Сандықтау құрылысымен де сәнді

Біздің ауданда соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, аудан орталығының кез-келген көшесінде бой көтерген әсем ғимараттар көңіл желпінтеді. Осы ретте, мемлекеттік бағдарламалар шарапатымен сап түзеген тұрғын үйлер тізбегі аудан ажарын аша түсуде. Ауданымыз құрылыс қарқыны бойынша облыста алдыңғы қатарда тұр. Аудан орталығын айтпағанда, ауылдардың өзінде жаңа нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілуде.

Аудан халқы үшін баспана мәселесі де оңтайлы шешіліп келеді. Мәселен, аудан орталығында жалпы ауданы 10,125 мың шаршы метрді құрайтын екі 36 пәтерлі тұрғын үйдің және 45 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нысандар пайдалануға берілген күні аудандағы 117 отбасы жыл соңында баспаналы болады. Жаңа пәтер кілтін алып, қуанышқа бөленетіндердің қатарында көбіне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Жалпы аймақта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Ағымдағы жылы Каменка, Новоромановка және Белгородск ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Балкашино ауылында жастардың бос уақытын өткізу орталығының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сонымен қатар, Балкашино ауылының орталық алаңын абаттандырудың эскиздік жобасы да дайын.
Қазіргі уақытта инженерлік желілер, оның ішінде жылу трассасы, сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау құрылысы жүргізілуде. Блокты-модульді қазандыққа 12 көппәтерлі тұрғын үйді қосу үшін, сондай-ақ, Балкашино ауылында стадионды қайта жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен Балкашино селосында жалпы алаңы алты мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. 2017-2018 жылдары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2020 жылы бастау алған екі 36 пәтерлі және 45 пәтерлі бір үйдің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Тәуелсіздік жылдары атқарылған ілкімді шаруалар аз емес. Мәселен, Балкашино ауылындағы Абылай хан және Абай көшелерінде ұзындығы 2,2 шақырым жарықтандыру желілері салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауылда заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Мәдениет, Максимовка, Ұлан ауылдарында су құбыры желілері қайта жаңартылды. Каменка, Новоромановка селоларында да халық игілігі үшін су құбыры желілеріне, Красная поляна, Петриковка, Арбузинка селоларында топтық су құбырының құрылысына, Белгородск селосында су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.
Кез-келген құрылыстың сапасына мән беру басты мақсатымыз. Бәрін қадағалап отырамыз. Кемшіліктерді де дер кезінде түзетіп, уақытты оздырмай, белгіленген күні нысанды пайдалануға беруге тырысамыз. Себебі, әрбір әлеуметтік нысан ел назарында.
Халық арасында «Сәулетіне қарап, дәулетін таны» деген сөз бар. Соңғы жылдары ауданымызда жүріп жатқан құрылыс қарқынына қарап, аудан экономикасының дамуында жақсы үдерістің бар екендігін байқауға болады. Біз алдағы уақытта да, еліміздің гүлденуі жолында еселі еңбек етуге қашанда даярмыз!
Николай ДЕОБАЛЬД,
Сандықтау аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар