Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көңілден шығатын істер бар - АРҚА АЖАРЫ

Көңілден шығатын істер бар

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Шортанды және Бұланды аудандарында болып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

ШОРТАНДЫ. Научный кентінде ағымдағы жылы көше жолдары жөндеуден өткізілуде. Мұнда маусым айында орталық көшелердің бірінде ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жолдың жабынын төсеу басталған. 62 миллион теңгенің аталмыш жобасы бойынша жөндеу жұмыстарын мердігер компания «Көкшетау Жолдары» серіктестігі абыроймен орындап тапсырыпты.
–Соңғы екі жылда жол инфрақұрылымын жаңғырту әрбір ауылдық округті қамтып отыр. Өткен жылы аудан бойынша 25 шақырымнан астам жол жөнделсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 44 шақырымға жетті. Құрылыс маусымының қорытындысы кезінде бұл көрсеткіш одан да әрі артады, – деді аудан басшысы Ғайдар Қасенов. Бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді игерудің арқасында ағымдағы жылы Шортанды кентінің, Жолымбет және Новокубанка ауылдарының көше жолдарының желісін жөндеуге бюджеттен қосымша 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінетін болды.
–Шортанды ауданында жол құрылысы жақсы жүріп жатыр, басқа өңірлерде бұл жағынан түрлі мәселелер туындауда. Мәселен жобалардың конкурстары ұзаққа созылып кетіп, мердігерлерді таба алмайтын жағдайлар көп. Сондықтан, біз қаражатты қайта бөлеміз, оған қоса бюджеттің кіріс бөлігі ұлғаяды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жақсы қарқынмен өсіп келе жатқаны қуантады, –деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Облыс әкімі мердігерлерге қойылатын талаптардың бұрынғыша сақталатынын ескертіп, қаражатты уақытылы игеріп, жұмыстың сапасына назар аударуды тапсырды. Степное ауылының тұрғындары медициналық қызметтерді енді өз елді мекендерінен алыс шықпай-ақ ала алады. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мұнда ауысымына 25 келушіге арналған заманауи дәрігерлік амбулатория салынды. Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері Руслан Бутембаев:
–Медициналық мекеме Научный кенті мен Степное ауылының тұрғындарына қызмет көрсетеді, мұнда тіркелген халықтың жалпы саны -2 700 адам. Амбулаторияда штаттық кестеге сәйкес 20 маман қызмет етеді, – деді. Шортанды ауылында салынып жатқан 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңында облыс әкімі мердігер ұйым мен ауданның құрылыс бөлімінің жұмысын сынға алды. Бұл үйдегі пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде көп балалы отбасыларға арналған. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап құрылысшылар төрт қабатты үйдің небары біреуін ғана көтеріпті.
–Егер құрылыс материалдарын жеткізу мен қаржыландыру жағынан мәселелер туындамаса, құрылыс қарқынын жеделдету қажет. Міне, күз де таяп қалды, ертең жаңбыр деп тағы да кідірістер орын алуы мүмкін. Сол себепті, құрылыс бөлімі күн сайын тұрғын үй секілді маңызды нысандардағы жұмыстардың жүргізілуін бақылауда ұстап отырулары керек, – деді аймақ басшысы.
Бұдан әрі облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан стадионға барып, ондағы жұмыс қарқынымен танысты. Ермек Боранбайұлы атап өткендей, нысанның жөнделуіне қазынадан 240 миллион теңге бағытталыпты. Сол себепті, өңір басшысы мердігер компания мен осы салаға жауапты бөлім басшыларынан нысанның толық жұмыс істеуін қадағалауды талап етті. Сондай-ақ, өңір басшысы ауданға сапары кезінде Шортанды кентінің орталығына көшірілген Абылай хан ескерткішінің аумағындағы абаттандыру жұмыстарының деңгейін көріп, өткен жылы ашылған жергілікті сыра қайнату зауытына барды.
БҰЛАНДЫ. Облыс әкімі Макинск қаласындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаны қарап шықты. Ағымдағы жылы аудан орталығының Балуан Шолақ көшесіндегі автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіле бастаған. Жобаның құны –
229 миллион теңге. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес жолдың жүру бөлігіндегі асфальтты ауыстырудан бөлек, жарықтандыру, тротуарларда жауын-шашын суларын ағызып жіберетін ағын орнату қарастырылған. Тамыз айының соңына қарай жоба пайдалануға берілуі тиіс, жұмыс қарқынына қарап құрылыс уақытында аяқталады деген үміт бар. Аудан әкімі Талғат Ерсейітовтің айтуынша, ағымдағы жылы аумақтың инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған екен. Оның жартысына жуығы Макинск қаласының көше-жол желісін орташа және ағымдағы жөндеуге бағытталған.
– Макинск тротуары жоқ жалғыз аудан орталығы болатын, бұл жобаның маңыздылығы да сонда. Зертханалық бақылау құрылыстың әрбір кезеңінде жүргізілуі тиіс, кейін ешқандай мәселе туындамауы керек. Мердігердің жергілікті жерден болғаны дұрыс, – деді Ермек Маржықпаев.
Талғат Ерсейітов өз кезегінде ауданның басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобалары туралы баяндады. Солардың бірі жылумен қамтамасыз етуге қатысты. Жылыту маусымының басында Макинск қаласында жаңа модульдік қазандық іске қосылады. Осы жобаның арқасында қалада жылумен қамту сапасы жақсарып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосымша тағы абоненттерді қосу мүмкіндігі пайда болады.
Аудан орталығындағы №2 орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Білім ордасын жаңарту туралы шешім осыдан екі жыл бұрын қабылданған болатын. Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы келбетін ғана емес, ішін де қазіргі заманға сай деңгейге жеткізу көзделген. Жобада қарастырылғандай терезелері мен шатыры ауыстырылып, ғимараттың қасбеті де жөндеуден өткізіледі. Бұл арада аймақ басшысы мердігерге нысанның жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын болуын тапсырды.
«Бота-2015» серіктестігі салып жатқан өсімдік майын өндіру зауыты қазіргі уақытта іске қосу кезеңінде тұр екен. Серіктестіктің атқарушы директоры Василий Боревичтің айтуынша, монтаждау және іске қосу жұмыстары жоспарға сай ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Тәулігіне 600 тоннаға дейін май өндіруге қауқарлы зауытқа кез-келген май тұқымы шикізат бола алады. Бұл жерде биыл егіннің майлы тұқымын өңдей бастайды деген сенім зор. –Мұндай зауыт солтүстік өңірлерде жоқ, жоба тек аудан үшін ғана емес, жалпы облыс үшін де маңызды. Инновациялық жабдықтар мен технологиялылық деңгейі еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырады. Ең бастысы, қуаттылық жүктемесі үдеден шығатындай шикізатымыз бар, – деп атап өтті облыс әкімі. «Бота -2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолға алған тағы бір жобасы – жиырма жыл бойы бос тұрған 60 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңарту. Қазан айында үй пайдалануға беріледі. Сапар соңында Ермек Маржықпаев жаңа «Sсandi» қонақ үй кешеніне барды.
Алексей ЧАЙКА,
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар