Тамылжыған тамыздың он күні де артта қалды. Алда күз мезгілі. Бұл диқандар мен ауыл еңбеккерлері үшін мазасыз маусымдардың бірі. Биылғы егіннің шығымы қалай болмақ?
Бұл жағынан көңіл күпті. Күз келді дегенше, қыр астында қыс жатыр дей беріңіз. Астықты өлке саналатын Ақмола өңірінде бұрнағы жылдары ел қамбасына кемінде 5 миллион тоннадай астық құйылатын. Мамандар биыл өңірімізде бидайдың шығымдылығы аз екендігін айтып, болжам жасауда. Себебі, еліміз тап болған қуаңшылық Ақмола облысын да айналып өткен жоқ. Сонда да, қарбалас еңбектен ырыздығын ысырап қылмай жинауға асыққан диқаншылар әрбір сәтті қалт жібермей, демалыссыз жұмыс істеуде.
Былтыр жауын-шашын да, ыстық күндер де аз болмай, осының бәрі егіннің шығымына оң әсер етті. Сөйтіп, көп жерде жайқала өскен ырыздыққа тамыз айының бел ортасынан аса орақ салынды. Өнім мол болып, ақмолалықтар бүкіл еліміз өсірген астықтың ширек бөлігінен артығын құт қамбаға құйды. Сөйтіп, республикамыз бойынша жиналған астық мөлшерінен көрші облыстардан да, өзге аймақтардан да асып түсті.
Ал, биыл береке үшін аттанар сәт жақындай түскенімен, астық шығымдылығының қалай қалыптасары белгісіз. Көп жерде егін тапал әрі қуаңшылықтан ерте бас тартып қойған. Сондықтан, соңғы жаңбырлардың пайдасы шамалы болғалы тұр. Мұның бәрі халықты да алаңдатпай қоймауда. Астық бар жылдардың өзінде нан бағасы әрі-сәрі болып тұратынын ескерсек, биыл бұл жағдай қалай болмақ? Дегенмен, көңілдегі көп күдікті жеңіп, жерде барды шашпай-төкпей, дер мезгілінде жинап алуымыз керек. Бұл диқанның серті мен міндеті.
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл өңірімізде 5 миллионға жуық гектар жерге дәнді дақылдар себілген. Бұл – өткен жылдың деңгейінен 179 мың гектарға жоғары. Дәнді және бұршақты дақылдар 191 мың гектар, картоп 20,6 мың гектар, көкөністер 3,5 мың гектар алаңда, өсірілуде, бұл да өткен жылдың көрсеткіштерінен 6.3 мың гектарға жоғары.
Облыс диқандары көктемгі дала жұмыстары алдында топырақтағы ылғалды сақтау, егіс алдындағы өңдеу бойынша барлық қажетті іс-шаралар кешенін, сондай-ақ, егіс кезеңінде агротехникалық және химиялық тәсілдерді жүргізгеніне қарамастан, биылғы қуаңшылықтың салдарынан өнімділік ойдағыдай болмайын деп тұр. Мамандардың айтуынша, 48.6 мың гектар дәнді дақылдар мен 5.9 мың гектар майлы дақылдар қуаңшылыққа ұрынған деген болжам бар.
Биылғы жылдың өнімін жинауға 8,4 мың астық жинайтын комбайн, оның ішінде 4,1 мың қазіргі заманғы жоғары өнімді комбайн (2020 жылы 3,7 мың болған еді), сондай-ақ, 2,5 мың дестелегіш тартылмақшы. Қазіргі таңда астық жинау комбайндары, дестелегіштер, механикаландырылған токтар және астық кептіргіштер алдағы ораққа сақадай сай.
Қолда бар техника паркін ұлғайтуда инвестициялық субсидиялау және техника лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидия-
лау сияқты мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарғанын атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың алты айында облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 326 трактор, 137 комбайн және 79 егіс кешенін сатып алды. Бұл мақсатқа 37,6 миллиард теңге қаржы жұмсалды.
Облыстық ауыл шарушылығы басқармасының мәліметі бойынша 2021 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне 77 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі бөлінді. Дизель отынының босату бағасы мұнай өңдеу зауыттарынан тоннасына 189 мың теңгені құрайды. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының түпкілікті сату бағасы 1 литріне 184 теңгеден айналды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.