Тұтынушылар құқының бұзыла беруі жақсылық емес

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Мақсат Сейітов 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы айтып берді.

Тұтынушылар құқын қорғау саласы жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі тұтынушылар өтінішін қарау, кеңес беру, тұтынушы дауын сотқа дейін және сотта қарауға көмек көрсету болып табылады.
–Бірінші жартыжылдықта департаментке тұтынушылар құқын қорғау мәселесі бойынша 287 өтініш түсті. Оның 51-і хат түрінде, 158 телефон және 30-ы телеграмм-бот арқылы хабарласты, 17 арыз бірыңғай ақпараттық жүйеге түсті. Жеке қабылдауға облыстың 31 тұрғыны келді. Барлық тұтынушылар өтінішінің 166-ына түсінік берілді. 101 өтініш толық қанағаттандырылып, тұтынушыларға 5,5 миллион теңге қайтарылды. Өз құқын қорғау барысында тұтынушылар өтініші мәселелерінің бірі – сауда орындарында сатушы, құқын қорғайтын өкілетті орган, сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің байланысы жөнінде ақпараттың жоқтығы. Негізінен тұтынушылар құқы аталмыш ақпараты жоқ шағын бутиктерде бұзылады.
Тұтынушылардың тауардың төленгені жөнінде құжат бермейтін сатушыға көңілі толмайды. Шағын және орта бизнестің субъектілеріне мораторий енгізілгендіктен, аталмыш тәртіп бұзушылықтар бойынша тексеру мен бақылау жүргізуге мүмкіндік болмай тұр. Осы және өзге де мәселелер қала әкімі орынбасарының, Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының және Ақмола облыстық қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен «Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының қоғамдық қабылдауында талқыланды. Нәтижесінде Көкшетау қаласындағы 11 ірі сауда үйінің иелері арасында тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі заңнама талаптарын түсіндіру бойынша кеңес өткізілді. Сондай-ақ, Ақмола облыстық тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі департаментке қарасты арнайы кеңес мүшелері кәсіпкердің, тұтынушылар құқын қорғау мәселесі жөніндегі мемлекеттік орган уәкілінің және сотқа дейінгі дауды реттеу субъектілерінің байланыс ақпаратын орналастыру нәтижесімен таныстыру мақсатында қаланың ірі сауда орындарын аралады. Көкшетау қаласының 11 ірі сауда үйіндегі тауар сататын орындарының барлығында ақпарат мемлекеттік және орыс тілінде ілініпті.
Сондай-ақ, департамент тұрғындардың құқықтық білімін дамыту бағытында көп еңбек етті. Тұтынушы құқын қорғау саласында қолданыстағы заңнаманың нормасын түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп, тұтынушылық дау туындаған кезде не істеу керегі жөнінде тұтынушыларға кеңес беріледі,–деген Мақсат Сейітов бұл бағытта жан-жақты жұмыс істелетінін айтты. Мәселен, БАҚ-да түсіндіру және ақпараттық сипаттағы 37 мақала жарық көріпті. Сондай-ақ, әлеуметтік желі бетіне 980 ақпараттық материал орналастырылыпты. Брифинг соңында облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы журналистер сауалына тұшымды жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар