Музейлер ел игілігіне қызмет етуде

«Достар» мәдениет сарайында облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Музей – тарихты сақтау, насихаттау орталығы» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Музейлердің басшылары мен ғылыми қызметкерлері арасында өткен дөңгелек үстелді облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде:
– Ел тәуелсіздігін алған жылдары облыста бірқатар тарихи, мәдени нысандар бой көтеріп, жер-жерде әртүрлі музейлер ашыла бастады. Бұл жобалардың жас ұрпақ үшін патриоттық-тәрбиелік мәні зор. Ондағы құндылықтарды сақтап, жас ұрпаққа насихаттау, тарихтан хабардар ету біздің басты парызымыз, ­­­–деп атап өтіп, дөңгелек үстелге қатысушыларға сәттілік тіледі.
«М.Ғабдуллин музейінің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оны жетілдіру жолдары» тақырыбында аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Мейрамгүл Жолаушина баяндама жасады.
­–Музей жәдігерлері сонау ғасырлардан бері тарихтың куәгерлері. Музейде тұрған әрбір жәдігер әр дәуірдің тыныс-тіршілігінің көрінісі. Осы жәдігерлерді жас ұрпаққа таныту, ұлттық құндылықтарымызға насихат жұмыстарын жүргізу музей шеберлігіне байланысты. Жалпы, музейлердің мақсаты мен бағыттары бір болғанымен, саласы жағынан көпбейінді және тар бейінді болып бөлінеді. М.Ғабдуллин музейі тұлғалық бағытта болғандықтан, соңғысына жатады,– дей келе, музей жетістіктері мен қолға алынған маңызды жобалар туралы айтып берді.
Музей 2020 жылдан бері «Атадан қалған асыл сөз» және «Батыр ізімен» жобаларын қолға алыпты. Мұндағы басты жетістік алғашқы жоба негізінде Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы» қолжазбасының түпнұсқасы табылғандығы. 76 жылдан кейін табылған шығарманың электронды нұсқасы да-
йындалып, облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шықты. Қазіргі уақытта музейдің ғылыми қызметкерлері 19 бағытта жұмыс істеп жатыр. Барлық бағыт бойынша жинақталған материалдар құрастырылып, М.Ғабдуллиннің энциклопедиясы болып шығарылмақшы. «Батыр ізімен» жобасы аясында Алматы қаласында болған кезде Ләззат Жанатаеваның нұсқап жіберуі бойынша Президент архивінен Мәлік Ғабдуллиннің түпнұсқада жазылған 400 дана жәдігердің көшірмелері Көкшетауға жеткізіліпті. Олардың ішінде батырдың жазған хаттары, ғылыми еңбектері, ешқайда жарияланбаған фотосуреттері, 1943 жылы жазылған «Песня о Малике» деген туынды да бар екен.
–Жәдігерлер арасында арабша жазылған Арғынның шежіресі бар. Мәлік Ғабдуллиннің барлық ата тегі таратылып жазылыпты. «Қарашадан шыққан Қанай би» деп айтылатын тіркес бар еді ғой, сондағы «қараша» дегенді кедей таптың өкілі деп түсінетін едік, сөйтсек Қанай бидің Қараша деген атасы болыпты, деді ғылыми қызметкер Мейрамгүл Жолаушина. – Сондай-ақ, Алматыдағы «Арбаттың» қасында Мәліктің дүниелері сатылып тұрғанын көрген, «Кто есть кто» кітабының авторы Данияр Әшімбаев есімді азамат бәрін сатып алып, ондағы ең жақын архивке апарып тапсырыпты. Сондағы ең жақыны Президент архиві болып шығыпты. Енді сол «Арбаттың» маңындағы адамдарды әңгімеге шақырып, сөйлесіп көреміз бе деген ой бар. Мүмкін бұл заттарды батырдың біз таба алмай жүрген немересі Арсен, немесе Назия Ғабдуллинаның туыстарының біреуі сатып жүрген шығар. Егер солардың біреуі болса, онда олардың қолдарында басқа да қолжазбалар мен ғылыми-зерттеуді қажет ететін еңбектер де болуы тиіс. Осы мақсатта Алматыға барып, зерттеу жүргізу ойымызда бар.
Музей жетістіктеріне тоқталсақ, биыл «Рухани қазына – 2021» фестивалінде «Ең үздік сайт» және «Ең үздік музей» аталымдарын жеңіп алған болатын. Бұл республика бойынша өткен додаға қатысқан тар бейінді музей үшін үлкен жетістік саналатыны сөзсіз.
Бұдан әрі облыстық әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов, Көкшетау қаласының тарихы музейінің аға ғылыми қызметкері Күнсұлу Нұрғалиева, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Анар Дүйсенбаева өздері қызмет атқарып жүрген мекемелердегі жобалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы жан-жақты баяндап берді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар