Өмірдің өзі – математика

Барлық өнердің музыкаға тартылғаны сияқты, барлық ғылым математикаға ұмтылады.
(Джордж Сантаяна).

Мектепте математика пәні – оқушылардың ойлау қабілетін дамытуда, өз бетінше ізденісін қалыптастыруда ерекше рөл атқаратын пәндердің бірі. Алайда, кейбір оқушылар оны тез игеріп кете алмайды. Сондықтан да, оқытудың түрлі әдістерін таңдап, оқушылардың ой-өрісін, сана-сезімін жан-жақты дамыту керек. Ол үшін ең алдымен пәнге деген қызығушылығын арттыру керек. Сол себептен, математиканың әрбір ұғымдарын күнделікті өмірмен байланыстыра отырып, тиімділігін дәлелдеуге тиіспіз.
Сабақтарды өмірмен байланыстырып жоспарлау, өтілген тақырыптарды қайталап пысықтауда және тарауды қорытындылауда тиімді болып табылады. Бұл сабақтарды өткізерде, өмірдегі оқиғалармен байланыстыруда оқушылардың жас ерекшелігін ескерген жөн.
Шәкірт математикалық пәндер бағытының арасында кең интегративті мүмкіншіліктерге математикалық логика ие болады, өйткені, жүйелі түрде ойлау, дәлелді ойлау, болжамдар жасау, жоққа шығарулар өздігінен келмейді. Бұл іскерлікті логика ғылымы дамытады. Сондықтан, әмбебап қолдануына, қызықтылығына байланысты математикаға нақты мысалдар қажет.
Мысалы «Пайыз» деген тақырыпты алсақ, ол ұғым қазіргі таңда кез-келген салаға өте қажет. Ол үшін әр саланы жіктеп, қалай қолданылатыны көрсетіледі. Бұл тұрғыда өз сыныбының үлгерім сапасын өткен оқу жылымен салыстыра отырып, сондай-ақ сыныпта спортқа бейім оқушылар қанша пайызды құрайды деген сұрақтарға жауап беру арқылы жақсы түсінік қалыптастыруға болады. Сондай-ақ, «Диаграмма» тақырыбын өткенде әрқайсысы өз жанұяларындағы адамдардың жасының, бойларының немесе киетін киім өлшемдерінің диаграммасын салып келуді тапсырамын. Сандардың арифметикалық ортасын табуды үйренгенде төмендегідей логикалық есеп қарастырдық. Футбол алаңындағы бір команданың ойыншыларының орташа жасы 29 жас. Бір ойыншыны ойыннан шеттеткеннен кейін қалған он ойыншының орташа жасы 30 жас болды. Шығып қалған ойыншының жасы нешеде екенін анықтайық (Жауабы:19).
Сол сияқты, «Аудандар» тақырыбында өз бөлмелеріне қанша орам түсқағаз керек екенін немесе еден қаптағыштан қанша шаршы метр қажет болатынын есептей алатындарына көз жеткізді.
Киім тігуде ең қажеттісі, адамның өлшемін дұрыс есептеп алу. Ол үшін тағы да математиканы білуіміз керек. Өлшем бірліктерінсіз тігін саласын елестете алмаймыз. Метр, сантиметр, миллиметр өлшем бірліктері дегенде метрді сантиметрге, сантиметрді миллиметрге айналдыруды білгеніміз абзал.
Біз өзіміз тұрған жерден кез-келген ауылға, қалаға бару үшін қолымызда атлас картасы болса жеткілікті. Математикадан масштабты білсек, баратын жеріміздің (нүктеміздің) неше километр қашықтықта орналасқанын өзіміз тауып аламыз. Тіпті, бұл үлкен кісілерге көп көмек болатыны сөзсіз.
Бөшкелерге су құю үшін, оның көлемін білу қажет. Онда математиканың саласы геометрияны да оқуымыз қажет екен.
Оқушылардың математикаға деген ынтасын күшейту үшін әр сабақтың 5 минутын математикалық ойындар мен фокустарға арнау да тиімді әдістердің бірі. Әсіресе, 5- 6 сыныптар үшін қызықты болған кейбір логикалық тапсырмаларды көрсете кетейік.
Мәселен, «Еселік» ойыны. 6-7 оқушы щеңбер жасай айнала тұрады. Бірден бастап санай береді 1,2,3,..4,5,… тек үшке бөлінетін сан кездескенде оны атамай «еселік» деп өту керек. Жаңылысқан бала ойыннан шығып қалады да, қалған балалар әрі қарай жалғастырады. Қателеспеген бала ойын соңында жеңіпаз атанады. Міне, осының бәрін ойлай келгенде, математика қай салаға болсын, өте қажет ғылым саласы. Математикасыз өмірді елестету қиын, яғни, өмірдің өзі математикасыз, есепсіз болмайтынын көрсетіп отыр. Математиканы күнделікті өмірдегі мазмұнды материалдармен байланыстыра отырып, оқытудың нәтижелілігіне, оқып үйренуге қажетті практикалық материалдардың игерілуіне ойдағыдай қол жеткізуімізге болады.
Кенішгүл Қисықбай,
Шағалалы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар