Грузия соңғы жеті күнде 100 мың адамға шаққанда бір тәулікте коронавирус жұқтыру саны бойынша әлемде бірінші орында, ал, адам өлімі бойынша төртінші орында тұр.
The New York Times басылымның деректеріне сәйкес, Грузияда ауру жұқтырудың орташа тәуліктік көрсеткіші 3 758 адамды, ал, қайтыс болғандар саны – 36 адамды құрайды. Грузия қазір коронавирустың төртінші толқынында тұр. Соңғы 24 сағатта елде 5697 адам ауруға шалдығып, 54 адам COVID-19-дан көз жұмған. Бұл пандемия басталған уақыттың ішіндегі рекордтық көрсеткіш екен. Дүйсенбі күні билік жаңа шектеулер енгізілетінін жариялады. 10 тамыздан бастап елде тек жабық кеңістікте емес, 5 адам жиналатын ашық ауада да маска тағу міндеттелген. Үйлену тойына, жерлеу рәсіміне, мерейтойлар мен басқа да шараларға салынған тыйым қатты қадағаланады. Сондай-ақ, түнгі уақытта клубтар мен мейрамханалардың жұмысына рұқсат етілмейді. Вакцинаның тек бір дозасын алғандар саны 7 тамызда 664 997 адамға жеткен. Бұл Грузия халқының 17,8 пайызын ғана құрайды. Екі дозасын 204 234 азамат қабылдаған.