Шығысқа бет алған экспедиция өткен тарихтан құнды деректер олжаламақшы
Көкшетаудан бастау алып, еліміздің бірнеше өңіріне бағытталған тарихи-танымдық, әрі тағылымдық бұл шара жайлы қалың оқырман хабардар. 2018 және 2020 жылдары «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы сәтті ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көптеген мағлұматтар берілген еді. Үш жүздің басын қосып, Қазақ елінің шекарасын шегендеп, біртұтастығын бекемдеу жолында талай айқасып, талай шайқасқан бабаның салған сара сүрлеуі бойында әлі танылмай жатқан деректер жетерлік.
Екі рет ұйымдастырылған сапар барысында көптеген мәліметтер жинақталды. Энциклопедиялық жинақ та басылды. Енді биыл «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы жаңа бағыт алды. Жергілікті қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы жетекшілік ететін экспедицияның мүшелері ұлы бабамыздың жорықты жолдарымен жүріп өтпек ниетте. Экспедиция ағымдағы жылдың 1-15 тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Абылай ханның туғанына 310 жыл толуына орай республикада тұңғыш рет Ұлы ханның тікелей басшылығымен әрі қатысуымен өткен тарихи маңызы зор ұлт азаттығы үшін шайқастар болған жерлерге барып, Ұлы даланың Ұлы есімдері туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Экспедицияның маршруты: Көкшетау-Кенесары-Бурабай- Мәдениет-Степняк-Бұланды-Астрахан-Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Екібастұз-Баянауыл-Айрық-Егіндібұлақ-Қарқаралы-Қайнар-Семей-Қарауыл-Аягөз-Тарбағатай-Ақсуат-Ақмектеп-Ақжар-Шілікті-Аягөз-Үшарал-Қабанбай-Сарқант-Талдықорған-Сарыөзен-Қапшағай-Боралдай-Алматы қаласы-Қордай-Сортөбе-Шу-Хантау-Ақсүйек-Балқаш-Ақжал-Ақтоғай-Қайрақты-Ақсу-Аюлы-Қарағанды-Осакаровка-Аршалы-Нұр-Сұлтан-Көкшетау. Жолдың жалпы ұзындығы 7000 км.
Маңызды да мазмұнды шараның бастауы ретінде экспедицияның бір топ мүшелері жақында Айыртау өңіріндегі қасиетті мекен Сырымбетке барып қайтты. Ондағы мақсат – қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, ғалым Шоқанның балалық шағы өткен жерден бір уыс топырақ алып, экспедиция маршрутына кіретін, Алматы облысы аумағындағы Алтынемелдегі ағартушы, ғалымның бейітіне апару. Сырымбетте Шоқанның әжесі Айғаным ханша кесенесі бар екенін қалың оқырман жақсы біледі және ел билеген жанның мәңгілік мекені – кесенесі де сол жерге тұрғызылған. Экспедиция мүшелері кесенеге арнайы барып, Құран бағыштап, бір уыс топырақ алды. Сырымбеттің орталық көшесінде орналасқан Шоқан Уәлиханов музейіне де кіріп, ішін аралап, экспонаттарымен танысты.
Одан кейін экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған тағы бір топ адамдар Біржан сал, Бұланды аудандарына барып қайтты. Біржан сал ауданындағы Мәдениет ауылының маңында мәңгілік мекенін тапқан Торайғыр би Едігеұлына төбенің биік басына ескерткіш тас қойылған екен. Бұл төбені Торайғыр төбесі деп те атайды. Тасқа «Ел қамқоры болған Едіге би Төлебайұлының баласы, «Қарадан хан шыққан» Шоң бидің інісі деп жазылған. Дереккөздерге сүйенсек, Торайғыр Едігеұлы – белгілі би, шешен. Арғын ішіндегі Сүйіндік руының Айдабол тармағынан тарайды.. Павлодар облысы, Баянауыл өңірінде туып-өскен. Әкесі Едіге Төлебайұлы Тәуке хан тұсында би болған. Торайғырдың адамның қоғамдағы орны туралы түсінігі мен нақылдарына, жақсы мен жаманды безбендеген көркем әрі бейнелі сөздеріне дала даналығы, халық философиясы тән. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы замана қайшылықтарын терең таныған Торайғыр бидің нақыл сөздерін («Аспан, жер және адам жаратылысы туралы») өзінің тіршіліктің бастау сөздері жөніндегі ой-пікірлеріне дәлел ретінде пайдаланған деп жазылған. Тас қоюшылар ұрпағы Сайлау Байбосын, Амангелді Қаңтарбаев, Совет Келдібаев, Нұрлыбек Сердалин деп жазылған. Экспедиция мүшелерінің қатарына жергілікті жердің азаматтары, аудан әкімі Достанбек Берікұлы да қосылып, қолдау білдірді. Осы өңірде Абылай ханның қара жолы бойында мәңгілік тыныстап жатқан Салық баба, Байгөбек қажы басына құран бағышталды. Тағы бір құнды дерек, Біржан сал ауданында, Бурабайдан шамамен 60-70 шақырым жерде Абылай ханның сарбаздары жерленген қорым бар екен. Бұл экспедицияның тың дерегі. Ауыл тұрғыны Жанболат Қарпықұлының айтуынша, көнекөз қариялар осы жерге келіп, құран бағыштап жүреді екен және жастарға бұл жерді басқызбайтын көрінеді. Шамамен қанша адам жерленгені белгісіз. Тек екі құлпытас алыстан көзге шалынады. Жақындап баруға болмайды. Жерін қорғаймын деп шаһит болған сарбаздар рухына бағышталып, құран оқылды. Экспедиция мүшесі, тарихшы Дулат Мәліковтің ойынша, Абылай өзінің әскерін 40-50 шақырым ставкасына жетпейтін жерде ұстаған. Соғысқа аттанып кеткенде шамалы гарнизонын қалдырып отырған. Жараланған сарбаздарды емдеген, жарақаттан жазыла алмағандарын сол жерге жерлеген. Сондықтан, болашақта
республика деңгейінде ескерткіш кешен ашу қажет дейді тарихшы. Экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы аудан әкімі Достанбек Берікұлына да бұл жерге бір белгі орнату қажеттігін айтты.
Экспедиция мүшелері Бұланды ауданына қарасты Тастөзек ауылының маңында, қалың ағаш арасында орналасқан қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген батыры Балуан Шолақтың кешеніне барды. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ, аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, балуанның бар өмірі Көкшетау өңірінде өткен. Жергілікті жердің азаматы Сағадат Қабдуллин ауыл ақсақалдары батырдың келімсектермен күресте жараланып, көз жұмғанын және аруағын қорламасын деп жерленген жерін жасырын ұстауды аманат еткенін айтып отыратын еді дейді. Балуан Шолақты орман ішіне, адам іздесе таба алмайтын жерге жерлегені де ақиқат. Кешенінің де осы маңда бой көтергені сондықтан. Жергілікті орман шаруашылығының директоры, иманжүзді, жанашыр азамат Александр Мухин біздің ізімізді ала жетіп, балуан бабамыздың құрметіне көтерілген кешеннің жұмысының басы-қасында жүргенін тілге тиек етті. Осындай азаматтардың барлығына риза болған экспедиция мүшелері баба рухына тағзым етіп, Астрахан ауданына қарасты Жалтыр станциясына бет алды. Ол жерде 18-ші ғасырдың көне жәдігері, мемлекет қарауына берілген «Әулиелер ордасы» бар. Бұл жердің мықты энергетикасы ежелден сауық пен жайлылық іздеген жандарды тартады. Жергілікті қариялар «Бұл зиратқа Алланың нұры шашылады» дейді екен. Шынында да тымық та таза ауасы адамға бір жайлылық сыйлайды. Бойың сергіп, мамыражай күй кешеді екенсің. Сонау атеистік дәуірде ауыл ақсақалдары бұл жерге баратын жолды ұмытпай, жасырын түрде жақындарына көрсетіп жүріпті. Көне қорымда тек қана қажылар, отызға жуық адам және өз заманының атақты ғалым-хазреттері жерленген екен. Олар Қошқарбай батыр асырап алған Жақып молданың ұрпақтары деседі. Ішіндегі ең танымалы 9 әулие. Арасында әлі күнге дейін белгісіз адамдар бар. Белгілілері Жақып молда, Жанбатыр-хазірет, Құтан-хазірет, Алдажар-хазірет, Жантас-хазірет, Әлта-хазірет, Мұса-хазірет, Құранды жатқа білген Шерияздан қари, Садық-хазірет, Мұқаш молла, Нұртаза хазірет, Бақберген –хазірет. Бұлардың барлығы Қошқарбай батырдың жанына жерленген. Мұнда мәңгілік мекенін тапқан ғалымдардың бірі Шонтыбай-хазіретке арнап этнограф Мәшһүр Жүсіп дастанын шығарып, ол кісінің қасиеттілігін мойындап, «Құтб-заман», яғни, әулиеліктің жоғары дәрежесіне жеткен адам деп баға берген, әрі қазақтардың пірі атандырған дейді. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл жерде көрнекті саяси қайраткер, Ақмола өңірінің аға сұлтаны, халық арасында Ыбырай қажы атанған Ибрахим қажы Жайықбай жерленген. Сондай-ақ, Аллажар қажының ұлы Мұсылхан би де осы жерде тыныстап жатыр. Ол әділ қазы болғандықтан, халық оны «Би-аға» деп атаған. Өзінің әкесі Аллажар қажы сияқты Мұсылхан да араб, түрік, парсы және орыс тілдерін еркін меңгерген. Әулиелер ордасына жол көрсетіп, бізді бастап апарған жалтырлық азамат Нұрғали Салықовтың айтуынша, сонау тың игеру науқаны кезінде осы қорымды сырып тастауға бекінген шолақбелсенділердің бірінің техникасы сынып, енді бірінің есі ауысып, тіпті жынданып кеткені бұл жердің қаншалықты қасиетті әрі киелі екенін білдіреді. Бүгінгі күні жергілікті азаматтар, әрі жоғарыда аталған қажы-хазіреттердің ұрпақтары зираттың маңайын абаттандырып, халық тәу етіп келетін орынға айналдыруды мақсат тұтып отыр екен. Бұл игі істің алдағы уақытта жүзеге асатынына сенімдіміз.
Шілденің 31-інде таң сәріден жолға жиналған экспедиция Баянауыл, Қарқаралы, Семей, Тарбағатай өңірлеріне бет алды. Жолдың жалпы қашықтығы 7 мың шақырымнан асады деп жоспарланып отыр. Тарихи-танымдық сапар барысында Абылайдың қара жолы бойындағы көне қорымдарға зиярат етіліп, халық аузында сақталған аңыз әңгімелер, тарихи маңызды деректер жинақталмақ. Экспедицияға белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, тарихшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отыр. Сапар барысында экспедиция құрамына Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының да зерттеушілері қосылмақ.
Еске салайық, экспедицияның алғашқы күні Ерейментау аймағындағы 17 киелі орыннан басталған. Олардың ішінде Жаушоқы, Саққұлақ би кесенесі, Едіге би Кесенесі, Бұйратау ұлттық табиғи паркі аумағындағы Қосбатыр, Құмай ескерткіштері бар. Экспедиция құрамы Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейдің жұмысымен де танысты.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев алдағы жылы аталған мұражай орталықтағы жаңа ғимаратқа көшірілетінін жеткізді. Сонымен қатар, орталық алаңда Үмбетей жырауға ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын айтты. Тағылымды жобаны жүзеге асыруға жергілікті кәсіпкерлер қаржылай демеушілік көмек көрсетуде.
«Басты мақсат – қазақ даласының тарихи-мәдени мұрасын зерделеп, үш жүздің басын қосқан Абылай бабамыздың ел мен жерді сақтап қалудағы зор еңбегін паш ету. Сапар барысында «Ұлы даланың ұлы есімдері» туралы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте «Абылай ханның қара жолы» жобасының ата-баба тарихын жаңғыртудағы маңызы өте зор», – дейді экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы.
«Үш жүздің басын қосып, Қазақ елінің шекарасын шегендеп, біртұтастығын бекемдеу жолында шайқасқан бабаның салған сара сүрлеуі бойында әлі танылмай жатқан деректер әлі де жетерлік», – дейді экспедицияның белді мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов.
Көкшетаудан Шығысқа бет алған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Павлодар облысындағы Баянауыл ауданына келіп жетті. Сапар барысында Баянауыл аймағындағы Мәшһүр Жүсіп кесенесіне зиярат етіліп, құрбандық шалынбақ. Одан әрі Жасыбай Батыр, Теңдіктегі Мұса Шорманұлы кесенесі, Бұқар Жырау кесенесінде тың мәліметтер жинақталады. Экспедиция құрамында 17 адам бар. Биылғы тарихи-танымдық сапардың ерекшелігі сол, Хан Абылайдан тараған Ханқожа ұлының ұрпағы Амангелді Нашарбеков сонымен қатар, Хан Кене мен Шоқан Уәлихановтың тікелей ұрпақтары қатысып отыр. Осы азаматтардың арқасында ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметі жайлы бұрын-соңды беймәлім болған құнды материалдар жинақталуда. Хан Кенеден тараған Оспан шөбересі Құрманғазы Қырқынбайлы экспедицияға сонау Кентаудан арнайы келіп қосылды. Ал, Көкшетаудан Шоқан Уәлихановтың өз кіндігінен тараған ұрпағы Мәліктің шөбересі Дулат Серғалиұлы да бар. Бұл Шоқанның жары Айсарыдан туған ұл – Мәліктен тараған екен. Мәліктен – Қабдөш – Ербатыр мен Серғали туды. Ер жасы елуге келген Дулат ағамыз Шоқанның тарихын жаңа қырынан зерттеуді көздеп отыр. Ал енді Хан Абылайдан тараған Ханқожа ұлының ұрпағы Амангелді Нашарбеков туралы айтар болсақ. Хан ұлы Ханқожа Абылай заманында Қытай еліне аманатқа берілген екен. Осы және өзге де тың әрі ерекше дүниелер экспедиция күнделігіне хатталды.
Ерболат СЕРІКБАЙ,
Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.