Еліңді қуантып, жеңіспен оралуыңа жазсын!

Бүгінде төрткүл дүние төрт жылда бір өтетін, алайда, пандемияның салдарынан бес жылдан соң ұйымдастырылып отырған жазғы Олимпиада-2020 ойындарын көгілдір экран алдында тапжылмай күн сайын қарап отырғаны анық.

Бес құрлықтың спортшылары бас қосып, күш сынасып жатқан бұл дүбірлі додаға біздің еліміз 96 спортшысын үкілеп қосуда. Жапонияның астанасы Токиода өтіп жатқан ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында менің де сіңілім Эльмира Сыздықова әйелдер арасында еркін күресте бақ сынайтын болады.
Баласы бәйгеге түссе, үйде тақым қысып отыратын елдің азаматтарымыз ғой, теледидардан тікелей эфир арқылы көрсетіп жатқан спортшыларымыздың әр сайысына көзайым болып жүрміз. Бүгінде еліміздің екі тарланы дзюдошы Елдос Сметов пен ауыр атлет Игорь Сон қанжығамызға қола медальдан салды. Олардың айшықты ізін тура сондай жүлдемен ауыр атлетші Зульфия Чиншанло да жалғастырып отырған жайы бар. Басқа да үміт артып отырған спортшыларымызға тек сәттілік тілейміз. Қазақтың абыройын Токиода асқақтатып оралуларына тілекшіміз.
Эльмира 1 тамызда осы жазғы Олимпиададағы сайысын бастайды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылы Рио-де Жанейрода өткен жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері, бірнеше мәрте Азия чемпионатының және басқа көптеген халықаралық турнирлердің жүлдегері мен жеңімпазы атанған сіңіліме бұл бәйгеде тек сәттілік тілеймін. Ақ жол, айналайын, сіңілім! Қазақтың намысын қолдан берме!
Эльмирамыз аттанды Токиоға,
Ел намыс қолдан бермей қорғауға
Көп тілегі көл болсыншы, лайым,
Бағың жанып, бабың шапсын додада.
Армандаған алтының қанжығаңа байлансын,
Осы жолда өзіңді ата-бабаң қолдасын!
Гүлімжан ҚОЖАХМЕТОВА,
Көкшетау қаласының тұрғыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар