Әкім – іс үстінде
«Болашақ» сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл жиынға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан қатысты.
Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және қолайлы іскерлік климат қалыптастыру мәселелері талқыланған бұл кездесуге аудандар мен қалалардың әкімдері, кәсіпорындардың жетекшілері, инвесторлар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де шақырылыпты. Жиынды ашып, төрағалық еткен облыс әкімі өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласындағы жетістіктер мен алға қойылған міндеттер жайында тоқталып өтті. Кәсіпкерлерге өңір экономикасының өсуін жеделдету үшін қажетті нақты ұсыныс, бастама және ой-пікірлерімен ашық бөлісуді ұсынды. Ол облыста кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту үшін бірқатар заңнамалық бастамалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жұмысқа қаржы институттары, даму ұйымдары, бизнес өкілдері мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе қатысып жатқаны ерекше айтылды.
– Бүгінгі бизнес қауымдастығымен өтіп жатқан кездесу өңір дамуының жаңа серпін алуына ықпал етеді деп сенемін. Ел Президенті Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда атап өткеніндей, мемлекет бизнесті қолдап келеді, әрі қарай қолдай береді. Бизнеске мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көптеген қолдаулар бар, әркім бірақ, заңға бағынуы керек. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру мен отандық өндірісті ынталандырудың маңызын атап өтті. Ақмола облысының ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру үшін өнеркәсіп саласының стратегиялық бағыттарын ең алдымен, өңдеу өнеркәсібін, машина жасауды және шикізатты тереңдетіп қайта өңдеуді дамытуымыз қажет. Былтыр өңірдің өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласының экономикаға қосқан үлесі зор болды. Соңғы жылдары өнеркәсіп өндірісі 6 есеге ұлғайып, облыс экономикасының үштен бірін құрап отыр. Бүгінде облыста 1300-ге жуық өндіріс жұмыс істеп, жыл сайын 2 триллион теңгеден астам сомаға өнім шығарады. Өңірдегі экономикалық белсенді халықтың үштен бірі дәл осы салада еңбек етеді, – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен бірге, ол бизнес қауымдастығына өз жұмыстарын алға ілгерілете отырып, мемлекет пен халық алдындағы жауапкершіліктерін ұмытпаулары қажеттігін ескертті.
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік көмектің ауқымы жылдан-жылға артып келеді. «Даму» қоры арқылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бөлінетін қаржы көлемі облыстық бюджет есебінен 2 миллиард теңгеге дейін жетті. Өткен жылы 681 жобаға 8,9 миллиард теңге субсидия беріліп, 258 жобаға 4,7 миллиард теңгеге кепілдік ұсынылды. Ақмола облысы еліміз бойынша жеңілдетілген несие беру жағынан көш басында. «Кең дала» және «Кең дала — 2» бағдарламалары аясында 664 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 100 миллиард теңгеден астам несие берілді.
Кездесуге қатысқан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков өз сөзінде Палата өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, инвестор тарту мен кәсіпкерлік ортаны дамыту бағытында жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, өңірлердегі кәсіпкерлік кеңестерінің жұмыстарын, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының маңыздылығын, оны облыс аумағында дамыту жайын айтып, түсіндірді.
– Әр өңірдің әлеуетіне сай инвесторлар іздейміз. Қазіргі таңда Палата жанынан инвестициялық штаб пен жедел әрекет ету орталығы құрылған. Мақсатымыз – бизнес пен мемлекет арасында тиімді байланыс орнатып, кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсету және олардың тұрақты дамуына жағдай жасау, – дей келе, Тимур Нақыпбеков өңірлерде құрылған осындай орталықтардың жұмысына тоқталды.
Бұдан әрі облыстың бас прокуроры Руфат Құттықов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан сөз сөйлеп, кәсіпкерлерге заңдылықтар мен тиісті нормативтік құжаттардың бұзылмауына назар аударуды, әрбір ісін заң шеңберінде орындауды ескертіп, заңдылықтарды сақтай отырып, жұмыс істеп тұрған бизнес өкілдеріне ешкім кедергі келтіре алмайтындығын айтты. Өздері басқарып отырған құқық қорғау органдарының қашанда өңірдегі бизнестің өрлеп, өркендеуі үшін қолдау көрсететіндіктерін атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өз баяндамасында Ақмола облысының инвестициялық әлеуетін таныстырды. Басым бағыттар ретінде агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп және туризм салалары атап өтілді. Ол кәсіпкерлер арасында жиі ұшырасатын өзекті мәселелерді шешу жолдарына тоқталып, нақты мысалдар келтірді.
–Біз үшін инвестиция тарту ғана емес, жобаларды бастан-аяқ сүйемелдеу де маңызды. Инфрақұрылым, энергетика, кадр даярлау және жер телімдерін беру мәселелерін дер кезінде шешу қажет. Сонда ғана бизнес өз идеяларын тиімді жүзеге асыра алады, – деді Ернар Жаркешов.
Сонымен қатар, ол 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс экономикасына барлық көздерден 87 миллиард теңге инвестиция түскенін, жалпы, жеке инвестициялар есебінен барлық салаларда 2,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын, шамамен, 280 миллиард теңгенің 221 жобасын іске асыру жоспарланғанын тілге тиек етті. Сол ірі жобалардың қатарында Көкшетау қаласында 630 орындық көпсалалы аурухана, тауарлы-сүт фермалары, Ақкөл қаласында Wyndham Residences Aqkol қонақ үй кешені, Қосшы қаласында сауықтыру орталығы мен емхана құрылысы бары атап өтілді.
Кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу мақсатында өңірде инвестициялық штаб пен үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Бұл құрылымдар жобаларды сүйемелдеп, инвесторларға барлық кезеңде қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында бизнес өкілдері өздерін алаңдатқан өзекті мәселелерді – мемлекеттік қолдау шараларының кейбір шарттарын жеңілдету, қаржыландыруға қолжетімділік, инфрақұрылымды дамыту және әкімшілік кедергілерді жою тақырыптары бойынша сауалдарын ортаға салып, осы мәселелер бойынша жан-жақты талқылау жүргізілді. Балалар туризмі, жазғы лагерьлерді ашу, аудандарда көлік жүргізу құқығын беретін арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілетін жеңілдетілген дизель отынымен жыл бойы қамту, егістік алқаптардағы сайғақтар мәселесі де жиында кеңінен қозғалды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі мемлекет пен бизнес ортақ мақсатқа ұмтылып, бір бағытта әрекет етуі қажеттігін айтты.
– Біздің міндет – бизнесті қорғау емес, оны қолдау. Мақсатымыз – бизнесті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру. Өндірісті жан-жақты қолдап, өңірімізді сапалы өнім өндіруші аймақ ретінде таныта білуіміз керек. Кәсіпкерлерге еркіндік пен даму мүмкіндігін беруіміз қажет, – деп түйіндеді өз сөзін Марат Ахметжанов.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

