Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қуаңшылыққа тап болсақ та, ырыздықтан үміт бар - АРҚА АЖАРЫ

Қуаңшылыққа тап болсақ та, ырыздықтан үміт бар

Көктемде ақмолалық диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен болатын. Оның 4,5 миллион гектары дәнді дақылдар. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда бұл тарапта көп-көрім өсім де бар. Дәнді дақылдар алқаптары 68,2 мың гектарға ұлғайды. Биыл гектар берекесі 8-10 центнерден айналады деген үміт бар.

Агротехникалық шаралар біршама тиянақты өткізілгенімен, қуаңшылыққа байланысты ел ішінде айтарлықтай алаңдаушылық туындап отыр. Өңірде мамыр-маусым айларында 13,1 және 19,1 миллиметр ылғал түсті. Жылдағыдан әлдеқайда кем. Бұрнағы жылдары осы кезге дейін шамамен 33-35 миллиметр жаңбыр жауып, жер мейірі қанып қалатын. Биылғы құрғақшылық жылы ылғал көлемі екі еседен астам аз болып тұр. Тек соңғы аптада ғана үміт тамшысы тамшылады. Онда да ала-құла. Мәселен, шілденің 15-і күні Бурабай ауданында – 17,4, Қорғалжын ауданында – 15,9, Ақкөл ауданында – 13,3, Аршалы мен Астрахан аудандарында – 12,1, Шортанды ауданында – 10,6 мм жаңбыр жауды.
–Егер алқаптағы астықтың жағдайы соңғы жауынның игі әсерінен сәл жақсаратын болса, биыл облыс бойынша гектар берекесі 8-10 центнерден айналуы әбден мүмкін, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Валерий Литовченко, – жауынның кеш жаууы кей аудандардағы астықты алқаптардың біркелкі көктеуіне мүмкіндік бермеді. Астықтың денінің сабағы қатып қалды.
Енді осы орайдағы егістік алқаптарда қалыптасып отырған жағдайды көңіл таразысына салып, саралап көрелік. Жері айтарлықтай құнарлы Зеренді ауданындағы егістік алқаптардың 60 проценті тәп-тәуір. Бурабайлық диқандарда да гектар берекесі биылғыдай қуаңшылық жылдың өзінде аз болмайды деген үміт бар. Ауданның астықты алқаптарының көктеуі тәуір. Жақсы егіннің көлемі 56,8 процентті құрап отыр. Орманды алқаптың санатындағы Сандықтаудың егістік алқаптарының тең жартысы, Астрахан ауданындағы егістіктің 40 проценті біршама бітік өсті деуге келеді. Бірақ, көңіл тоғайтып көктеген егін өңірдің барлық аудандарында бірдей емес. Бармақ тістетіп опындырар көріністің де орын алып отырғандығын айта кетпей болмайды. Атбасар ауданының егістік алқаптарының 14,6 проценті, Аршалы, Бұланды аудандарындағы танапқа сіңірілген дәннің 10 проценті көктемей қалды десе де боларлық. Егіні нашар аудан – Қорғалжын. Ондағы егістік алқаптың 69,2 проценті қанағаттанарлық деңгейде болса, 30 процентінде егін шықпай қалды.
Облыс бойынша 4562,7 мың гектар егістік алқаптың 1403,7 мың гектары немесе 30,8 проценті жақсы. 2793,9 мың гектары қанағаттанарлық деңгейде. 365 мың гектарында немесе 8 процентінде мүлде нашар.
–Солтүстіктің ауа райы құбылмалы екендігі ежелден белгілі, – дейді Жақсы ауданындағы «Виктор» шаруа қожалығының басшысы Вадим Витт, – демек біздің өңірдегі елдің ырыздығы ауа райына тәуелді. Ауыл шаруашылығымен айналысқан соң даланың үнін тыңдап, алқаптың сырын түсіне білу керек. Онсыз болмайды. Мәселен биылғы жылы қуаңшылық болатындығы көктем шығысымен белгілі болды. Алқаптағы топырақ мамырдың 20-сынан кейін ғана жылынды. Мен күніне екі рет барып топырақтың қалай жылынып келе жатқандығын бақылап тұрдым. Сол себепті егіс жұмысын бастауға асыққан жоқпын. Арамшөп мамырдың 20-сынан аса белгі берді. Көктемгі егісті сол кезде бастадым. Тұқымды 7 сантиметр тереңдікке сіңірдім. Алқаптағы көк өскін алғашқы қапырық ыстыққа ұрынбай, аман қалды. Кеш көктеген соң жауынға лекті. Ал, ерте және тайыз сепкендердің тұқымдары топырақтың астында жатып суыққа ұрынып, ауруға ұшырады. Қазіргі егіннің шығымдылығына қарап, кімнің дұрыс қимылдағандығын аңғаруға болады. Жалпы, менің түсінігімде ерте ексем деп жанталасатындар қолында қуатты техникасы жоқ диқандар. Олар өзгенің техникасын жалға алады да, әйтеуір міндетімнен құтылайын деген кісіше ерте егіп тастайды. Соның нәтижесінде қуаңшылыққа төтеп бере алмай отыр. Ендігі бір мәселе агротехникалық шараларды дұрыс жүргізу. Қуаңшылық болатындығын сезген соң қолымдағы өнімі аздау жергілікті тұқымды, қара малды түгел сатып жібердім де, бар қаржыны сүдігер жыртуға жұмсадым. Ылғалды да дер кезінде жабуға тырыстым. Әрине, әріптестерімді кінәлаудан аулақпын. Тек, еңбек еш болмауы үшін ауа райының қабағын көктемнен бастап қадағалаған дұрыс деген пікірімді айтқым келеді.
Тәжірибелі диқан Вадим Викторовичтің пікірінің жаны бар тәрізді. Зеренді ауданына қарасты «Асно Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агрономы Бауыржан Молдағалиевпен де тілдестік.
–Биылғы егіннің жайы мақтанарлық болмай тұр. Жалқының ғана емес, жалпының жайын айтсақ, мынандай көріністің қалыптасып отырғандығын тілге тиек етуге болады, – дейді Бауыржан Қайратұлы, –жыртылмаған жердің егіні жақсы. Оның себебі мынада, жыртылмаған жер болған соң ылғалды топырақтың бойында жақсы сақтап қалды. Ал, жыртылған жердің топырағы үлпілдеп тұрды да, құрамындағы ылғал аз уақыттың ішінде ұшып кетті. Мол астықтың негізін ылғал қалайды. Сондықтан, ылғалды уақытында және мұқият жапқан дұрыс. Диқан қауым парға қалдырылған жерден көп үміт күтетін болса, биыл сол пар алқаптарына егін нашар шықты. Көктемгі егіс уақыты келіп қалғанымен, топырақ кеш жылынды. Дән егу үшін топырақ 10 градусқа дейін жылынуы керек. Кейбіреулер тұқымды тереңірек сіңірген ұтады деп есептегенімен, терең егілген дән топырақ жылынбаған соң ұзақ уақыт бұғып жатады. Осы уақытта дәннің бойындағы ішкі энергиясы сарқылады, көктеп шығуы қиын болады. Ол көктеп шыққанша топырақтың бетіндегі ылғал кеуіп кетеді. Дегенмен әр жылы ауа райын бақылап, әртүрлі тәсіл қолданған дұрыс. Шетелдік тәжірибелерге қарағанда, американдық диқандар жерді жыртпай егу технологиясын қолданады. Соңғы жылдары қуаңшылық жиі орын алғандықтан, бәлкім бізге де осындай озық технологияны енгізген дұрыс болар. Өткен аптада жауын жауғанымен, астықтың сабағы қатып кетті.
Астық сабағының қатуы Біржан сал ауданында – 54,4, Астрахан ауданында – 40 процент деңгейінде. Қорғалжын, Шортанды аудандарында да жоғары. Мұндай көріністі Егіндікөл, Ерейментау, Ақкөл, Аршалы аудандарынан да байқауға болады. Демек бұл аудандарда үміт аздау.
Тұтастай алғанда ақмолалық диқандар қуаңшылық жылдың өзінде агротехникалық талаптарды қатаң сақтағандықтан, ел ырыздығының кемімейтініне сеніп отыр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар