Аймағымызда соңғы жылдары құрылыс көп салынуда

Жылдар жылнамасы жазылған күнтізбе күнделігінде тамыздың екінші жексенбісі құрыш қолды құрылысшылар күні деп белгіленген. Құрылыс – өңір экономикасының күретамыры ғой. Аймақтың ажарын ашатын зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер, сәулет өнерінің теңдессіз туындылары, әлеуметтік нысандар мен мыңдаған шақырым жолдар осы құрылысшылардың еселі һәм табанды еңбегінің жемісі деп білеміз.

Ақмола облысында соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Облыс орталығы Көкшетау қаласының өзі көзсуырар көркем ғимараттарымен ерекшеленуде. Қопа көлінің жағалауы тіптен түрлене түскен. Су жаңа «Сарыарқа» мөлтек ауданы да Көкшетаудың көзмоншағы іспетті. Тарихы тереңде жатқан қойнауы құт, келбеті көркем Көкшетаудың ажары айшықтала түскендей.
Бір ғана Көкшетауда емес, біртұтас өңірімізде тұрғын үй бағдарламалары да жақсы жолға қойылып, құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Биыл да Ақмола облысында әлеуметтік саланың 53 жобасы қолға алынбақ. Атап айтсақ, 27 нысан білім беру саласында, 3-еуі денсаулық сақтау саласында, 1 нысан құқық тәртібі бойынша, екі өндірістік, екі мәдени, бес спорт, екі әкімшілік және тағы басқа салалар бойынша 11 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы атап өткен 53 жобаның 28-ін пайдалануға беру көзделіп отыр. Мәселен, денсаулық сақтау бағыты бойынша 2021 жылға үш жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтсақ, Целиноград ауданында 25 орындық бір дәрігерлік амбулатория, 100 орындық бір емхана, бір алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы ашылады. Сонымен қатар, 2021 жылға Бурабай ауданының ішкі істер бөліміне қарасты Боровской кенттік полиция бөлімінің құрылысы нысанын салу жоспарланған.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы Бұланды ауданында екі нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Атбасар ауданының «Бастау» ауылында жастардың бос уақытын өткізу орталығының құрылысы, Көкшетау қаласында шаңғы-роллерлік трассасы мәдениет және демалыс саябағының құрылысы қолға алынды. Аталған нысандар ағымдағы жылы қолданысқа берілмек. Биыл Ерейментау, Есіл, Целиноград, Жақсы, Сандықтау аудандарында спорт стадиондарын қайта жаңарту жоспарланған, оның ішінде 2021 жылы Целиноград пен Ерейментау аудандарындағы екі дене сауықтыру кешені пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ақмола облысында 2025 жылға дейін (барлық қаржыландыру көздері есебінен) 3,4 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Алдағы үш жылда (барлық қаржыландыру көздері есебінен) 2,2 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Тарқатып айтар болсақ, Көкшетау қаласында 919,6 мың шаршы метр, Степногорск қаласында 33,8 мың шаршы метр, облыс аудандары 1206,1 мың шаршы метр.
Ақмола облысында 2022-2024 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытуға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге сомасында үш жылдық қаржыландыру жоспарын алдын ала қолдады. Сонымен қатар, бұл сома жыл сайын республикалық бюджеттерді нақтылау кезінде ақша қаражатын бөлу есебінен ұлғаятын болады. 2021 жылы тұрғын үй құрылысына республикалық және облыстық бюджеттердің қаражаты есебінен 12,6 миллиард теңге көзделген. «Жол картасына» сәйкес ағымдағы жылы 615 мың шаршы метр жаңа тұрғын үйді, оның ішінде көп балалы отбасылар үшін 26 мың шаршы метр пайдалануға беру қажет. Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 239,7 мың шаршы метр (жылдық жоспардан 36,6 пайызы) пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 100,2 пайызды құрайды.
2021 жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысына 3 515,9 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, төрт мыңнан астам әлеуметтік мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ағымдағы жылы 800 әлеуметтік мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу есебінен жүзеге асырылады. Атап айтсақ, облыстың бес өңірінде: Ақкөл, Ерейментау, Целиноград, Шортанды аудандары және Көкшетау қаласында жалға берілетін тұрғын үй салу есебінен 668 отбасы баспаналы болады. Сонымен қатар, Отбасы Банкі әлеуметтік мұқтаж азаматтарды (оның ішінде көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар) жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асыруда.
Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту болып табылады. 2017 жылы бастау алған бағдарлама аясында Ақмола облысында 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй алаңы салынды. Тарқатып айтар болсақ, 2017 жылы – 426 мың, 2018 жылы – 478 мың, 2019 жылы – 534 мың және өткен жылы – 574 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Осының арқасында 17 мыңнан астам ақмолалық баспаналы болды. Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, Ақмола облысы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша көршілес өңірлермен салыстыратын болсақ көш бастап тұр. Егер 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 306 мың шаршы метр пайдалануға берілсе (ол облыста халық саны 549 мың адам), Қостанай облысында 379 мың шаршы метр (халық саны 868 мың адам), Павлодар облысында 372 мың шаршы метр (халық саны 752,0 мың адам), ал, Ақмола облысында 2020 жылдың қорытындысы бойынша 574 мың шаршы метр пайдалануға берілді (халық саны 737 мың адам).
Осындай қарқынды жұмыстың басы-қасында жүрген қызметкерлерімізге дән ризамыз. Құрылыс саласында қырық жыл бойы еңбек етіп жүрген жандардың бірі облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елена Жаңабайқызы. Ол өз қызметін қарапайым жұмысшыдан бастаған, яғни, өз ісін жетік білетін кәсіби шебер. Қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын әлеуметтік сала нысандарын салу бөлімінің бас маманы Галий Истислямов Валиевичтің де еңбегіне дән ризамыз. Сондай-ақ, өз ісіне аса ыждаһаттылықпен қарай білетін мамандардың бірі – Нұрсұлтан Әлімов. Ол тұрғын үй құрылысы және инженерлік желілер бөлімінің бас маманы, болашағынан зор үміт күттіретін жастарымыздың бірі. Жалпы біздің ұжымда бойында іскерлік мен жауапкершілік, адамгершілік сияқты абзал қасиеттеріне кәсіби шеберлігі ұштасқан зердесі биік, білімі терең қызметкерлер баршылық.
Мереке қарсаңында алдымен осы саланың ардагерлеріне зор алғыс білдіргім келеді. Олар қашанда ақыл-кеңестерін аямай, өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Кәсіби мереке баршамызға құтты болсын! Баршаңыздың отбасыларына амандық, жұмыста табыс тілемін!
Марат ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық құрылыс басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар