«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалында өткен білім және ғылым саласын дамыту мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің отырысында облыс бойынша жаңа 2021-2022 жылғы оқу жылына дайындық барысы талқыланды. Кеңеске партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысып, сөз сөйледі.
Отырысты кеңес төрағасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сәйкес, облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорлары 2021-2022 оқу жылына дайындық және білім беру мекемелеріндегі ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу барысы туралы баяндамалар жасады.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім басқармасы мектептердің дайындығы бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл жаңа оқу жылында 130 мыңнан астам оқушы мектепке барса, оның ішінде 13734-і бірінші сынып табалдырығын аттағалы отырған балалар. Оқу жылы биыл дәстүрлі түрде бұрынғыдай мектеп қабырғасында өтеді деген тапсырма болғанымен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан нақты бұйрық әзірше жоқ. Себебі, өңірлердегі эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Дегенмен, дәстүрлі форматта оқыту түріне дайындық барынша жүргізілуде. Осы орайда, санитарлық қауіпсіздік талаптары мен ережелерін сақтау үшін облыстың барлық мектептері қажетті дезинфекциялық құралдармен қамтылғаны белгілі болды.
–Мектеп оқушыларына жаңа оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін биыл мемлекет қазынасынан 1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінде оқулықтарды жеткізушілермен келісім-шарттар жасалған, ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін бұл оқулықтар аудандарға таратылып, үлестіріледі, –деді облыстың бас ұстазы Бейбіт Жүсіпов. Оның мәлімдеуінше, 552 мектептің 521-і жаңа оқу жылына толық дайын. Биыл ағымдағы жөндеуден өтуі тиіс 42 мектептің 12-сінде бұл жұмыстар толық аяқталыпты, қалған 30 нысандағы жөндеу жұмыстары тамыз айының 25-іне дейін жалғасады.
–Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі, алайда, жаңа оқу жылына дейін 3 мектеп уақытылы аяқталмай қалуы мүмкін деген қауіп бар. Мұндай жағдайдың орын алуының басты себебі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен берілетін қаржы кеш бөлінді. Бұл мектептердің оқушылары сабақ басталған кезде жақын мектептерге барып білім алатын болады. Оның барлығы мектеп әкімшіліктері тарапынан ұйымдастырылады, –деді Бейбіт Айтымұлы.
Бүгінде басқармаға қарасты барлық білім ордалары, атап айтқанда мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қалалар мен аудан орталықтарында орналасқан мектептерде дабыл түймелерін орнатып, оларда мамандандырылған күзет отырғызу жоспарланған, бұл мақсатқа қазынадан биыл 133 миллион теңге бағытталыпты. Сонымен бірге, облыстың 65 мектебіне турникеттер орнатылыпты, оқу жылы басталғанша тағы 87 мектепке орнату көзделген.
–Мұндай қауіпсіздік құралдарын әзірше қалалар мен аудан орталықтарындағы мектептерге ғана орнатқалы отырмыз, алдағы жылдары ауыл-аймақтағы білім ордаларында да бұл шаралар жоспар бойынша кезең-кезеңмен атқарылатын болады, –дейді Бейбіт Жүсіпов.
Кеңес барысында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов басқарма басшысынан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай қалуы мүмкін мектептердегі оқыту процесін үзбеу үшін жүргізілетін шаралар, Біржан сал ауданындағы Яблоновка негізгі мектебіндегі бала санының аздығы мен мектепті жауып тастамау мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-әрекеттер бойынша сұрап білді.
–Мектепті жауып тастамау қажет, мұғалімдер жетіспесе, жақын ауылдардың оқытушыларын тасымалдауды ұйымдастырған дұрыс болар, –деп пікірін білдірді Ғалым Мәдешұлы. Осы ретте, Степняк қаласындағы Абай атындағы №2 мектептің күрделі жөндеуден өтуі бойынша да мәселелер бар екендігі айтылып, Ақкенже Ақшалова мәселенің анық-қанығын жеткізді.
Кеңес барысында Ақкөл, Есіл аудандары білім бөлімдерінің басшылары Келешек Әшімов пен Никита Полюх, Бурабай ауданының С.Сейфуллин атындағы орта мектебі мен Біржан сал ауданының Абай атындағы №2 орта мектебінің директорлары Эльвира Шлейнергер мен Руслан Әбуов білім ордаларында күрделі жөндеу кезінде балаларды оқытуды ұйымдастыру жұмыстары туралы айтып берді. Кеңес соңында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары басқарма басшысы мен білім бөлімдерінің мектептердегі дәстүрлі сабақ форматына уақытылы дайын болуын әрі кейбір жерлерде жетіспей жатқан кадр тапшылығын шешуді тапсырды.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.