Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел үміті ақталса игі - АРҚА АЖАРЫ

Ел үміті ақталса игі

Облыстағы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау ұйымшылдықпен өткізілуде.
Зеренді ауданына қарасты Шағалалы ауылындағы №507 учаскеге ауыл әкімдігінен үміткер ретінде Болат Дүйсенов, Қайрат Байдулин, Мұрат Нұрсәуле тәрізді азаматтар тіркелген екен.

Болат Дүйсенов бұған дейін де осы округтің әкімі қызметін атқарғандығын айта кетелік. Сайлау учаскесі ауылдағы ауыл шаруашылығы колледжінің ғимаратына орналасқан. Бірінші қабаттағы кең де жарық, келімді-кетімді кісілердің дауыс беруіне қолайлы бөлмеде сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Кәрімовты жолықтырдық. Сағат онға дейін 646 сайлаушының 59-ы дауыс беріп үлгеріпті.
–Сайлаушылардың белсенділігі төмен емес пе? – деп сұрадық біз.
–Ауыл адамдары малдарын жайлап, қойын қосып, сиырын сауып бір-ақ келеді, – дейді сайлау комиссиясының төрағасы.
Учаскеде 95 жастағы Геннадий Малахов есімді қарт адамды жолықтырдық.
–Ел Президентінің осы бастамасы көңілге қонымды, – дейді Геннадий Иванович, – кеңес заманында совхоз-техникум болып тұрған кезімізде жұмыссыз жүрген бір адамды таба алмаушы едік, қазір жастардың көбі қол қусырып қарап отыр. Жұмыссыздықтың әсерінен келеңсіз оқиғалар да орын алып қалады. Ел сайлаған әкім алдымен осы мәселеге көңіл бөлсе дер едім.
Сайлау учаскесіне тіркелген 24 адам денсаулықтарына байланысты үйлерінде дауыс бермекші. Сайлаушылар легі сағат оннан аса көбейе бастады. Жергілікті тұрғын Марат Омаровтың айтуына қарағанда, округтегі ең басты мәселе – жайылым мен шабындық. Төрт түліктің сүмесімен күн көріп отырған халыққа осындай түйінді мәселелердің шешілгені керек.
№506 сайлау комиссиясы ауылдағы орта мектепке орналасыпты. Мұнда 692 сайлаушы тіркелген, 7 адам үйінде дауыс береді. Сағат оннан аса елу адамның дауыс бергендігі белгілі болды.
–Біздің сайлаушыларымыз алыста тұрады. Мәселен, өзеннің арғы бетіндегі Нұрлыкөш үш шақырым жерде, Советский көшесінің шетіндегі аумақ та осы учаскеге тіркелген. Ол үйлер де біршама қашықта. Сайлаушылар сондықтан бөгеліп жатқан болуы мүмкін, – дейді сайлау комиссиясының төрағасы Булат Бимағамбетов, – халықтың бәрі күні бұрын құлақтандырылған.
Сайлаушылармен жүздесіп, ауылдағы шешімін таппаған өткір мәселелер туралы сұрап білдік. Осы округ тұрғыны Шайзада Нұрболаттың айтуына қарағанда, тұрғындарды толғандырып отырған жай, жер және жол мәселесі. Халқы қалап сайлаған округтің жаңа әкімі осы мәселелерді оңынан шешіп берсе, ауылдың айдарынан жел есіп тұратындығы анық.
Ел өздері сайлаған әкімнің жауапкершілікпен жұмыс істейтіндігінен сенімді. Жалғыз Шағалалы ауылында ғана емес, облыстың 95 сайлау округіне 318 кандидат ұсынылып, үміт оты лаулап тұр.
Кеше облыс орталығындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде сайлауға байланысты бірнеше мәрте брифинг өткізілді. Сағат ондағы брифинг барысында облыстық сайлау комиссиясының комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов облыстағы сайлаушылардың жалпы саны 100111 адамды құрайтындығын айтып өтті. Бюллетень алған сайлаушылардың саны 8826. Көкшетау қаласында сайлаушылардың 3 проценті, Степногорск қаласында 6 проценті дауыс беріп үлгерген.
–Қалған аудандарда дауыс бергендердің саны шамамен 8-20 процент аралығында, – деді М.Сәдуов.
Облыстағы сайлау учаскелерінде 436 бақылаушы жұмыс істеуде. Бақылаушылардың облыстық штабының жетекшісі Ерлан Закирьяновтың айтуына қарағанда, сағат 11-ге дейін 20385 сайлаушы дауыс беріп үлгерген. Бұл барлық сайлаушылардың 20,12 проценті.
–Біз әрбір сағат сайын бақылаушылардан ақпарат алып отырмыз. Тұтастай алғанда науқан заң шеңберінде өткізілуде, – дейді Ерлан Закирьянов.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған саяси науқаннан ел үлкен үмітті. Өздері сайлаған округ әкімі жергілікті жердің ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған мәселелерін шешіп берсе, ел бесігі – ауылдың ажары кіріп қалмақ. Ел үміті ақталса игі.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар