Мұғалім. Министр. Қайраткер.

Көрнекті тұлға Қожахмет Балахметовтың 95 жылдық ғұмырынан үзік сыр

Кеңес өкіметі орнап, билік большевиктердің қолына көшкенімен, қазақтардың да басынан қайғының қара бұлты сейілмеді. Қуғын-сүргін мен ашаршылық қала мен ауылды тегіс шарпыды. Мұндай азап пен қорлықтан Хайыровтың да отбасы шет қалмады. Балахметтің алашордалықтармен байланыс жасап, байдың қызына үйленгені туралы облыстық газетте жарияланған мақала сүттей ұйып отырған отбасына мірдің оғындай қадалды. Кінәсіз азаматқа қара күйе жағып, сорақылыққа жол берушілер өз ауылының адамдары болатын. Ал, Балахмет Хайыров болса кезінде колхоз құрып, жерлестеріне жұмыс беріп, оларды ашаршылықтан құтқарып қалды емес пе?! Көрсетіндінің кесірі тимес үшін балғын бала Қожахмет те фамилиясын Балахметов деп өзгертуге мәжбүр болады. Кейінірек әкесіне тағылған жалған айыптар алынған соң, елге келіп қызметін жалғастырады.
Алайда, Хайыровтар отбасының қуанышы ұзаққа бармады. Бейбіт өмір шырқын соғыс бұзды. Балғын өрен Қожахмет тылда қалған қарттар және әйелдерге қолғабыс жасап, колхозда еңбек етті. Тұрмыс тауқыметі қаншалықты ауыр болғанымен анасы колхоз партия ұйымы хатшысының кеңесі бойынша ұлын Володаровка селосындағы орта мектептің 8 класына оқуға береді. Жастайынан сабаққа жүйрік, өршіл өрен 10 класта мектептегі комсомол ұйымының хатшылығына сайланады. Қоғамдық бұл жұмыс оның ұйымдастырушылық қабілетін шыңдаумен бірге, жинақтылыққа үйретті.
Алдына айқын мақсат қойған алғыр жас С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне қатарынан екі жыл емтихан тапсырып, екеуінде жолы болып студент атанады. Алайда, жоқшылық пен кедейшілік жас жігіттің бағын байлап тастайды. Тіпті, пәтер жалдап тұруға мүмкіндігі болмаған соң оқуын тастап елге оралады. Колхозда жұмыс істеп, азды-көпті ақша жинап университетке келесі жылы түскенде жатақханадан орын алады. Кәртішкемен екі мәрте тегін тамақтанады. Сөйте тұра күтпеген жағдайда денсаулығы сыр беріп, ревматикалық полиартрит диагнозымен ауруханада емделеді. Осыған байланысты емтихандарды алдын ала тапсыруға ұлықсат алады. Сөйтіп, барлық пәндер бойынша сынақты бестік бағаға тапсырып, екінші курсқа көшіріледі. Дегенмен де, сырқаты толық айыға қоймағандықтан тағы да оқуын доғаруға мәжбүр болады.
Елге келіп Казгородок орта мектебінің 5-7 орыс кластарында тарих және география пәндерінен сабақ бере бастайды. Шәкірттері ­– Белгород, Курск және еліміздің батыс облыстарындағы балалар үйлерінен келген тәрбиеленушілер болғандықтан бос уақытта олармен жеке жұмыс жүргізуге тура келді. Қосымша жұмыс жас маманның ұстаздық қабілетін шыңдауға көп әсер етті. Макинка және Степняк орта мектептерінің директоры қызметін абыроймен атқара жүріп, екі бірдей жоғары оқу орнын бітіреді. Көкшетау облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Қожахмет Балахметов 1952 жылғы ақпан айында облыстық оқу білімі меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалады. Бұл өз ісінің білікті маманы ретінде жас коммунистке көрсетілген үлкен сенім еді. Өйткені, білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларға байланысты Қажағаң сияқты іскер азаматтар ауадай қажет болатын.
Елуінші жылдардың соңында мектептерді сегізжылдық оқу жүйесіне көшіру, мектеп-интернаттар ашу, оқушылардың өндірістік бригадаларын құру қолға алына басталды. Тікелей Қожахмет Балахметовтың басшылығымен білім ошақтарының, мектепке дейінгі мекемелердің оқу-материалдық базасы жақсарып, өндірістік бригадалардың слеттері өткізілді. Арықбалық ауданындағы Имантау орта мектебінің тәжірибесі республикаға таратылды. Білім беру саласындағы жаңалықтың жаршысы ретінде Қожахмет ағай аз уақыт болса да облыстық партия комитетінің мектеп және оқу оры ндары бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Кейін Көкшетау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады.
1967-1974 жылдар Қожахмет Балахметовтың жеке өмірінде жағымды жаңалықтармен орын алды. Көкшетау облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып жүрсе де, облыс басшылары тәжірибелі педагог ретінде оны облыстық оқу бөлімінің меңгерушілігіне жіберуді ұйғарады. Бұл мекеменің тыныс-тіршілігі бұрыннан-ақ жақсы таныс болғандықтан оған қордаланып қалған түйткіл мәселелерді шешу қиынға түспеді. Әсіресе, ауыл-село мектептерін кадрмен қамтамасыз ету, оларға тұрмыстық жағдай жасау өткір мәселе болатын. Орайы келген оралымды істер сәтті жалғасын тауып жатқан шақта, республика басшылығының ұйғарымымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне жоғарылатылды.
СССР Оқу министрі М.Прокофьевтің қатысуымен 1974 жылғы жазда Алматыда өткен мектеп оқушыларының бүкілодақтық спартакиадасы Қожахмет Балахметовтың өміріне тағы да елеулі өзгеріс енгізді. Мәскеуден келген одақтық министрдің келісімімен ол Қазақ ССР Оқу министрі болып тағайыналады. Министр болған он үш жылдың ішінде ол республиканың халық ағарту жүйесіне лайықты үлес қосты. Атап айтқанда, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсететін жаңа құрылымдар пайда болды, облыстық және аудандық оқу бөлімдерінің аппараты, мұғалімдер білімін жетілдіру институттары күшейтілді. Педагогикалық институттар мен Қарағанды мемлекеттік университетінде жаңа факультеттер ашылды. Республика бойынша «Жастар» балалар спорт ұйымы құрылды. «Мектеп» баспасы жыл сайын 100 әртүрлі әдістемелік құралдар мен оқулықтар басып шығарды.
Орта мектептер кабинеттік оқу жүйесіне көшіріліп, 11 жылдық оқу бағдарламасы, ғылым мен озық педагогикалық тәжірибені пайдаланудың кешенді бағдарламасы жасалып, V және VІ мұғалімдер съезі өткізілді. Қызмет барысында әрдайым адалдық, ашықтық, іскерлік таныта білген Қожахмет Балахметов ешуақытта арына дақ түсірмеген азамат. 1987 жылы зейнеткерлікке шыққанымен ол сүйікті ісін онан әрі жалғастырып, он жыл бойы «Балалар қорын» басқарды. Соңғы екі жыл Кеңес Одағындағы балалар қоры халықаралық ассоциациясының вице-президенті болды.
1998 жылы отбасы жағдайымен Көкшетауға көшіп келгенде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры саналы ғұмырын білім саласына арнаған қайраткер ағамызды өзіне кеңесшілік қызметке қабылдайды. Қажағаң студенттер арасында «Педагогиканы дамыту тарихы және Қазақстандағы педагогикалық ұғым» курсында лекция оқыды. Көп жылғы қажырлы еңбегі ескеріліп оған Ақмола облысының және Көкшетау қаласының құрметті азаматтары атағы берілді. Сонымен бірге, елінің мақтанышына айналған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет ағамыздың үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен, «Оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталып, үш мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғанын, он жылдай қазақ-корей достығы қоғамының төрағасы болғанын қалайша мақтан етпеске.
Мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған кезімде Қожахмет аға басқарған оқу министрлігі тарапынан келіп түскен нұсқауларды бұлжытпай орындауға тырыстым. Өйткені, мектеп реформасына қатысты бұл ұтымды ұсыныстар ұстаздар қауымының көңілінен шығып, оларды ерен еңбекке жұмылдырып отырды. Ал, адамгершілігі мол, парасатты, ақылгөй дана қариямен жеке кездескенде тарих тұңғиығына терең бойлағандай әсерге бөленесін. Қажағаң сабырлы мінезімен адамды бір көргеннен-ақ баурап алады ғой.
Тоқсан бес жасқа толса да, сүйегі асыл, зерделі азамат Қожахмет Балахметов өзін әлі де сергек сезінеді. Сүйікті жары Сараш Ақбұзауова екеуі алты баланы ер жеткізіп, бәріне жоғары білім әперді. Ұл-қыздары да әке абыройын сақтап, адал қызмет етуде. Ал, Қажағаң болса білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларға ерекше сүйсініп, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Ел болашағы өскелең ұрпақ тәрбиесін жіті бақылауда ұстайды. Бұл – педагог, министр, қайраткер Қожахмет Балахметовтың өмірлік ұстанымы.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар