Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұл жолы атыраулықтар ұлы дала жауһарларымен қуантты - АРҚА АЖАРЫ

Бұл жолы атыраулықтар ұлы дала жауһарларымен қуантты

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалі және «Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы» іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде облысымызға ат басын тіреген Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі ақмолалықтарға «Ұлы дала жауһары» экспозициялық көрмесін ұсынды.

Көрме Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде орналастырылды. Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз алған Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы аталуына орай келер жылдың мамыр айына дейін көптеген мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланғанын тілге тиек етіп, үстіміздегі жылы өңірімізде Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының музейлері келіп, көрме қойғанын айтты. Жерлестерімізді тарихтың тереңіне бойлатып, рухани азық сыйлау мақсатында келген атыраулық әріптестеріне алғыс хатын табыс етті. Өз кезегінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова көрмеге арнайы алып келген, қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер батыс өңірінің климаттық жағдайларына байланысты жақсы сақталып қалғанын айтып, бұл көрме ақмолалықтардың Сарматтар кезеңіне жататын қола қазан, әшекей бұйым, қару жарақтардың түпнұсқасын тамашалауға зор мүмкіндік екенін жеткізді.
–«Рухани қазына-2021» фестивалі шеңберінде мәдениет мекемелерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуы мақсатында негізгі іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Соған сәйкес, «Ұлы дала жауһары» экспозициясын алып келдік және Атырау облысы музейлерінің қорындағы археологиялық коллекциялар кітабының тұсаукесерін Көкше жерінде өткізуді жөн көрдік. Жалпы, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1939 жылы қаланған. Ресми түрде алғашқы көрерменін 231 жәдігермен 1940 жылы қабылдаса, бүгінгі күні музейде 96 мыңнан астам тарихи құндылықтар сақталған. Оның ішінде археологиялық зергерлік бұйымдар, ұлттық аспаптар, қару жарақтар, басқа да көптеген жәдігерлер бар. Ал, бұл экспозициялық көрмеге музей қорындағы Сарматтар кезеңінің, соның ішінде тек қана Атырау өңірінен табылып, реконструкциясы жасалған екі Алтын адамға қатысты ғана жәдігерлер әкелінді, – деді Рашида Харипова журналистерге берген сұхбатында.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында біздің ата-бабаларымыздың өз заманының ең озық технологияларына тікелей қатысы бар екендігі атап өтілді. Оған Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталған Сарматтар кезеңінің 277 жәдігері, атап айтқанда Атырау облысының аумағынан табылған әлемде теңдесі жоқ қола қазандар, қыш ыдыстар, қару-жарақ түрлері және «Сармат көсемі» мен «Ұлы дала жауһары» реконструкциясынан тұратын «Ұлы дала жауһары» экспозициясы дәлел бола алады.
1999 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан экспедициясы Атырау облысында орналасқан Аралтөбе қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Сарматтар кезеңіне жататын Аралтөбе қорғанынан үш зират қазылып, оның алғашқысынан адамдардың қаңқалары мен олардың қолданған шыны моншақтары, жебе ұштарының сынықтары табылған. Екіншісінен басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш кездескен. Аталмыш ескерткіштің құндылығы да сол. Себебі, археологтардың айтуынша, бұған дейінгі сарматтар дәуірі ескерткіштерінен қылыш кездеспейтін, бірлі жарым қанжар немесе семсер ғана табылатын.
Қазылған үшінші зираттан тарихымыздың тереңдігін, түп тамырымыздың тектілігін дүние дидарына жария еткен Сармат көсемі табылған. Көшпелі сармат қоғамындағы жерлеу, салт-жоралары қағидаларына сәйкес ерекше құрметпен ер адам жанында әйел адам, олардың аяқ жағында екі жылқы және қыран құс қоса жерленген. Қорғаннан табылған сармат көсемінің бет-бейнесін бас сүйегі арқылы Ресей Ғылым Академиясы Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы антропология және этнология институтында Герасимов әдісі бойынша Е.В.Веселовская қалыпқа келтірген. Оны да көпшілік көрмеден тамашалай алады.
Сармат көсемінің киімі әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген, тіпті шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне дейін алтынмен апталып, әшекейленген. Қазба кезінде табылған барлық алтын бұйымдар 2016 жылы Алматы қаласында сынамадан өткізіліп, оның 759, 768, 784, 854, 916, 935, 952 пайызды сынамалы алтын екендігі дәлелденді дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.
Ал, көкшелік көрерменнің назарына ұсынылған «Сармат ханшайымы» экспозициясы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің археологтары 2017 жылы сол өлкедегі Миялы қорғандарға жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылыпты. Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар сынамадан өткізіліп, оның 71, 72, 73 пайызды сынамалы алтын екені анықталса, құлағындағы сырғасының 91 пайызы таза алтыннан жасалып, інжуден көз орнатылған. Алтай мен Атыраудың арасын мекен етіп, Батыс өңірінде кеңінен тараған сақ-сармат жауынгер әйелінің экспозициясына «Ұлы дала жауһары» деген атау берілген.
Айта кетейік, екі «Алтын адамның» да мүсінін қалпына келтірген Қазақстандық суретші рестовратор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қырым Алтынбеков. Ол шараның құрметті қонағы ретінде облыстық басқарма басшысы Айгүл Сәбитовамен бірге көрменің лентасын қиды. Сондай-ақ, шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, Миялы қорғандарына жүргізілген қазба жұмысының ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов қатысқанын айта кетуіміз керек.
Бұл күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы археологиялық коллекциялардың бес тілде жарық көрген ғылыми каталогы таныстырылып, қос облыстың музейі арасында шығармашылық әріптестікті жолға қою мақсатында меморандумға қол қойылды. Көрменің бір ерекшелігі оны атыраулық музей қызметкерлері емес, музей жанында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жас экскурсовод» үйірмесінің шәкірттері жүргізеді. Карантинге байланысты көрмені тамашалау үшін көпшілік «Ashyq» қосымшасы арқылы тегін кіреді. Көрме үстіміздегі айдың 29-ына дейін жалғасады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар