Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай – ұлылық өнегесі - АРҚА АЖАРЫ

Абай – ұлылық өнегесі

Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Өткен жылы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы бүкіл елімізде және әлемде кеңінен аталып өтілді.

Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, данышпан-ойшыл. Ол ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау ете білген ұлы тұлға.
Қадірлі Абай дәуір мен дәуірдің, заман мен заманның, тіпті тұтастай адамзат ой-танымының жаңғырып  жаңарған кезеңде өмір сүрді де, жаңа уақыт кезеңінде еліне жол сілтеген шырақшы болды. Тіпті, туған халқы ғана емес, адамзатқа ортақ жауап іздеген ол, арғы бергі дәуірдің ұлы тұлғаларымен ой арқылы тілдескен. Сондықтан да, қоғамды тереңнен тартып ой жүгірткен Абайдың қадір-қасиеті, сыр мен сымбаты жыл өткен сайын арта түседі.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы қазақтың ұстазы, ақыны,
ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады.
Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалаған. Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылғаны, яғни, осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылған.
Ұлы ақын әрі ойшыл Абай өзінің өлеңдерін бала кезінен жаза бастады. Бірақ, ол ақын ретінде алғаш рет XIX ғасырдың 80-жылдарының орта кезінен бастап таныла бастады. Бұл кезде Абай өз атынан «Жаз» («Жаздыкүн шілде болғанда…») деген өлеңін жариялаған болатын. Абай – «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» поэмалары мен этикалық-философиялық еңбегі «Қара сөздерді» жазды. Ақынның 1890-1898 жылдар аралығында жазылған «Қара сөздерінде» XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының болмысы зерделенді.
Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуге шақырды. Өзінің кейбір замандастарының бойындағы жаманшылық мінездерді – жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жеріне жеткізе әшкереледі. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі егіншілікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында халықты ғылыммен белсене айналысуға үндеді. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды. Оның пікірінше, адам болу үшін оның бойынан үш түрлі фактор табылуы тиіс. Біріншіден, баланың шыққан тегі жақсы болуы керек, екіншіден, оның әлеуметтік жағдайы немесе қоршаған ортасы жағымды болуы шарт, үшіншіден, балаға адамгершілік тұрғысында тәрбие берілуі қажет. Абай парақор билеушілерді, ашкөз судьяларды, надан молдаларды әшкерелеп отырды. Халықтың игілігіне жету жолындағы бұл қырсықты ғылым мен білім арқылы ғана жоюға болады деп есептеді. Ол жастарға үздіксіз еңбек етіп, білім алуды міндет етіп қойды. Білім алуға жұмылған еңбек әрқашанда жемісті және ізгілікті болатынын қадап айтты. Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол – оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді.
Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М.Лермонтовтың бірқатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Абай И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналатыны халқымыз үшін зор мақтаныш.

Интернет материалдары бойынша дайындаған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар