Бүгінгі күні орман шаруашылығының дамуына сүбелі үлесін қосқан өңірге танымал орман өсіруші Серік Тұрымбаев жетпіс жастың биігінен көрініп отыр. Ол 1951 жылдың 3 тамызында бұрынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданының Қарақоға ауылында дүниеге келді. Оның ата-анасы Бұланды орман шаруашылығының қызметкерлері болған.
«Тау баласы тауға қарап өседі»,– демекші, Серік ну орманға қарап өсті. Осыдан болар, Степняк орта мектебін ойдағыдай тәмамдаған соң, орман шаруашылығы инженері мамандығы бойынша жоғары білім алды. Бұдан кейін Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеді. Еңбек жолын сонау 1975 жылы Орлиногор орман шаруашылығының орманшысы болып бастады. Кейін қызметі жоғарылап, Айыртау орман шаруашылығының бас орманшысы болды. Сол кездегі билік белсенді жасты бірден танып, Айыртау аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп тағайындайды. Кейін Серік Тұрымбаев аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Қаратал» кеңшарындағы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды.
1983 жылы Айыртау орман шаруашылығының инженері, кейін бас орманшысы болып еңбек етті. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы, кейін осы министрліктегі Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитетінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы, басшысы қызметін атқарды. Мол тәжірибе жинақтаған білікті маман қай қызметте болмасын өз міндетін абыроймен атқарды. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы болды. Серік Тұрымбаев Қазақстан Республикасының Жаңа орман кодексін орман шаруашылығы мәселелері бойынша Үкімет қаулыларының, Ауыл шаруашылығы министрі бұйрықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің, сондай-ақ, республиканың орман шаруашылығын дамыту бағдарламаларының жобаларын әзірлеуге тікелей қатысты. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде жұмыс істеген кезінде орман шаруашылығын дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізді.
Халықаралық семинарлар мен кеңестер өткізуге белсене қатысып, орман шаруашылығын дамыту жөнінде баяндамалар жасады, тұсаукесер шаралар ұйымдастырды. Орман шаруашылығы саласында 40 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп, 2015 жылдың тамыз айында құрметті еңбек демалысына шықты. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ардагерлер кеңесінің мүшесі. 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аймақтар қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру қызметінің басшысы. Біліктілікті арттыру курстары ормандарды орнықты дамыту, ормандардың биологиялық әртүрлілігін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтау бойынша қазіргі өскелең талаптарға сәйкес, орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметкерлерінің бұдан бұрын алған теориялық және практикалық білімін кеңейтуге, тереңдетуге және жаңартуға ықпал етеді. 2017 жылы БҰҰ Даму бағдарламасының биоәртүрлілік саласындағы жобасы аясында «Жаһандық экологиялық келісімдер шеңберінде шешімдер қабылдауды жақсартуға және міндеттемелердің орындалуын басқаруға арналған экономикалық бағалау тетіктері», «Биологиялық әртүрлілікті сақтау конвенциясы, биоәртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану саласындағы 2011-2020 жылдарға арналған стратегиялық жоспардың шеңберінде Қазақстан қабылдаған міндеттемелерге сәйкес республикамыздағы орман шаруашылығы және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша ұлттық баяндаманың 6 тарауын дайындау» және «Оқу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу негізінде Қазақстанның орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері қызметкерлерінің әлеуетін арттыру бойынша авторлар тобымен бірлесіп жұмыстар жүргізу» тәрізді тақырыптар бойынша жұмыстар атқарды.
Серік Тұрымбаевтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бүгінгі күні оның омырауында бірнеше медальдар және төсбелгілер жарқырайды. Ормандарды қорғауда, биологиялық әртүрлілікті сақтауды және молықтыруды қамтамасыз етуде табыстарға жеткені үшін, орман шаруашылығы саласында талдамалар әзірлеуде белсенді ынтымақтастық жасағаны және өндіріске енгізгені үшін «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атағына ие болды. Ормандарды күзету мен қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау мен молықтыруды қамтамасыз ету саласындағы көп жылғы және адал еңбегі үшін 1-дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» және «Құрметті ардагер» төсбелгілерімен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Серік Тұрымбаев құдай қосқан қосағы Ұлжан Байболсын қызы екеуі Ержан, Арман, Өміржан, Жанар мен Айнагүл есімді балаларын тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім әперді. Бүгінгі күні ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 10 немере сүйіп отырған бақытты жандар.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.