Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сағындым әке, дауысыңды… - АРҚА АЖАРЫ

Сағындым әке, дауысыңды…

Жан әкем Жұмабай Қабділмәжитұлы өмірден өткелі үш жыл өте шығыпты. Жан жары анамыз Мәраш Нұрмағанбетқызы мен бауыр еті балаларының сағынбағын күні жоқ десек жалғандығы болмас еді. Әкеміз барда үйіміздің төрі толып, шаңырақтан шуақ нұры құйылып тұрғандай болатын. Біздің әкеміз Солтүстік Қазақстан облысына қарасты жақсылар ұшқан жасыл тау Сырымбеттің етегіндегі шоқ жұлдыздай шағын ғана Егіндіағаш ауылында 1939 жылы дүниеге келген.

Бір кезде төңіректегі қоғадай қалың ел ішінде «Егіндіағаштың бұзауына дейін ән салады» дейтұғын қалжың сөз жиі айтылатын. Әзіл болғанымен шындыққа бір табан жақын. Орта жүздің ішінде алдына ақын салмаған Орынбайдың кіндік қаны тамған жер. Бұл ауылдың қаптал шапан киген қарттары нағыз қазына еді. Атасы Мұқыштың жанына ерген бала Жұмабай сол қарттардың әсерлі әңгімелерін, өлең-жырларын құлағына құйып өсті. Сөз өнеріне деген ғашықтық қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне жетелеп әкелді. 1963 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қарағанды өңірінде қызмет етті. Қаламы жүйрік журналистің сан қилы мақалалары, көркем әңгіме бергісіз ойлы очерктері Қарағанды облыстық орталық Қазақстан, бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газеті, кейінгі «Көкшетау» газетінің беттерінде жарық көрді.
Журналистік қызметімен қатар өз бойындағы сан қырлы өнерін де құштай түсті. 1970 жылдардан бастап айтыскерлік қырымен жалпақ жұртқа таныла бастады. Ақын облыстық, республикалық айтыстарға да қатысты. Абылай хан, Бөгенбай батыр, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Кенесары, Мағжан Жұмабаев, Майлықожа, Қашаған жырау, Бұқар жырау тойларында торғайлық Қабдан Байқасынов, қызылордалық Серік Ыдырысов, оралдық Сағынтай Бейсенғалиев, өзбекстандық Шалқар Отарбаев, қырғызстандық әйгілі «Жылқышы» әнінің авторы, сазгер, айтыскер, жыршы Әшірәлі Айталиев, қызылжарлық Кеңес Тынымбаев, Нұрлан Қасымов тәрізді ақындармен сайысқа түсті. Осы айтыстардың сақталған кейбір мәтіндеріне көз жүгіртіп, ой елегінен өткізсеңіз төрт аяғын тең басқан жорға екендігін қапысыз таңыр едіңіз. Ақын жырларында мазмұн мен мағына басым. Жылтырағы аз, есесіне пайымды пікір, орнықты ұсыныс мол. Бәлкім бұл жастайынан арыдағы арыстардың өлең-жырларын жаттап өскендіктің әсері шығар. Қалай болған күнде де бала жасында еркін сусындаған өнер мектебінің өрісі танылып тұрады екен.
Әкеміздің жұрт есінде қалған жарқын өнерінің бір қыры – жыршылық еді. Баяғыда, бала кезіңде «Алпамыс», «Ер Тарғын» тәрізді батырлар жырын жырласа, кейін ел ішіндегі жыршылық дәстүрмен, оның ішінде Байсейіт жырау дәстүрімен «Мұңлық-Зарлық» дастанын өзіндік мақаммен жырлауға машықтанды. Қазақтың классикалық поэмаларынан Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Мағжан Жұмабаевтың «Оқжетпестің қиясында» поэмаларын жатқа айтатын. Сондай-ақ, Біржан салдың, атасы Орынбайдың, Шал ақынның, Ақан серінің, Жамбылдың, Кемпірбайдың, Шөженің әр жылдарғы айтыстарын мақамға салып, нәшіне келтіріп айтып беретін.
Қазақ баспасөзіне 40 жылдан астам қызмет еткен қаламгер артына өлмес мұрасын, жыр жинақтарын қалдырды. Алғашқы жыр жинағын «Кеудемнің көкала үйрегі» деп атауы тегін емес. Келісті ақын Кемпірбайдың бұл күнде қанатты сөз тіркесіне айналған жыр жолының жалғыз шумағын биік талғамның белесі ретінде көрсеткен шығар, сірә. Өйткені, өмір бойы өлеңге адалдықпен қарауға машықтанған. Әкем келесі жинағын «Жыр – домбыра» деп атапты. Жинақты сүйсіне оқып отырып бірінен-бірі сұлу, бірінен-бірі мазмұнды өлең-жырлар құтты домбыраның шанағынан сыбызғыдай сызылып, сыбдырлап сыр айтып сорғалап жатқандай әсерде қаласыз. Оқырманды тәнті ететін дүние туған жер, туған ел туралы ойлы өлеңдер, тебіреністі толғаулар, әсіресе, «Астана», «Туған ел», «Қобыз сазы», «Ән – Біржан», «Бурабай», «Айыртау», «Көкшенің көркемі», «Жалғызтау» тәрізді лирикалық әндер әнге сұранып тұр.
«Сезім пернелері» деп аталатын екінші бөлімде өлең отына өрттенген ақын былай дейді:
Міне, әкемнің бойындағы сезімнің шарпысы, көрікті көңілдің толғануы. Қазына Жұмекеңнің көкірегіндегі көп дүние қайда қалды деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Бір парасы дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновте қалды. Әкем «Айыртау арыстары», «Кеудемнің көкала үйрегі», «Ғибрат», «Арқаның сал-серілері» және соңғы жинағы басылар кезде көп толқыды.
Орынбай ақынды менің әкемдей ешкім дәріптемеген шығар.
Уақты өткен сайын әке бейнесі сағындыра беретіндігі рас екен. Өзі еңбек еткен облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясына алғысымыз шексіз. Ақан сері көшесі бойындағы, «Көкшетау» мәдениет сарайына қарсы көп қабатты үйдің қабырғасына ескерткіш суретін орнатты. Артыңда өлмейтін белгі қалдырды. Ең басты белгі ел жүрегінде қалды. Біз балалары Гүлшат, Гауһар, Әсия, келіні Жанна, немерелері мен шөберелері әріптестерінің осы бір иманды шаруасын ешқашан ұмытпаймыз.
Қазақтың «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесің» дейтін сөзі шын екен. Кейде танымайтын адамдармен жүздесіп, амандық-саулық сұрасқанда Жұмабайдың баласымын десең жақсының жұрнағы екенсің ғой деп құрмет көрсетеді. Сонда барып әкеңді елдің қалай құрметтейтіндігін түсінесің.
Ендігі амал сол әке биігіне лайық болу. Иман байлығын тілеу.

Шоқан ЕСЕКЕЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар