Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өлкетану ісіне елеулі үлестерін қосуда - АРҚА АЖАРЫ

Өлкетану ісіне елеулі үлестерін қосуда

Есіл аудандық орталық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері мәдени-тарихи маңызы бар үлкен жұмысты қолға алып отыр. Үстіміздегі жылы олар кітапхана жанынан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өлкетану музейін ашпақшы. Қазіргі таңда музейді жәдігерлермен толықтыру жұмыстары жүргізілуде.

–Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Туған жерге деген сүйіспеншілік ең алдымен, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуден, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруден басталуы тиіс екенін, патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс табуы керек екенін айтқан болатын. Шынымен де, туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Біздің осынау өлкетану музейін ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз да осы еді, яғни, ауданымыздың жас буынына өлке тарихын, ел тарихын тануға үлес қосу, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Аудан тұрғындары бұл бастамамызды құп көріп, жылдар бойы үйлерінде сақтап келген көне заттарын музейімізге тапсырды. Араларында «сәл ертерек келгендеріңізде ғой, ескі болғасын лақтырып тастап едік» деп, өкініп қалғандар да болды. Келешекте осы өлкетану музейі тұрғындардың тарихқа тағзым ететін орнына айналатынына сенемін. Және де бұл ғимаратқа былтыр республикалық «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтқым келеді, – деді Есілде болғанымызда бізді алдағы уақытта көрерменге есігін айқара ашатын осынау мәдени ошақпен таныстырған аудандық орталық кітапханалар жүйесінің әдіскері Рыскүл Карина.

Жәдігерлер сыр шертеді

Иә, тарихты зерделеу тағылымды іс. Уақыт көшіне ілесе отырып, елдің өткенін ұмытпаған, керісінше өлке тарихын тани түсуге ұмтылған есілдіктердің бастамасы қатты қуантты. Кітапхана қызметкерлерінің жарғақ құлақтары жастыққа тимей, бірнеше айдан бері ауыл-ауылды аралап, көне бұйымдарды жинаумен айналысып келе жатқанына іс-сапар барысында анық көзіміз жетті. Бұған дәлел, қазірдің өзінде музей қорында 100-ге жуық жәдігер бар. Солардың бірі кезінде аталарымыз иықтарына салып су тасыған иінағаш. Ертедегі Ресей Патшасы Александр Николайдың бұйрығы жазылған құжат, 1913 жылғы туу туралы куәлік, 1816 жылғы қасық, 1916 жылы Францияда жасалған сағат, патефондар, бұрынғы темір үтіктер, құлыптар музей витринасынан лайықты орын текпен.


Екі залдан тұратын музейдің бірінші залы «Жаңа Қазақстан» деп аталмақшы. Онда тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткен жетістіктері музей тілінде баяндалады. Ал, екінші залда еліміздің егемендікке дейінгі тарихына қатысты жәдігерлер қойылған. «Жаңа Қазақстан» залына осы ауданнан шыққан спортшы Бекзат Баймұратов бірнеше медальдары мен кубоктарын тапсырыпты. Сондай-ақ, қолөнерші Өміргүл Іргебаева да көздің жауын алатын жауһар бұйымдарын музейге әдейілеп тапсырған екен. Олар да өз кезегінде «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, көрген жанға ауданның спорт саласындағы жетістіктерін, салт-дәстүрімізді паш етіп тұратыны сөзсіз.

Кітапхана уақыт талабына сай даму үстінде

Жоғарыда айтып өткеніміздей, өлкетану музейі Есіл аудандық орталық кітапханалар жүйесі жанынан жұмыс істейтін болады. Жалпы, аудандағы кітапханалар жүйесі 14 кітапхананы қамтиды. Оның 12-сі ауылдарда, екеуі Есіл қаласында орналасқан. Сондай-ақ, кітапхана жанынан коворкинг орталығы ашылған.
– Бүгінгі таңда Есіл аудандық орталық модельдік кітапханасындағы кітап қоры 35 557-ні құрайды. Оның 11045-і қазақ тіліндегі кітаптар. Кітапханада 16 оқырманға арналған оқу залы бар. Мұнда тұрғындар, агротехникалық колледждің білім алушылары, мектеп оқушылары жиі келіп, кітап жаздырып алып тұрады. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 42 басылымға жазылдық. Оның 24-і мемлекеттік тілде шығатын басылымдар. Былтырға дейін кітаптарды да жергілікті бюджет қаражатына сатып алып жүрдік. Ал, биылдан бастап кітап қоры бізге тек республикалық бюджет есебінен Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасынан келетін болды. Жуырда қорымыз 138 жаңа кітаппен толықты. Оның басым көпшілігі саяси еңбектер. Сол үшін алдағы уақытта балаларға арналған кітаптар да көбірек келсе деген тілегіміз бар, – дейді Есіл аудандық орталық модельдік кітапханасының меңгерушісі Ардақ Сүлейменова.
Балалар демекші, есілдік балалар мен жасөспірімдер үшін аудандық модельдік балалар кітапханасының қорында 20 мыңнан астам кітап сақтаулы. Балабақшалардан бастап, мектептерге дейін осы кітапханамен тығыз байланыста. Сондай-ақ, ата-аналар, үйде отырған ата-әжелер балаларына танымдық оқулықтарды, ертегі кітаптарын осы жерден алады.
–Қазіргі заманда кітап бағасы қымбат. Сол үшін ата-аналар балаларына қажетті, әрі қызықты кітаптың біздің кітапханадан табылатынына ризашылықтарын білдіріп жатады. Балалар кітап оқымайды деп көп айтылады. Меніңше, олай емес. Бізге келетін ұл-қыздардың жанарынан кітапқа деген құлшынысты көремін, – деген аудандық модельдік балалар кітапханасының меңгерушісі Зәуреш Башимбаева осында 1985 жылдан бері еңбек етуде. Бесаспап маман бізге кітапхана қорында сақтаулы тұрған көне кітаптарды көрсетті. Солардың бірі – Мұхтар Әуезовтың 1955 жылы жарық көрген «Абай» кітабы. Бізбен әңгімесінде кітапханашы жазушы Сапарғали Бегалиннің 1954 жылғы кітаптарын көзінің қарашығындай сақтап, жыл сайын қаламгердің туған күні қарсаңында балаларға көрсететінін айтты. Ал, 1954 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Әлем атласы» кітабын жуырда музейге апарып қоймақшы.
–Сирек кітаптарды жинап, сақтап отырамын, қордан шығармаймын. Ондағы мақсатым – балаларды кезінде ата-бабалары ұстаған, оқыған кітаптармен таныстыру, кітапқа қызықтыру. Өскелең ұрпақ өзінің тарихын ұмытпауы керек. Бір таң қалатыным, қаншама жыл өтсе де, ескі кітаптар беттері аздап сарғайғаны болмаса, жыртылмай сол күйі сақтаулы тұр. Ал, бертін басылып шыққан кітаптардың сапасы нашар болғаны сонша, беттерін қайта-қайта жапсыруға тура келеді, – дейді Зәуреш Уәлиханқызы.
Кітапхана қызметкерлері 2009 жылы Есіл қаласының 45 жылдығына арнап өңірдің тарихы, алғашқы басшылары, қаланың дамуына еңбек сіңірген азаматтар туралы кітап шығарған. Есіл кезінде тыңмен және теміржолмен танымал болған өңір. Тыңгерлер, теміржолшылар, ертеректе ауданды басқарған азаматтар негізінен орыс ұлтынан болған. Содан да ауданда атауы орысша елді мекендер көп. Қазір де ауданда өзге ұлттың өкілдері көп тұрады. Есіл тарихына қатысты осындай мәліметтерді кітапханашылар шамалары келгенше жинақтап жүреді. Олардың істеріне біз де сәттілік тіледік.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.

Суреттерде: Аудандық модельдік балалар кітапханасының меңгерушісі Зәуреш Башимбаева; Есіл аудандық орталық модельдік кітапханасының меңгерушісі Ардақ Сүлейменова мен аудандық орталық кітапханалар жүйесінің әдіскері Рыскүл Карина; Музейге аудан тұрғындары тапсырған жәдігерлер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар