы Жюль Верннің Айға саяхат жайындағы кітабы бар.

Онда зеңбірек ядросына отырған адам атылған оқпен Айға ұшып барады. Француз жазушысының екі ғасыр бұрынғы қияли шығармасы өткен ғасырда нақты жүзеге асып, адамдар Айға сапар шекті. Басқамен емес, ядролық двигателі бар жер серігімен, яғни, фрацуз жазушысы айтқандай атылған оқпен. Осылайша екі ғасыр бұрынғы адамзаттың арманы бір ғасырдан кейін нақты өмірде жүзеге асты.

Кітап оқымасаң ой тоқырайды

Адамды биіктерге жетелейтін арман-қиялға кітаптың қандай қатысы бар дерсіз. Тікелей қатысы бар және адамның арманын асқақтатуға кітап нақты әсерін тигізеді. Бұл қалай жүзеге асады? Енді осыған кеңірек тоқтала кетейік.

Кез-келген кітаптың сюжеті, яғни, мазмұны нақты өмірден алынғанымен, оқиға желісі жазушының арман-қиялымен өріліп, оқырманды тарту үшін қызықты, шытырман оқиғалармен астаса баяндалады. Атақты американ жазушысы Джек Лондон айтқандай, жазушы болу үшін өмірді жақсы білу, тіл байлығы мол болумен қатар, өз философиясы, яғни, өмірге деген жеке көзқарасы болуы шарт.

Кез-келген кітапта оқиға жалаң баяндалып қана қоймай, жамандық пен жақсылықтың, зұлымдық пен қайырымдылықтың күресі түрінде әңгімеленеді және әрдайым жақсылық жамандықты жеңіп отырады. Яғни, кітап оқыған адам жақсылықтың түптің түбінде жеңетінін, зұлымдықтың жеңіліске ұшырап, өкініште қалатынын санасына сіңіреді. Осылайша кітап адамды тәрбиелейді.

Кино мен кітаптың үлкен айырмашылығы бар. Кино нақты көріністермен, адамның әрекеттерімен адам санасын өзі таңған шектен шығармай тар ауқымда ұстайды. Кино көрген адам сонда баяндалған табиғат көріністерін, адам бейнесін дәл сол шеңберде ғана қабылдайды. Ал, кітапта олай емес. Кітапта табиғат көріністері, адамдардың сыртқы бейнесі, мінез-құлқы сөзбен баяндалады да, оқырман табиғат көркін, адамның бейнесін санасында қиялымен өзі сомдауы тиіс болады. Яғни, кітап адамның арман-қиялына жол ашады. Осыдан көретініміз: кино адам санасын шектеп, белгілі бір тар шеңберден шығармай ұстаса, кітап адам санасын шексіздікке ұмтылдырып, қиял көкжиегін барынша кеңітеді.

Бала кезімде Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары» деген кітабын оқыдым. Өте тартымды, шытырман оқиғалы кітапты бас алмай оқыған мен кейіпкерлермен бірге әлемнің бірнеше құрлығын саяхаттап қайтқандай тамаша әсерге бөлендім. Ал, кейінірек сол кітапты экрандаған сериалды көрдім. Сериал жақсы түсірілген, бірақ кітап сияқты емес, сана көкжиегін шектеп, тар шеңберде ұстағандықтан ба, өте қарабайыр көрінді.

Егер сіз кітап оқымасаңыз, онда ӨМІРДІҢ ЕҢ ҮЛКЕН ҚЫЗЫҒЫНАН құр қалдым деп санаңыз. Өйткені, кітап оқу арқылы алатын қиял ғажайып сезімді сіз ешқандай құралдың көмегімен ала алмайсыз. Кітап сіздің сана көкжиегіңізді кеңейтіп, қиял әлеміне саяхаттатады, өмірде биіктерге жетуге құлшындырады. Сондықтан, кітап оқитын адам мен оқымайтын адамның арасында аспан мен жердей үлкен айырмашылық болады. Өмірдің қызығынан құр қалғыңыз келмесе, болашақта биіктерге жетіп, үнемі алға жылжумен бақытты тірлік кешкіңіз келсе, кітап оқыңыз. Мейлі, қандай кітап болсын: детектив, фантасика,  классиктердің еңбектері ме – бәрібір. Кітапты дос етсеңіз, ол сіздің өміріңізді өзгертеді, биік мақсаттарға жетуге құлшындырады.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар