Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жауапкершілік пен бақылау бар болса, нәтиже де болады - АРҚА АЖАРЫ

Жауапкершілік пен бақылау бар болса, нәтиже де болады

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Сандықтау және Атбасар аудандарында болып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және биылғы жылы қолға алынып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысының жұмыс сапары кезінде Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Мұрат Балпан бірге болды.

Сандықтау

Өңір басшысы Ермек Маржықпаев ауданға жұмыс сапарын Балкашино селосында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан екі 36 және бір 45 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болудан бастады. 2020 жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстарының мердігері – «Қазбайлық-Астана» серіктестігі. Аудан әкімінің айтуынша, 36 пәтерлік екі үйдің сметалық құны 637 миллион теңгені құраса, 45 пәтерлік үйге 351,5 миллион теңге қажет.

– Құрылыс басталғалы облыстық бюджеттен 56,7 миллион теңге және республикалық бюджеттен 377 миллион теңге қаржы бөлініп, ол іргетасын қалауға дайындық жұмыстарын жүргізуге жұмсалды. Қазір іргетас блоктарын монтаждаудамыз. Материалдарды Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарынан тасымалдап, алып жатырмыз. Жеткізілуіне уақыт көп кетеді, себебі облыс зауыттары қажетті өнімді шығарып үлгермейді, – деді мердігер Бауыржан Мәлгаждаров. Бұл орайда, аймақ басшысы аудан әкімінен Балкашино кірпіш зауытының қашан іске қосылатын сұрап білді. Ауданда материал шығаратын мекемелер болса, құрылыс қарқынының үздіксіз жүруіне септігін тигізетінін айтты. Аудан басшысының айтуынша, кірпіш зауыты жуық арада ашылып, тәулігіне 20 мың дана кірпіш шығармақшы екен.

Бұдан кейін облыс әкімі болған балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының іргетасы 1975 жылы қаланған. 40 оқушыға ғана шақталған ғимаратта бүгінде 127 жасөспірім қосымша білім алуда. Орталық директоры Лариса Еремина жаңа ғимараттың құрылысына қаржы бөлу қажеттігін жеткізді және оған оң жауабын алды. Облыс әкімі балалар музыка мектебі мен аталмыш орталыққа бір үлкен жаңа ғимарат салуға қазынадан 124 миллион теңге қаржы бөлгізетіндігіне уәде берді. Бұл орайда, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Николай Деобольд стадион салу жоспары жайлы айтты. Облыс әкімі бұған:

–400 миллион теңгеге қандай стадион салынады?! Бюджетте ақша бар деп, кез-келген жобаға қыруар қаржыны мақсатсыз бере алмаймыз. Егер әрбір аудан осылай бір стадионға көлемді қаржы сұраса, облыста не бюджет қалады? Жастарға стадион керек екендігін жақсы түсінеміз, бірақ, жобаға түзетулер енгізіп, сомасын қысқартсаңыздар ғана ақша бөлеміз, –дегеннен кейін бөлім жобаға 220 миллион теңгеге дейін түзету енгізетіндіктерін жеткізді.

Балкашино селосының орталық алаңының абаттандырудан кейінгі жағдайымен жан-жақты танысқан аймақ басшысы бұдан әрі Петровка-Мариновка селоларының автожолдарында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын барып қарады. Облыстық және републикалық маңызы бар бұл жолдарға Үкіметтен 1 447 миллион теңге қаржы бөлінген екен.

Ауданның Новоромановка селосында су құбырлары желілерінің құрылысы қолға алыныпты. Жергілікті бюджеттен жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 2,9 миллион теңге қарастырылып, «Байсын А» мердігер серіктестікпен 147,9 миллион теңгеге келісім-шарт жасалыпты. Әзірге жұмыстар серіктестік қаржысы есебінен жүргізілуде. Облыс басшысы қажетті қаржының алдағы уақытта бөлінетіндігін, әзірге күте тұру қажеттігін ескертті. Бұған дейін елді мекен тұрғындары ауыз суды тасып ішкен екен, енді алдағы жылы жоба аяқталған соң, су әрбір үйге дейін келетін болады.

Сапар барысында аймақ басшысы осы ауылдағы өз қаржысы есебінен ашылған, бүгінде 6 түрлі сүт өнімін шығаратын «Нұрлы абат», «Сандықтау Агро» серіктестіктерінде болды. Серіктестіктердің екіншісі бидайды қабылдау, сақтау және кептіру бойынша өндірістік база құру мақсатындағы инвестициялық жобаны іске асыруда. Облыс әкімі бұл жобаның аграрлық аймақ үшін маңыздылығын айтып, серіктестік басшыларына ризашылығын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.

Бұдан әрі жұмыс сапары Каменка ауылында жалғасты. Мұнда «Каменка Д» серіктестігі биыл 1,5 миллиард теңгенің инвестициялық жобасын бастапты. Олар да бидайды қабылдау, сақтау және кептіру бойынша өндірістік база ашып, қуаты 18 мың тоннаны қамтитын диірмен салмақшы. Серіктестіктің қарамағында 24 мың гектар жер бар. Соның 2 мың гектардан астамына бидай егіледі.

1998 жылы негізі қаланған серіктестікте бүгінде 31 комбайн, 56 трактор бар екен. Шаруашылық осы ауыл-аймақтың 160-тан астам адамын жұмыспен қамтып, Каменка орта мектебіне де көмектесіп, елді мекеннің жағдайын жасауда. Еңбеккерлердің орташа еңбекақысы 160 мың теңге. Сапарының соңында Ермек Маржықпаев ауданда қолға алынған жобалардың маңыздылығы мен тұрғындардың өмір сүру жағдайының жақсарып жатқандығын атап өтіп, құрылыс, өндіріс, агробизнес саласының қарқыны дамып келе жатқандығына оң бағасын берді.

Атбасар

Аймақ басшысы мұндағы жұмыс сапарын медицина қызметкерлері үшін салынып жатқан тұрғын үйдің жай-жапсарын көруден бастады. Бұрынғы қан орталығы болған ғимаратты реконструкциялап, қайта салу үшін қазынадан 183,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Мердігері – «SCS Инжиниринг» серіктестігі. Қазіргі уақытта жұмыстың 70 пайызы аяқталыпты, құрылыс қарашада тапсырылады. Облыс әкімі ғимаратты тұрғын үйге бейімдеп, қайта салу жөніндегі шешімнің тиімділігін айтып, қаржының да үнемді жұмсалатынына назар аударды және жылыту маусымына дейін тапсыруды ұсынды. 25 пәтерлі тұрғын үй ауданда жетіспей отырған медицина мамандарына арналған. Бүгінде ауданға медицина саласының 26 маманы қажет.

Атбасар қаласының С.Сейфуллин және Жеңіс көшелеріндегі жолдардың жөндеу жұмыстарымен танысқан соң, аймақ басшысы №1 орта мектепке барды. Білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Семейлік «ГидроСтройМонтаж» серіктестігінің өкілдері жұмысты желтоқсан айында аяқтайтындығын жеткізді. Білім сапасы мен оқушылар санын, кадрлық құрамын сұрап білген облыс әкімі аудандық білім бөлімі мен мектеп директорына қыркүйекте балалардың сабағына нұқсан келмеуін қадағалауды тапсырды.

Аудан орталығының №1 шағын ауданында халықты баспанамен қамту үшін екі 100 пәтерлі үйлер тұрғызылмақшы. Құрылыс алаңына барған облыс әкімі бұл нысанның Үкіметтен қыруар қаржы бөлініп жатса да, әлі іргетасы қаланбағаны үшін мердігерлерді қатты сынға алды. Желтоқсан айында біреуі пайдалануға берілуі тиіс нысанның әлі салынатын орны да дұрыс қазылмаған.

–5 айда көп пәтерлі үйді қалай салып бітіресіздер? Асығыс-үсігісте оның сапасына кім кепілдік береді? Тіпті, алаңда бір де бір құрылыс материалы жоқ. Қаржыны алып, кейін жұмысты аяқсыз қалдырып, кетіп қалушы болмаңыздар. Осындай ірі конкурстарға қатысып, тендерді ұтып аласыздар, бірақ жұмыстарыңыз көңіл көншітпейді,–дей келе, облыс әкімі серіктестік басшыларына бір айдан кейін аталмыш алаңға қайта келетіндігін ескертті. Айта кетсек, жоба бойынша республика бюджетінен алғашқы үйге 1,1 миллиард теңге, екіншісіне 1,3 миллиард теңге бөлінген екен.

Сонымен бірге, сапар барысында аймақ басшысы Атбасарда салынып жатқан тағы екі 45 пәтерлі тұрғын үйлердің салыну барысын тексерді. Жоғарыда атап өткеніміздей, аудан орталығында соңғы бес жылда тұрғын үй салу жағы жақсы жолға қойылған. Қызыл судың салдарынан үйлері суға кеткен қаншама тұрғынға баспана берілді. Осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген көп пәтерлі үйлердің маңындағы жолдар да ретке келтірілуде. Бұл орайда, қала тұрғындары аймақ басшысына ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде Ермек Боранбайұлы тұрғындардың денсаулығына назар аударып, коронавирусқа қарсы вакцина алу қажеттігін айтты.

Қала іргесіндегі Степной кентінде таза су резервуары мен сусорғы стансасы салынып жатыр. Ағымдағы жылдың қараша айында тапсырылатын жоба құны 269,8 миллион теңге. Әзірге облыстық бюджеттен оған 1 миллион теңге ғана бөлініп, серіктестік өз қаржысын пайдалануда.

Облыс әкімі «Байсын А» серіктестігінің басшысы Ж.Қалмағамбетовке әзірше нысанды сала берулерін өтініп, алдағы арада бюджетті қайта жоспарлаған соң, қажетті қаржыны аударатындығына сөз берді. Бұдан әрі Шуйское селосындағы су құбыры желісін қайта салу жұмысын сын көзінен өткізу кезінде мердігер компания – «Еңбек» серіктестігіне нысанды сапалы аяқтау талап етілді. Үш жылдан бері мердігерлері бірнеше мәрте ауысқан су құбыры желілері мен құрылысына биыл республикалық бюджеттен 54 миллион теңге, облыстық бюджеттен 38 миллион теңге бағытталған.

Аталмыш селоның дамуына, халқының жұмыспен қамтылып, әлеуметтік жағдайларының жақсаруына септігін тигізіп отырған «Шуйское ХХІ» серіктестігін Алтынбек Құрманқұлов басқарады. Серіктестіктің негізі 2002 жылы қаланған. Мұндағы тауарлы-сүт фермасында 8 база, жемшөп цехы, сүт блогы, жайылым алаңы және тағы да басқа қажетті нысандар бар. Серіктестікте 766 мал басының 304-і ірі қара мал болса, соның 161-і сауын сиырлар екен. 6 айда 1300 тонна сүт өндірілген.

Алынған өнімді серіктестік Зеренді ауданының «Милк Прод-жект» серіктестігіне өткізеді. Алдағы уақытта тауарлы-сүт фермасын кеңейтіп, сауын сиырлар санын 300-ге дейін көбейту жоспарланған. Серіктестік ауылішілік жолдарды ретке келтіріп, жақсартып қойыпты. Сондай-ақ, биыл өз қаржысы есебінен елді мекен тұрғындарына арнап спорттық кешен салуда. 6 жаңа үйді агроном, ветеринар тәрізді мамандарға бермекші. Әр ауылда осындай қара халықтың жайын ойлайтын басшылар болса, нұр үстіне нұр болар еді деген ой түйдік.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар