Тәуелсіздік жылнамасындағы – Жарқайың ауданы

● Жарқайың ауданы еліміздің астықты өлкелерінің бірі. Жалпы алғанда 600 мың гектардан астам егістік алқабы бар. Ауданның экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші жыл санап артуда. Мәселен, 2021 жылғы қаңтар-мамыр айында аудан кәсіпорындары 1168,0 миллион теңге сомасына өнеркәсіптік сипаттағы өнімдер шығарды.
● Ал, тау-кен өндіру өнеркәсібі 11,6 миллион теңге сомасына өнім өндіріп отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 1826,9 миллион теңгені құрайды.
● Аудан шаруашылықтарының барлық санаттарындағы ірі қара мал басының жалпы саны 57 278 бас, оның 15106 басы ірі қара мал, 33155-і қой мен ешкі. Жылқы саны 8874 басты құрайды. Ауданда алты айдың ішінде тірі салмақта 1074,2 тонна ет сатылып, 3734,2 тонна сүт өндірілген.
● Өңдеу өнеркәсібінде 670,9 миллион теңге сомасына өнім өндірілді. Ауданның негізгі капиталына 3109,1 миллион теңге инвестиция тартылды, бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе көп. 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 148,1 миллион теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылы 1017,0 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
● 2021 жылдың бес айында бөлшек тауар айналымының көлемі 679,0 миллион теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылы 312 жаңа жұмыс орны ашылса, олардың 169-ы тұрақты жұмыс орны.
● 2021 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін дамытуды, көлік инфрақұрылымы және спорт объектілерін жөндеуді көздейтін жобаларды іске асыруға 837,7 миллион теңге жұмсалмақшы.

Тасөткелдің тартымды тірлігі қуантады

Ел десе елеңдемей тұра алмаймыз. Елдегінің барлығы бауырымыз емес пе?! Иә, «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» ғой. Құт қонған, кие дарыған өлкеге қашанда бүйрегіміз бұрып тұратыны да содан. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елге барсақ, жүдеген ел тұрмысын көріп, көңіліміз күз, жүрегіміз мұз болып қайтатын еді. Себебі, кез-келген қазақ ауылдың жақсылығына сүйсінеді, жамандығына күйінеді ғой.

Жағдайы келмей тұрған елді көргенде ауыл азаматтары қайда екен деп елеңдейтініміз де, тіпті көбіне бар мәселені ауыл әкімімен де байланыстыратынымыз да сол. Қазақ «Ауылына қарап, азаматын таны» деген бекерден бекер емес-ау! Біз таяуда облыс орталығынан сонау шалғайда жатқан Тасөткел ауылына барып, ондағы ауыл тұрмысымен етене танысып қайттық.
Тасөткелге дейін жол азабын тартады екенсің. Бірақ, ауылдық әкімдіктегілер бұл мәселе де түбі бір шешімін табады деп сендірді. Жолшыбай селкілдеп жетсек те, жүрек ауыл дегесін бе өлеңге шүпілдеп, толқып барды. Ауылға арнап жазған өлеңімді іштей қайталай бердім.
Құлагер көңілім сезім боп желеді,
Мен саған асықпын, ғашықпын себебі.
Қара жер қойнына кірсем де бір күні,
Төсіңде бүр жарған гүл болғым келеді!..
Әдеттегідей өлең менің жүрегімді жырға толтырып, көңілімді гүлмен көмкерді. Өлең оқып отырып, елге де жетіп қалдық. Ауылға ат басын бұрған сәттен-ақ, ауыл көшелерінің мұнтаздай тап-таза екендігін аңғардық. Орталықта балаларға арналған ойын алаңы да бар екен. Асыр салып жүгірген балалар, бейқам тірлік, шат-шадыман шаттық күн нұрымен шағылысып шағын ауылдың шырайын аша түскендей.
Бұл ойын алаңын осы елдің тұрғыны, «Темірлан» серіктестігінің басшысы Ерлан Алиннің ауыл балаларына Елорда күніне орай жасаған тартуы. Бұл мақсатқа меценат өз қаржысынан 10 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсаған екен. Сонымен қатар, алаңның аумағын абаттандырып, жүзге жуық қарағай көшеттерін отырғызыпты. Бұл – меценат Ерлан Алиннің өз жерлестеріне жасаған алғашқы жақсылығы емес. Бүгінде Тасөткелдің осылай жайнап, жасанып, гүлденіп тұрғаны алдымен Ерландай азаматтың арқасы дейді тұрғындардың өзі.
– Біз өткен жылы осы Тасөткел ауылына Арқалықтан отбасымызбен көшіп келдік. Өзім өнер жолында жүрген азаматпын. Қазір осындағы мәдениет үйінің қызметкері болып жұмыс істеймін. Жанжарым Жадыра Бейсембаева медицина қызметкері. Бір баламыз бар. Отбасы құрғанымызға бірнеше жылдың жүзі болса да баспана тауқыметін тартып келдік. Ауылға жұмысқа тұрған сәттен Ерлан Алин ағамыз бізді баспанамен қамтамасыз етті. «Өз үйім – өлең төсегім» деген емес пе? Жанымыз жадырап сала берді. Содан өзім танитын бауырларыма, бірге жүрген жолдастарыма хабарласып, ауылға келіңдер деп шақырдым. Міне, өткен жылдан бері Тасөткел ауылына алты отбасы көшіп келді. Олардың дені мұғалімдер. Көбі көп балалы отбасылар. Осы орайда, біз сияқты жас мамандарды елге тартып, жағдайымызды жасап берген Ерлан Қинуарбекұлына алғысымыз шексіз,– дейді Сағадат Қырқанов.
Сағадат айтса айтқандай екен. Елде шынымен де, барлық жағдай жасалған. Отыз жыл бойы қаңырап бос тұрған мәдениет үйін де қалпына келтірген Ерлан ағамыз екен. Бұл мақсатқа 95 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазіргі мәдениет ошағын көрсеңіз көз қуанады. Қаладағы өнер ошақтарынан кем емес, заманауи жабдықталған. Аталмыш мәдени нысанда кітапхана, балаларға арналған коворкинг орталығы, спортзал, түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ауылда «Әжелер ансамблі» де бар. Әуелетіп ән салған «Әжелер» тобы кез-келген отырыстың ажарын ашып, өскелең ұрпақты да өнерге баулуға өз септігін тигізуде.
Іскер басшы Ерлан Алин басқаратын «Темірлан» серіктестігі есебінен қомақты қаржы бөлініп, жергілікті мектеп, балабақша жөнделіп, ауыл көшелеріне асфальт төселген. Сонымен қатар, 300 орындық дәмхана да ашылған. Ауылда серіктестіктің қамқорлығымен іске қосылған наубайхана да бар. Онда күніне 100 бөлке нан пісіріледі.
Ауыл клубының қызметкері Сағадат Қырқановтың айтуынша, жастар ауылдан бекер ат тонын ала қашады. Жұмыс істеймін, үй боламын дегендерге ауыл азаматтарының қамқорлығы ерекше. Ауылдық әкімдіктің берген мәліметіне сүйенетін болсақ, қазіргі таңда бұл ауылда 307 адам тұрады, барлығы 85 шаңырақ бар. Ауылдағы тоғыз жылдық негізгі орта мектепке былтырғы жылы алты жас маман жұмысқа тұрған. Олардың барлығы да баспанамен қамтамасыз етіліп отыр.
Ел тұрғындарының айтуынша, сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезеңде Тасөткел де тұралап қалған. Сол кезеңдерде елдің тізгінін Ерлан Алин қолына алып, елді тығырықтан аман-есен алып шығуға зор септігін тигізген. Ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, қолында дәулет болса да, ол елін тастап өзге қалаға, не бір жайлы жерге көшіп кетпеген. Қиындықтарды елмен бірге еңсеріп, сол елдің ахуалын жақсарту үшін аянбай тер төккен азамат. Міне, елім деп еміренген, халқым деп жүрегі соғатын жан осындай болса етті! Ерлан Қинуарбекұлы өскелең ұрпаққа өз өнегесімен үлгі бола білетін нағыз патриот жан.
Өкінішке орай, біз өз сапарымызда ел ықыласына бөленіп жүрген жомарт жүректі, жаны ізгі осы бір айтулы тұлғамен кездесе алмадық. Біз барған күні ол кісі жұмыс бабымен іс сапарда екен. Алайда, халық айтса қалт айтпайды ғой. Біз алдымен елдің пікіріне ден қойдық. Ал, Ерлан Алиннің ауылға жасаған жақсылығын айтар сәтте көбік сөзді көлденең тартудың қажеті жоқ, барлығы көрер көзге көрініп-ақ тұр. Мәселен, Ерлан Қинуарбекұлының басшылық етуімен өткен жылы бұл ауылда шағын сүт зауыты іске қосылды. Қазір бұл кәсіпорында онға жуық адам жұмыспен қамтылған. Атап өтерлігі, ауылдағы сүт зауытының өнімдері Есіл, Арқалық, Державинск сияқты қалаларда сатылымға шығарылған. Зауыт сүт өнімдерінің тоғыз түрін шығарады екен.
Кезінде тұралап қалған ауылды осындай жетістікке жеткізген Ерлан Алин өз кәсібін 200 гектар алқапқа дән сіңіруден бастаған. Бұл серіктестік жыл сайын егіс алқаптарының көлемін ұлағайтып келеді. Бүгінде егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктің 45 мың гектар жері бар. Мұндағы диқандар негізінен далалық алқапқа бейімді ерте пісетін бидай тұқымын себеді. Сондай-ақ, шаруашылық көкөніс егумен де айналысады. Серіктестіктегі техникалардың дені шетелдікі. Бір сөзбен айтқанда жұмыс істеймін, еңбектенемін деген барлық жағдай жасалған. Тасөткелдегі әр үйдің тұрмысы жайлы, қазаны майлы.
Қазақ «Ауылына қарап, азаматын таны» деген емес пе? Ерлан Алиндай азаматы бар ауылдың келешегі кемел ғой. Қадірін білгенге діңгегі алтын туған ұядан асқан мекен бар ма?! Көзбен көріп, көңілге түйген «Тасөсткел» ауылындағы жарасымды тірлік осындай! Ұлттық дәстүр мен ата кәсіп дамыған, рухани құндылық пен өзара сыйластық, татулық тұнған берекелі елдің болашағы зор ғой әманда. Біз осындай пайыммен аттандық.

Әке аманатын арқалаған ағайындылар

Игорь мен Алексей Пугачевтардың әкесі Николайдың есімі Жарқайың өлкесіне жақсы таныс. Ол ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, ел ықыласына бөленген жан. Николай Пугачев өзінің еңбек жолын 1985 жылы Жақсы ауданының Терісаққан ауылында шопыр болып бастаған екен. Кейін Кеңес Одағының әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеген.

Әскерден оралған соң, ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, ондағы агротехникалық факультетте білім алған. Армандаған оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң, Жарқайың ауданына қарасты «Львовский» ауылына агроном болып қызметке орналасады.
Өз ісіне аса ыждаһаттылықпен қарай білетін жас маманды аудан орталығындағы басшылар бірден байқап, оның болашағына зор үміт арттыра отырып, оны «Отрадное» ауылына директор етіп тағайындайды. Кейін Николай Алексеевич өзі еңбек жолын бастаған «Львовское» кеңшарына директор болып тағайындалып, он жыл бойы осы елді мекенді басқарады. Николай ауылға жетекшілік еткен жылдары аталмыш кеңшар аудандағы іргелі ауылдардың бірінен саналған. Қазір әке жолын жалғастырып, адал еңбектерімен елге жаққан ағайынды Игорь мен Алексей де ел аузында. Олар кезінде әкесі басқарған кеңшарда «Осано-АГРО» серіктестігін ашып, қазір ілкімді істерімен өзгелерге үлгі болуда. Ұжымдағы әрбір жұмысшының отбасы жағдайына қарайласып, жәрдемдесіп тұратын ағайынды қос жігіттің шарапатын көргендер олардың әке аманатына адал екендіктерін бірауыздан айтады. Қазақ мұндайда «Әке көрген оқ жонар» дейді емес пе?! Біз Жарқайың ауданына барған іссапар кезінде аталмыш серіктестікке арнайы барып, Игорь Николаевичпен сұхбаттасқан едік.
– Мен бұл серіктестікті «Осано-АГРО» деп тегіннен-тегін атаған жоқпын. Серіктестіктің атауындағы алғашқы «О» әрпінің астарында біздің арғы атамыз Остаптың есімі жасырылған. Ол осы істің діңгегі. Одан кейін оның ізін жалғаған Степан атамыз бар. Арғы атамыз Алексей, біздің әкей Николай және інім Алексейдің есімдерінің бас әріптерін теріп жазсаңыз «Осано» деген жазу шығады. Меніңше, әрбір адам өзінің шыққан тегін, туған ауылын, бір сөзбен айтқанда түп-тамырын біліп қана қоймай, оны құрметтеуі керек. Сонда ғана оның әрбір ісінде береке мен ырыс болады. Ал, өзіне бақ қонады…
Аталмыш серіктестікті 2007 жылы құрдық. Сол жылдары серіктестік меншігінде бар болғаны бір мың гектар жер бар еді. Ісіміз алға жылжып, жыл сайын мол өнім алып, шаруашылық өркендей бастады. Қазір қарамағымызда 30 мыңға жуық гектар жер бар. Шабындық алқабы 103 гектарды алып жатыр. 4768 гектарға бидай, 1361 гектарға арпа, 1283 гектарға көпжылдық шөп ектік. Биыл малсақ қауымға оңай болмайын деп тұр. Дегенмен де, біз жемшөптің қорын жеткілікті етіп дайындаймыз. Қазірдің өзінде екі мың тонна жемшөп дайындалды, –дейді серіктестік директоры Игорь Пугачев.
Қазіргі таңда «Осано-АГРО»-да мал шаруашылығына да бет бұрып, төрт түлігін жамыратып, сонымен көктеп напақасын тауып отыр. Қазір мұндағы шаруашылықта 132 ақбас тұқымдас ірі қара мал мен мыңға жуық Еділбай қойы бар. Жайлауда 350-ге жуық төрт түліктің төресі жайы-
луда. Алдағы уақытта егіс алқаптарын ұлғайтып, 100 басқа арналған бордақылау алаңын ашу жоспарланған.
Айта кетуіміз керек, аталмыш шаруашылық «Львовское» ауылынан бірнеше шақырым жерде орналасқан. Ен жайлауда демеңіз, бұл жерге қажетті коммуникациялық желілердің барлығы тартылған. Мұнда ауыз су, жарық, тіпті интернет байланысы да қарастырылған екен. Әкеден көрген кәсіпті гүлдентуге бел буған ағайындылардың өз ұрпақтары да өздері секілді елге сыйлы еңбеккер атанатындарына сенім мол.

Балаусаның өнердегі белестері

Өнерді алдымен жүрекпен сүймек керек. Жүрек қаласа, кез-келген істің берекесі бар. Ықылас болмаса ойлаған арман ойдағыдай жүзеге аса ма? Жарқайың ауданының орталығында тұратын Балауса Ғазезова жастайынан өнерге ден қойған.

Талабы таудай дарынды қыздың асқақ арманы алға жетеледі. Сол ынта- жігер, зор талаптың арқасында Балауса Отарқызы бүгінде өнер биігінен көрініп жүрген өнерпаз. Ол 2008 жылы Арқалықтағы Нәзипа Қожанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде аспапта орындаушылық мамандығын үздік меңгеріп, жолдамамен осы Жарқайың ауданының орталығына келген екен. Сол жылы аудандағы балалар музыка мектебінде домбыра сыныбында тәлім беріп, өнерге бейімі бар өскелең ұрпақты ұлттық аспапта ойнауға үйретті. Домбырада шебер ойнайтын, халықтық әндерді орындағанда нәшіне келтіріп, жан сарайыңды сөз жеткізгісіз жылулыққа бөлейтін, көңіліңді көкке өрлетіп, серпілтетін, ерекше дарын иесін аудан жұртшылығы жақсы қабылдады. Музыка мектебінде жұмыс істей жүріп, аудандағы «Балдырған» балабақшасында да қосымша қызметке орналасты. Өзі де көп балалы отбасында тәрбиеленген, жанына ұлттық тәрбиені сіңірген, ибалы, инабатты, білімді һәм өнерлі жас маман қай ортада жұмыс істесе де өз ісіне аса жауапкершілікпен қарай білетін білгір маман екендігін таныта білді.
Елдегі өнерпаздарды анықтап, олардың есімін өнер көгінде жарқыратып, жұртшылыққа таныту мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауында да Балауса бастаған өнер ұжымдары бір емес бірнеше рет лауреат атанған. Өзі жұмыс істейтін «Балдырған» балабақшасындағы балбөбек балалардың басын біріктіріп, вокалдық топ құрған. «Жаңа ғасыр жастары» деп аталатын балғын әншілерден тұратын топ «Жарық жұлдыз – 2019» халықаралық фестивалінде де топ жарып, оқушысы Сара Тыным жеке орындаушы ретінде Бас жүлдені иеленсе, Әдемі Жанбек жүлделі 1-ші орыннан көрінді.
Балауса саусағынан саз сорғалаған домбырашы. Ол «Домбыраның алтын күмбірі» атты аудандық байқауда да дәулескер домбырашылар арасында ешбіріне дес бермей, бас жүлдені қанжығасына байлаған. Оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілет ерекше. Ол үнемі жанына өнерпаздарды топтастырып, олардың өнеріне өріс ашуға тырысып жүреді. Қазіргі таңда Балауса Отарқызы аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейді. Бұл қызметке орналасқан сәттен, аудандағы өнерпаздарды ұйымдастырып, «Ғасырлар сазы» деп аталатын ұлт аспаптар және «Назқоңыр» фольклорлық ансамбльдерін құрған. Жігіттерден тұратын «Назқоңыр» өз өнеріне көпшілікті тәнті етіп, бұрнағы жылдары «Халықтық көркемөнерпаздар ұжымы» атағына ие болды.
Жүзінен нұр, сөзінен парасаттылығы аңғарылып тұратын көркем мінезді, адамгершілік болмысы биік, өнерпаз жанның өскен ортасы, тәрбие алған қара шаңырағы тегін емес. Балауса – Торғай өңіріне жыға таныс, танымал айтыскер ақын Отар Нұрманғалиевтың кенже қызы.
–Қонысбай Әбілов, Жадыра Құтжанова, Әлфия Орманшина Жұмаділ Қалиев сияқты айтыскер ақындармен біздің әкеміз Отар Нұрманғалиев өнерде сапарлас, өмірде рухтас, сыйлас болған жан еді. Әкеміз халық музыкасынан нәр алған, табиғи дарын иесі болатын. Бір сөзбен айтқанда өмірі – өнері еді! Біздің қара шаңырақтан ән үзілген емес. Үйдегі бауырларымның барлығы өнерден құр алақан емес. Бізде домбыра шертпейтіні, әу демейтіні жоқ. Осының барлығы әкеміздің бізді жас-
тайынан өнерге баулығанынан болуы керек. Анамыз Қаншайым он төрт құрсақ көтерген Алтын алқа иесі. Сол он төрт құрсақтың үшеуі шетінеп кетсе керек. Мен үйдің сүт кенжесі, он бірінші баласымын. Мен де әкемнің ізін жалғап, қазіргі таңда мәдениет саласында қызмет етіп жүрмін, –деді Балауса бізбен болған әңгімесінде.
Иә, қазақ халқы адамның мінез-құлқы, болмысы, табиғи таланты жеті атадан дариды деп ұрпақ жалғастығына зор мән берген. Себебі, тегі жақсының тегін болмайтыны анық қой. Бүгінде өнер биігінен көрініп жүрген Балауса Отарқызы осының бір дәлелі десек артық айтқандық емес.

Көне жәдігерді тауып алған Қуандықтың есімі елеусіз қалмаса екен…

Соңғы уақытта елең етер мәдени жаңалықтардың бірі – Тассуат ауылында табылған ежелгі жауынгердің балтасы туралы деректер көптеп жариялануда. Бұл археологиялық олжа туралы «Арқа ажары» да 20 шілде күнгі №80 санында жазған болатын. Біз Жарқайың ауданында болған іс сапар кезінде осы тарихи артефакт туралы да сұрастырып білдік. Ауданға арнайы жолымыз түскен соң жауһар жәдігерді тауып алған адаммен де тілдесудің сәті түсті.

Археологтардың сөзіне сенер болсақ, бұл құнды жәдігер осыдан төрт мың жыл бұрын, яғни, қола дәуіріндегі Андроновтар мәдениетіне тиесілі. Балта мыс пен қалайыңның қосындысынан жасалған деседі, таза салмағы 900 грамм. Тассуаттан тарихи жәдігер табылды дегенді естіген ғалымдар да аталмыш елді мекенге арнайы келіп, кездесу өткізген. Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Ұлттық университетінің археологиялық топ мүшелері Тассуат ауылына арнайы ат басын бұрған. Жарияланып жатқан көп деректерде бұл тарихи жәдігерді ауылдағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Дамир Гафаров тауып алған деп жазылады. Алайда, ауыл тұрғындарының айтуынша, ежелгі балтаны тауып алған сол ауылдың тұрғыны Қуандық Жамбаев есімді азамат екен.
– Дамир Гафаров менің Құдай қосқан көршім. Мен негізінен мал шаруашылығымен айналысамын. Осы елде кіндік қаным тамған, ауыл аймақтың ұңғыл-шұңғылын жақсы білемін. Мамыр айының басында мал бағып жүріп, осы бір тарихи жәдігерге тап болдым. Көшеде жатқан айбалта емес екендігін бірден ұқтым. Бұл балта біздің үйде біраз уақытқа жуық жатты. Содан көршіммен ақылдаспақ болдым. Көршім Дамир Гафаров тарих пәнінің мұғалімі, сонымен қатар, мектептегі музейдің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ол балтаны көрген сәттен, бұның тарихы тереңде жатқан құндылық екендігін бірден айтты. Мен оны көршіме табыс еттім. Сұрастырған адам болса, менің де есімімді айта жүрерсіз деген едім. Алайда, оқып, біліп жатырмыз барлық жерде тек көршімнің есімі ғана аталады. Балтаны тауып алған мен едім ғой, – деп налиды Қуандық.
Жасырары жоқ, жалпы көп жағдайда тарихи дүниені тауып алғандар тасада қалып жатады. Осы орайда Ботай мәдениеті де ойға оралатыны бар. Бұл туралы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың 70-ші жылдары жариялана бастаған. Сол кезде әлі ғылымға беймәлім жәдігерлерді Айыртау өлкесінен тарихшы мұғалім Есләмбек Зәкіриянов Ботай ауылының ескі жұртына оқушыларын экскурсияға апарған кезде тауып алып, оларды сол кездегі Көкшетау облыстық мұражайына апарып, құнды экспонат ретінде табыс еткендігін біреу білсе біреу білмес.
Олжамыз – өткен күннен, тағылымды тарихтан хабардар берер құнды жәдігер қолымызда. Төртмыңжылдық тарихы бар жауынгерлік балта қазіргі таңда Ақмола облыстық тарихи өлкетану мұражайының қорында сақталып тұр. Зерттеу жұмыстары басталып кетті. Нәтижелері белгілі болған жағдайда біраз тың деректердің мәлім болатыны және анық. Осындайда, құнды жәдігерді ұрпаққа жеткізуге дәнекер болған Қуандық сияқты ел азаматтары атаусыз қалмаса екен.

Беттің материалдарын дайындаған Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар