Әрбір арыз-шағым заң аясында шешіледі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдай келе, кейбір мәселелерді өзі шешті және бірқатарын заң аясында қарау үшін тиісті органдардың басшыларына тапсырма берді.

Зеренді ауданының Көктерек ауылында тұратын шағын шаруашылығы бар Қанжан Жұмаш аймақ басшысының қабылдауында ірі қара малын жаятын азын-аулақ жер беруді өтінді. Өзіне тіркелген 50 гектар жерін белгілі бір кәсіпкердің алып қойғанын айтып, бірақ сотқа шағымданбағанын да жеткізді. 2016 жылы Қытайдан Отанына көшіп келген шаруаның бұдан бөлек «Қараүңгір» көлінің маңында мүмкіндігі шектеулі демалушыларға арналған киіз үйлер тігіп, бизнес ашпақшы ойы да бар екен. Мәселелердің мән жайын сұрап білген аймақ басшысы оған қажетті жер бөлуді аудандық әкімдікке тапсырып, заң шеңберінде реттеп беруді тапсырды. Ал, екінші мәселесін «Бизнестің жол картасы» жобасы бойынша шешуге болатынын түсіндіріп, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ербол Оспановпен ақылдасып, несие алатын болды. Бұдан бөлек қабылдауға келуші өзінің екі баласының Целиноград ауданындағы Қоянды ауылында салынған жаңа мектепке жұмысқа орналасуларына көмек көрсетуін өтінді. Бұл орайда, облыс әкімі Қанжан Жұмашқа балаларының өздері әкімге келіп, мән-жайды түсіндірулері қажеттігін айтты.
Бейнебайланыс арқылы қабылдауға қатысқан Степногорск қаласының тұрғыны Илья Куцай қала ішіндегі инфрақұрылымды, тротуарлар мен подъездердің, су, жылу, энергия желілерін мекемелердің өздері құртып жатқандығына шағымданды. Қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, біраз келелі мәселелерді алға тартты. Облыс әкімі оған алға тартқан мәселелерін тізіп, хат жазып жіберуін сұрады, содан кейін әр мәселе бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырма беретіндігін айтты.
Бұдан әрі қабылдауға Ақкөл ауданының Радовка селосының тұрғыны Галина Федюшко мен аудан орталығының тұрғыны Любовь Гнатива кіріп, өздерінің жеке мәселелері мен аудан тұрғындарына қатысты даулы жағдайларды алға тартты. Галина Федюшко бұрын Радовка селосында медбике болып қызмет етіпті. Алайда, ауыл тұрғындары оның медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсетпейтінін айтып, облыстық әкімдікке шағымданып хат жазған соң, онда арнайы комиссия барыпты. Жұмыс тобы мән-жайды тексеріп келген соң, анықталған олқылықтар мен әкімнің атына жазылған қызметтік хатта көрсетілген ұсыныстарға сәйкес, онымен жасалған еңбек келісім-шарты бұзылыпты. Бұл шешімге көңілі толмайтын Галина Петровна сотқа шағымданған екен. Бұған дейін де екі мәрте жұмыстан шығарылып, кейін сот арқылы қайта орнына орналасқан ол бұл жолы мемлекеттік органдар сотқа ықпал жасауы мүмкін деген қорқынышын білдірді. Бұл ретте, облыс әкімі бүгінде сот кез-келген арыз-шағымды заң шеңберінде шешетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, бұл екі азаматша аудандағы басқа да тұрғындардың азаматтық қатынастағы мәселелерін айтып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты көңіл толмаушылық сын-пікірлерін білдірді. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев оларға кез-келген мәселенің өз шешімі болатындығын айтып, барлық арыз-өтініштерін қағаз бетіне түсіріп, өзіне тапсыруларын өтінді. Тек содан кейін ғана әр мәселе бойынша жеке-жеке тиісті басшыларға тапсырма беретіндігін ескертті.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар