● Аудан бойынша бірінші жартыжылдықта өнеркәсіптік өнім көлемі 1587,8 миллион теңгені құрады.
● Өнеркәсіптік өндіріс индексі 115,0 пайызға тең. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 3047,5 миллион теңгені құрайды.
● Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 5262,5 миллион теңге. 911,7 миллион теңгеге немесе өткен жылдағыдан 187,4 пайызға артық болатын құрылыс жүргізілді.
● Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция 50,9 миллион теңгеге тең, яғни, бұл былтырғыдан 11,8 пайызға көп.
● Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылында 866 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы есептік кезеңмен салыстырғанда 25,9 пайызға артық.
● Есіл қаласында инженерлік желілері бар тұрғын үйге мемлекеттік бюджеттен 343,08 миллион теңге бөлінді, қаражат толық игеріліп, тұрғындар пәтер кілттерін алды.
● Есептік мерзімде 200 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. 9,1 миллион теңге көлемінде 3 шағын несие берілді.
Есіл қаласының әкімі Ғазиз АЙТМҰХАМБЕТОВ:
«Әкімнің қолдаушысы да, сыншысы да халық»
Менің ойымша, әкімнің абыройлы қызметіне жалғыз өзінің ғана емес, тұрғындардың да тікелей қатысы бар. Өлкені дамытуға оның басшысы қалай жауапты болса, халқы да солай еңбегімен үлес қосуы тиіс. Қарапайым мысал, тұрғындар өзі тұрып жатқан үйдің ауласын таза ұстаса, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбаса, бұл да халықтың мәдениеттілігін көрсетеді. Әкім қызметі халықтың көз алдында болғаннан кейін, оған бағасын беретін де сол халық. Әкімнің сыншысы да, қолдаушысы да халық болады. Тұрғындар өзі сайлаған әкімді сырттан ешкім алып тастай алмайды.
Осылайша елімізде орын алған саяси өзгерістерге қатысты өз ойымды білдіре отыра, Есіл қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы тоқталғым келеді. Биыл қаланың құрылғанына 58 жыл. Оның алдында Есіл кент болатын. Қазір тұрғындардың саны 10 мыңға жуық. Оның 30 пайызын қазақтар құраса, қалғандары өзге ұлттың өкілдері.
Үстіміздегі жылы Есіл қаласын абаттандыру мақсатында облыстық бюджеттен 87 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған қоса, 160 миллион теңге қаладағы автокөлік жолдарын жөндеуге бағытталып отыр. Қаламызда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін бұл қомақты қаражатқа биыл ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар қолға алынды. Атап айтсам, қаланың солтүстік бөлігінде жаңа саябақ салынуда. Мұңайтпасов көшесінің бойында 2700 шаршы метр аумақты алып жатқан саябақта тұрғындардың демалуына барлық жағдайлар жасалады. Жүргіншілер жолы, орындықтар болады, ағаш отырғызылады. «Ақсу-Есіл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын мерзімінен кешіктірмей жүргізуде. Тұрғындар жаңа саябақтың игілігін алдағы күзде көре алады. Осы арада атап өткім келетіні, бас жоспарға сәйкес, алдымызда қаланың солтүстігін дамыту міндеті тұр. Сол себепті, саябақ та, көппәтерлі тұрғын үйлер де сол жақта бой көтеруде. Қаладағы теміржол вокзалының алдындағы саябақ та биыл абаттандырылды. 600 шаршы метр аумаққа кеспе тастардан алаң салып, жаңадан орындықтар қойдық, гүлзарлар отырғызылды.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің маңында 5 балалар спорттық-сауықтыру алаңдары орнатылады. Ол ойын алаңдарына тек сол тұрғын үйлердің ғана емес, қаланың бүкіл балалары барып ойнай алады. Мұны айтып отырғаным, Есіл шағын ғана қала, тұрғындар қаламызда жасалып жатқан жайлы өмір жағдайларына бірдей қол жеткізуі тиіс. Адамдармен кездесіп, сөйлескенде де саябақ, ойын алаңдары болсын, бір үйдің ғана меншігі емес екенін, ол барша тұрғындарға арналғанын айтып, түсіндіріп жатамыз. Есілдіктер үшін тағы бір жақсы жаңалық, үстіміздегі жылы қалада шағын футбол алаңы жасақталады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек» деген болатын. Қалада мемлекет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан жұмыстар өз алдына, онымен қоса қаланы көркейтуге осы елдің азаматтары да үлесін қосуда. Мәселен, кәсіпкерлер шіркеу салып берді.
Биылға дейін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болатын. Қазір ол шешілді. Қалада қосымша екі сорғыны іске қосып, қысымды көбейттік. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандардың барлығы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бірақ та, жылудың қысымы аз болғандықтан, бірқатар көшеге жылу дұрыс жетпей жатады. Жасыратыны жоқ, былтырғы қақаған қыста жылуды дұрыс бере алмадық. Мәселені шешу үшін жақында облыстық бюджет қаражатына қосымша блоктық модульдік жылу қазандығын орнатамыз.
Жеке қабылдауыма келетін азаматтар негізінен баспана мәселесін көтереді. Бізде қала бойынша 500-ден астам адам үй кезегінде тұр. Қарқынды құрылыс жүргізілмегесін, кезек тез жылжымай жатыр. Кезекте тұрғандардың көбі үйлері апатты жағдайда тұрған, басқа өңірлерден қоныс аударған азаматтар. Былтыр кезекте тұрғандарға 45 пәтерлік үйден пәтер берілген болатын. Биыл тағы 32 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалада тағы 45 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр, алайда ол азаматтарға несиеге беріледі. Жұмысқа келіп жатқан жас мамандар қызметтік баспанамен қамтамасыз етіледі.
Тұрғындардан жолдың сапасына қатысты шағымдар жиі түседі. Жоғарыда атап өткенімдей, биыл облыстық бюджеттен қаладағы автокөлік жолдарын жөндеуге 160 миллион теңге қаражат бөлінді. Қала әкімі болып жұмыс істеген алты жылда Есіл қаласын көркейтуге бюджеттен мұндай қомақты қаражат бөлінген емес. Жоспар бойынша жыл сайын 2-3 шақырым жол жөнделуде. Ендігі айтайын деген бір мәселе, жыл сайын біздегі шойынжолдың салықтары басқа жаққа кетіп жатыр. Қаланың дамуын тежеп тұрған өзекті мәселе де осы. Үкімет ауылдық жерлерге қосымша салық көздерін бөлу мәселесін қарастыруда. Сол бір жақты етілсе, бұл өз кезегінде қаланың да, ауданның да экономикасының алға басуына оң ықпалын тигізер еді. Және де көптеп инвестиция тарту мәселесін ойластыруымыз керек. Қазір қалада сырттан ешқандай инвестиция жоқ. Әнебір жылдары зауыт саламыз деп қытайлар келіп еді, бірақ ол іске аспады. Бізге сауда-саттықпен айналысатын, арзаннан алып келіп, қымбатқа сататын кәсіпкерлерден ешқандай пайда жоқ. Өнім шығаратын, қайта өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорындар қажет. Бұл бір жағынан тұрғындарға жұмыс орны болса, екінші жағынан өңір экономикасы да дами түсері анық. Жақсы жұмыс орындары ашылса, жастар да осында тұрақтап қалады ғой.
Заң бойынша азаматтарды қабылдау күні сәрсенбі мен жұмаға белгіленгенімен, жеке қабылдауыма тұрғындар күн сайын келеді. Кейде мәселелерін телефонмен де айтады. Көшеде жаяу жиі жүремін, сол кезде де толғандырған сауалдарын қойып алады. Уақытпен санаспай, әрқайсысының өтініштерін шамам келгенше қанағаттандыруға тырысамын.
Биылғы өткен әкімдер сайлауынан халық зор үміт күткені белгілі. Жаңадан сайланған әкімдер мобильді, озық ойлы, мемлекет қаражатына қарап отырмай, ауылды өзі-ақ қамтамасыз ететіндей болуы керек деп айтылып жатыр. Ең бастысы, «әкім бол, халыққа жақын бол» деген аталы сөзді аттап кетпеуіміз керек. Бәріміз ең әуелі еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге тиіспіз.
Қуаңшылық айналып өтпегенімен, 38 мың тонна шөп дайындалды
Биыл ауданда шөпке деген сұраныс 54 мың тоннаны құрап отыр. Осы уақытқа дейін өңірде 38 мың тонна шөп дайындалды, бұл барлық қажеттіліктің 70,4 пайызын құрайды. Сондай-ақ, қорда әлі былтырдан қалған 4 мың тонна шөп бар.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайрат Ахметжановтың айтуынша, қысқы мал азығын дайындау одан әрі жалғасуда. Биылғы жылы жер-жерде болып жатқан құрғақшылық Есіл ауданын да айналып өтпеді. Мұнда да ылғал өте аз түскен. Мал азығын уақытында дайындап алудың қамын ойлаған шаруалар таңнан кешке дейін дала төсінде еселі еңбекке жұмылған.
Дәйек ретінде айта кетсек, өңірде шөп науқанына барлығы 80 бригада, 220 трактор, 150 тіркемелі дестелегіш, 30 шөп шабатын машина, 60 маялағыш, сондай-ақ, шөпті тайлап, буатын 80 техника жұмылдырылған. Олардың жұмыс қарқыны жоғары, шөптің шығымы әрқилы болса да, істері өнік деуімізге болады.
Шәкірттерін қолөнер сырына баулыған
Он саусағынан бал тамған қолөнерші Өміргүл Іргебаева көп балалы отбасында туып-өскен. Кішкентайынан анасынан киім тоқуды, құрақ құрауды үйренген ол бар өмірін ісмерлікпен байланыстырып келеді.
–Бұрынғы кездері аналарымыз не нәрсені болсын қолдан жасаған ғой. Менің де анам балаларға киім-кешекті өз қолымен тіккенді жөн көретін. Оның қолынан шыққан қазақи төркөрпе, кілемдер үйіміздің сәнін келтіріп тұратын. Ол іс мәшинесінің құлағын бұрай бастаса, мен де қасына барып отыра қалатынмын, – деген Өміргүл Тұрғынқызы анасынан үйренгенін жоғары оқу орнында оқып жүргенінде жетілдіре түскен. Міне, 20 жылдан бері Есіл қаласындағы №3 қазақ орта мектебінде еңбек пәнінен сабақ беріп, балаларға ісмерліктің қыр-сырын меңгертуде.
Оқушылары іс тігетін машинаға қалай отыруды, тігін тігуді, биссермен бұйымдар жасауды, бәрін біледі. Шәкірттерінің арасында ісмерлікті одан әрі жалғастырып жатқандар да бар. Қолөнермен айналысу қыз балаға ешқашан да артық етпейді дейді шебер.
–Баланың қолөнерге жақын, я жақын еместігін 8-9 жасар кезінен нақты байқауға болады. Оқушылардың сондай қабілетін сабақ үстінде бақылап отырамын. Баланың саусақ қозғаласы ширақ болса, бұйымды таза жасаса, «қолөнерші шығады» деп, болашағынан үміт күтуге болады. Қазір 10-11 сыныптарда еңбек сабағы оқытылмайды. Бұрындары жоғары сыныптардың оқушылары менің сабағымда құрақ көрпе тігіп, ішіне мақтасын салып, кәдімгі да-
йын күйінде үйлеріне алып баратын. Қыз бала болашақ жар, болашақ ана болғаннан кейін, олар үшін еңбек сабағы үлкен бір тәрбие мектебі, – деген кейіпкеріміздің және шәкірттерінің жасаған қолөнер бұйымдары бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық деңгейде өткен көрмелерге қойылып, көрерменнің ықыласына бөленген. Жуырда ісмер бірнеше бұйымын жуырда аудан орталығында ашылатын өлкетану музейіне тапсырғанын айтты. Ол қабілет-қарымы қанша жетіп тұрса да, тұрғындардан тапсырыс қабылдамайды. Өнерін ақшаға саудалағанша, бар білгенін балаға үйреткенді құп көреді. Шәкірттері қазақтың төл өнерін дамытып жатса, бұл ұстаз үшін үлкен мерей.
Суретте: қолөнер шебері Өміргүл Іргебаева (ортада) шәкірттерімен бірге.
Сүйсінетін болсаң, Бекзаттай жігітке сүйсін
Грепплинг және джиу-джитсу олимпиадалық спорт түрлеріне жатпаса да, дүниежүзінде кеңінен танымал. Джиу-джитсу алғаш күншығыс елінде пайда болса, грепплингпен бастапқыда Америка Құрама Штаттары айналыса бастапты.
Ал, қазір бұл спорт түрлерінен есілдік жастардың облыс төңірегінде алда келе жатқаны аудан үшін үлкен мерей. Бұл орайда Қазақстан Республикасының спорт шебері, Грэпплингтен Қазақстан чемпионы және «Asia open» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері Бекзат Баймұратовтың сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайды.
Бекзат 1994 жылы Жетісай өлкесінде дүниеге келген. Есілде 1999 жылдан бері тұрады. 2016 жылы жауынгерлік самбодан спорт шебері атағын иеленсе, 2017 жылы оған Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы берілді. 2018-2019 жылдары Грэпплинг бойынша Қазақстан чемпионаттарында жүлделі бірінші, үшінші орындарды иеленді. 2020 жылы Грэпплингтен Қазақстан кубогының жүлдегері, 2021 жылы осы спорттан Қазақстан чемпионы атанды. Онымен қоса, кейіпкеріміз еркін күрестен, қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберіне үміткер, жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионы.
–Спортқа алғаш 8 жасымда келдім. Ол кезде еркін күреспен айналысқан болатынмын. Қазір джиу-джитсу және грепплингпен шұғылданып жүрген себебім, бұл спорт өте қолайлы. Және «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қағидатқа сай мұнда күш тұрғысынан әлсіз адамға өзінен күші көп адамды жеңу ықтималдылығы жоғары. Сол себепті, бұл спортта күші асып-тасыған емес, көбіне білімді адамдар ұтады, – деген Бекзат бүгінде өзі құрған «esil_top» спорт клубында жастарды спортқа баулуда. Айтуынша, жастардың спортқа деген құлшыныстары мол. Қазіргі таңда үш шәкірті Әлем чемпионатына жолдама алған. Ал, биылғы жылдың маусымында Талдықорған қаласында өткен Грэпплингтен Қазақстан чемпионатында «esil_top» спорт клубының тәрбиеленушісі Полина Зуева 43 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған. Сондай-ақ, Павел Кириленко 59 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алған.
Спорт клубында жаттығуға ұлдарға қарағанда қыздар көп келеді екен, себебі джиу-джитсу мен грепплинг нәзік жандылардың да табиғатына келеді. Бір кездері Бекзат есілдік жасөспірімдерді әскери самбо және қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатына дайындап, шәкірттері жүлделі орындардан көрініп те үлгерген.
Қолдау болса, спорт кез-келген жерде дами беретіні сөзсіз. Бұл мәселе ауданда жақсы жолға қойылған. Аудан басшылығы, күрес федерациясы спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп отырады. Жуырда «Тней-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бекзат басқаратын «esil_top» спорт клубының ресми демеушісі болуға келісіпті. Сөз соңында Бекзаттың биыл Есіл аудандық мәслихатына депутат болып сайланғанын да айта кеткеніміз артық болмас. Үстіміздегі жылы спортшы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысқан. Өңірде балалар спортын дамытуды мақсат еткен спортшыға тек алға дейміз.
Айналасына жанашыр Адина
Қызметтің соңынан жүреміз деп жақынының қалын сұрауға уақыт таппайтын жандар бүгінгі заманымызда тіпті көбейіп кеткендей. Кейде көшеде тиын-тебен сұрап отырған бейбақтарды көргенде көкейге сондай ой келеді. «Берген садақамызды ішімдікке жұмсайды» деп, жайған алақандарына сенімсіздікпен қарап өтетініміз де рас.
Есілдік волонтер Адина Еркебұланованың аудан орталығында тұрып жатқан жалғызбасты қарияға жасаған көмегі жайлы әңгімесін тыңдап, еріктілік жүрегі кең адамның ғана қолынан келетін іс екеніне көзіміз жете түскендей болды. Кейіпкеріміздің волонтер болуына былтыр аталып өткен Волонтер жылы себепші болыпты. Еліміздің түкпір-түкпірінде жақсы адамдар қайырымдылық жасауды бастап кеткенде, ол да мұндай іс қолынан келетінін түсінген.
Алғашында, аудандағы жастар ресурстық орталығының, агротехникалық колледждің еріктілерімен бірге сенбіліктер, «Таза қала» акцияларын ұйымдастырса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына өз қаржыларына ойыншық, киім-кешек сатып әперген. Биыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен «Игі істер» күніне орай, өзі жұмыс істейтін аудандық ішкі саясат бөлімі жанындағы тілдерді оқыту орталығының оқытушыларымен бірлесіп, мұқтаж жандарға азық түлік, балаларға сыйлықтар таратқан. Осы волонтерлердің шапағаты тиген отбасылар олардың есімдерін айтып, тілеулерін тілеп жүретін көрінеді. Аудан орталығының ішінде қоғамдық көлік қатынамайтындықтан, адамдарға көмектерін жаяу жүріп көрсетуге, әрі өз қалталарынан қаражат жұмсауға тура келсе де, волонтерлер осы тірліктеріне риза.
–Аудан жұртшылығы мені волонтер деп танып жүргенімен, әлі ел мақтайтындай іс істеген жоқпын деп ойлаймын. Меніңше, жақсылықты ешкімге жария етпей жасау керек. Себебі, оның жемісін қазір көрмесең де, ол күндердің күні өзіңе қайтып оралады. Адам садақа берген сайын, ол өзіңе еселеп келеді. Бірде жалғызбасты анаға қол ұшымызды берген едік, оның 4 жасар баласы бізді жақсы көріп қалғаны сонша, көшеде кездессек қуанады, – деп, қарапайымдылығынан танбаған Адинаның қайырымды істеріне оның жан-жары да қолдау білдіріп отыратынын ерекше атап өтсек дейміз. Адамгершіліктері зор ерлі-зайыптылар жоғарыда айтылған есілдік қарияның қамқоршысына айналған. Оны да кейіпкеріміз біз өтініп сұрағасын ғана айтты.
–Бір күні ауданымызда жанарынан айырылған қарияның тұрып жатқаны белгілі болды. Құжаты болмағаннан кейін ол мемлекеттен ешқандай көмек ала алмайды. Құжаттарын басқа мемлекеттен іздестіру қолымыздан келмегесін, оған өзіміз ара-тұра материалдық көмек көрсетейік, рухани демеу болайық деп шештік. Кейде үйден тамақ пісіріп апарамыз, қал-жағдайын біліп отырамыз. Жолдасым онымен алғаш кездескенде ішкілікке салынған адам шығар деп ойлады. Алайда, онымен жақынырақ таныса келе, оның ары да, жаны да таза, тек тағдыр тәлкегіне ұшырағанын түсінді. Қазір оған менен гөрі жолдасым көп қамқорлық жасайды. Бірер ай бұрын достарымен бірге барып, үйін сылап, тазалап берді, моншаға апарып жуындырды. Қарияның көзі көрмесе де, қол қусырып отырмайды, қыста үйдің ауласындағы қарды өзі тазалайды. Осының бәрін қандай да бір атақ үшін емес, тұрғындар ауданымызда сондай қарт адамның барын білсе екен, көмектерін көрсетсе екен деп айтып отырмын, – деді Адина Еркебұланова.
Шынымен де, айналасына жанашыр Адинаның жолдасымен қосылып жасап жүрген қайырымдылық ісі көпке, әсіресе біреуге қол ұшын беру былай тұрсын, өз шаңырағын шайқалтып кете баратын жастарға үлгі боларлықтай.