Интернеттегі алаяқтық

Телефоны шырылдай жөнелді. Онсыз да көңілсіз отырған Жаңылдың мына қоңырау әбден мазасын алғандай. «Араққа сылқия тойып алған шығар тағы» деді іштей. Бар ойы да, көңілі де күйеуінде. Ажырасып кетсе де, қимастық бар. Телефон да дегбірін қашырып, «ызыңдауын» қоймайды. Жүрек біреумен сөйлеуге құлықсыз. Әбден мазасын қашырған соң, селқос кейіппен телефон тұтқасын көтеріп, солғын дауыспен жауап берді.

Телефон тұтқасының әр жағынан белгісіз біреудің саңқылдап шыққан ақжарқын дауысы мұны елітіп әкеткендей.
– Сізге бәленбай компаниядан хабарласып тұрмыз. Жаңыл Бейсембайқызы, Сіз 200 доллар теңге көлемінде қаражат ұтып алдыңыз! Құттықтаймыз! Ақшаны аудару үшін мына нөмірге өзіңіз туралы деректерді смс арқылы жолдасаңыз болады.
Үнсіздік. Жаңыл не дерін білмей абдырап қалған. Қуанарын да, күлерін де, жыларын да, сенер-сенбесін де білмеді. Ой қорытып үлгермеді. Ізінше сырт етіп тағы бір смс келді. Шырылдап тағы бір белгісіз біреу хабарласып жатыр. Ол Жаңылдың бұдан әрі қандай нөмірге, нендей ақпарат жіберуі керектігі туралы айтты. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген емес пе?!. Қалай, кімге, не үшін өзі туралы ақпаратпен бөлісіп отырғанын білмейді. «Бәлкім тағдыр да маған оң көзімен қарай бастаған шығар»,– деді іштей қуанып. Бірақ, бұл қуанышты хабар кейін оның өмірін бұдан да сүреңсіз ететінін Жаңыл сезбеген еді. Айдалада ақша жата ма? Миллиондарды кім тегін үлестіреді дейсіз? Миллионды айтасыз белгісіз біреу Жаңылдың атынан онлайн несие рәсімдегенін ол кейін білді. Алаяқтар алдап соққан екен…
Иә, рас соңғы уақытта Жаңылдың басынан кешірген оқиға сияқты сантүрлі әңгімелерді жиі естіп жүрміз. Адамдардың сеніміне кіріп, арам пиғылмен қара басының пайдасы үшін жасалынып жатқан қылмыстар саны ұлғаюда. Мәселен, өткен жылдың өзінде елімізде интернеттік алаяқтық бойынша 14 мың қылмыс жасалынған екен. Биылғы қаңтар айының өзінде олардың саны 1700-ден асып түскен. Бұл ресми тіркелгені ғана. Ақмола облыстық полиция басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, біздің өңірде де соңғы уақытта интернет арқылы жүзеге асатын қылмыс саны артқан. Мамандардың айтуынша, озық технологияларды енгізу, цифрландыру арқылы алаяқтарға азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу оңай. Бұл күнде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін интернетке жіпсіз байланған, алаяқтар да соны біліп, ғаламторды торуылдайды. Ақмола облысында да аталған санаттағы қылмыстардың саны 62,6 пайызға көбейгені анықталып отыр. Олардың 70 пайыздан астамы интернет ресурстарын пайдалану арқылы жасалынған. Ақмола облыстық полиция департаментінде интернет алаяқтарымен күрес жөніндегі арнайы бөлім бар. Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыстарды ашу оңай-оспақ шаруа емес. Мәселен, өңірімізде тіркелген 750 қылмыстың 400-ден астамы ашылмаған.
Интернеттегі алаяқтықтың күрт өсуіне бірқатар факторлар әсер етті дейді мамандар. Бұл, ең алдымен, пандемия кезінде шектеу шараларының енгізілуіне байланысты болып отыр. Нәтижесінде азаматтар көптеген процестерді, соның ішінде банк операцияларын, құжаттарды рәсімдеуді, заттар мен өнімдерді сатып алуды онлайн режимінде жүргізуге көшті. Ақпараттық технологияларды жаппай енгізу алаяқтарға бақай есебін жүзеге асыруға жол ашқандай. Себебі, интернет-алаяқтықтың дамуында коммуникациялық технологиялар маңызды рөл атқарады. Қылмыскерлер танымал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланады, жалған хабарландырулар орналастырады сондай-ақ, жалған сайттар мен сауда интернет алаңдарын жасайды екен.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта адамдардың басым көпшілігі қаржы тапшылығына тап болуда. Оған себеп, азық-түлік, киім-кешектің бағасы өсіп кетті. Несиеден артылған ақша бүркуге де келмейтін болып қалды. Осыны пайдаланған алаяқтар, онсыз да тығырықтан шыға алмай жүрген қарапайым халықты алдап соғуда. Алаяқтардың шырмауынан шыға алмай қалған жандардың бірі – Гүлзат Ибрагимова. Ол «Қаржы пирамидасының» құрбаны.
– Мен инстаграмм әлеуметтік желісінен тез, әрі оңай ақша табудың жолдары деген хабарландыруды көрдім. Өзім ақша тапшылығынан жүдеп жүрген едім. Сөйттім де, сол адамдарға дайрекке маған ақпарат жіберіңізші деп жаздым. Ізінше маған біреулер хабарласып, телефон нөмірімді сұрады. Сәлден соң хабарласып, іші-бауырыма кіріп, ойын шартын түсіндірді. Сөйтсем «Қаржы пирамидасы» екен. 20 мың салсаңыз 100 мың аласыз деді. Барлығы да ашық, 24 сағаттың ішінде айналымнан өтіп, ақшаңызды екі еселеп көбейтіп аласыз деді олар. «Мен де дәл өзіңіздей соңғы тиынымды салып едім, екі айда баспаналы болдым. Міне, жуырда шет елге дем алуға барайын деп жатырмын» деп қызықтырды. Бір атап өтерлігі, ақшаны счетқа емес, телефон нөміріне бірлік ретінде салыңызшы деді. Ойымда түк жоқ, айтқанындай істедім. Содан бері 24 сағат емес, бір жыл өтті. Ізім-ғайым жоқ болды. Мені блокқа тастап, тайраңдап жүр. Полиция бөлімшесіне хабарласқан жоқпын. Шынымды айтсам, өзімнің ақылсыздығымнан, аңғалдығымнан болды ғой. Сол үшін ұялдым, – дейді Гүлзат ағынан жарылып.
Бұл да алаяқтықтың бір түрі. Біреу оны алдап кетсе де, соны айтуға ұялып жүретін тек қазақ халқы шығар. Көнбіс, қанағатшыл, тәубешіл ұрпақтың баласымыз ғой, бәріне де шыдамдылық танытамыз. Егерде алаяқтықтан жапа шеккендердің барлығы полицияға шағымданатын болса біз жоғарыда келтіріп өткен деректер бұдан да көп болар ма еді кім білсін…
Алаяқтық қылмысты ашу неге қиын? Мамандардың айтуынша, қылмыстық істі тергеу кезінде күдіктіге қатысты ақпарат АҚШ-тағы компанияларының хостингінде болады екен. Яғни, заңды органдар халықаралық тапсырма бойынша сұрау жібереді. Алайда, жіберілген өтініштерге жауап тез келе қоймайды. Осыған байланысты, кейде ақпарат алуға бір айдан астам уақыт кететін көрінеді. Сонымен қатар, қылмыскерлер абоненттік нөмірлерді жиі ауыстырады, жаңа бағдарламаларды, фейк аккаунттарды, басқа біреуге тіркелген төлем карталарын пайдаланады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ақша қаражаттарын қолма-қол ақшаға айналдыру және аудару арқылы өздерінің бас пайдасын жүзеге асырады.
Облыстық полиция департаменті іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында барлық қалалық криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлері қатарынан облыстық және аудандық бөлімшелерде тергеу-жедел топтарын құрып отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде аталған топтың қызметкерлері 22 күдікті адамды ұстады, оларға қатысты интернет-алаяқтық бойынша 106 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 56 факті Қазақстан Республикасы ҚК 217-бабына (қаржы пирамидасы) қайта сараланса керек. Алайда, әлі 400-ден астам қылмыс ашылмаған. 110 қылмыстық іс бойынша күдіктілер болған қылмыс орындары анықталып отыр. 36 факті бойынша күдіктілердің елден тыс жерлерде, яғни, Ресейде, Украинада, Тәжікстанда, Молдовада және АҚШ-та жүргені туралы нақты деректер анықталған. Мамандардың айтуынша, алаяқтықтың ең көп таралған түрі тауарларды интернет-дүкендерде немесе интернет-сауда алаңдарында сату туралы хабарландырулар орналастырумен байланысты екен. Әдетте, олар адамдарды өз өнімінің немесе ұсынылған қызметтің төмен бағасымен қызықтырады. Олардың бір бөлігі «ОLX» сияқты хабарландырулар жарияланатын платформаларда, екінші деңгейлі банктердің онлайн қосымшалары арқылы арам пиғылдарын пайдаланатын көрінеді. Сол себепті, алдағы уақытта белгісіз нөмір арқылы хабарласып, банк шоттары туралы мәліметтерді сұратқан алаяқтардан қарапайым халықтың сақ болғандары абзал.
Р.S. Сенімге селкеу түскен заман бұл. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Тұрады ол ішінен қулық сақтап…» деп хакім Абай айтпақшы, сақ болайықшы! Жымқырудың жолын тапқан алаяқтар құрған құрсауға түспейік. Сақтансаң, сақтайды ғой…
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар