«КАИК» зауытының екінші кезеңінің құрылысы басталды

«Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2010 жылы құрылған және ол «Вираж» компаниялар тобына кiредi. Облысымызда ауыл шаруашылығы техникаларының негізгі бөлігін соңғы үш жыл бойы «КАИК» серіктестігі шығарып келеді. Аталмыш кәсіпорында ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканың 50-ден астам түрі өндіріледі. Серіктестік Қазақстанның 19 қаласында «Вираж» филиалдық желісі арқылы, сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы сияқты мемлекеттік қаржы құралдары арқылы сатылымға шығарумен айналысады.

2016 жылы индустриялық-технологиялық парктің бірінші кезеңі іске қосылды. Оның жалпы ауданы 12 000 шаршы метрді құрайды. Кәсіпорынның өндірістік алаңдарында Ростсельмаш, «Минск трактор зауыты», «AGCO-Amity JV» LLC, «УКХ «Бобруйскагромаш», «Рубцовский завод», «Клевер» акционерлік қоғамының және тағы басқа танымал брендтердің техникасын өндіреді.

Осы өнім бойынша нарық көлемі жылына 100-120 бірлікті, RSM 3000 сериялы тракторларды құрайды, жем дайындау техникасын құрастыру да жақсы жолға қойылған. Қазіргі таңда ауданы 12 000 шаршы метр аумақты алып жатқан индустриялық-технологиялық парктің екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл алдағы уақытта кәсіпорынның жылына 5500 бірлікке дейінгі өндірістік қуатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мұнда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Екінші кезеңді іске қосқан кезде жұмысшылар санын 400 адамға дейін ұлғайту жоспарланған. Қосымша өндірістік блоктың бірі астық жинау комбайндарын, жоғары тартқыш класты топсалы-артылған тракторларды – Ростсельмаш өндіру бойынша көшбасшының өнімін лицензиялық құрастыруға тартылатын болады.

Мұнда дәнекерлеу, сырлау, астық жинауға арналған құрылғылар және тағы басқа технологиялық процестер жүзеге асырылады. Сонымен қатар, екінші модульде Минск трактор зауытының – Belarus тракторларын құрастыру үшін екі желі орнатылады. Мұнда кабиналарды дәнекерлеу және бояу процестері жүргізіледі. Бұл жерде осы тракторлар мен коммуналдық техникаға аспалы және тіркемелі жабдықтар өндірісі орналасатын болады.

– Коронавирустық пандемияға және оған байланысты экономикалық күйзелістерге қарамастан, біз өнімдерімізге сұранысты қамтамасыз ету үшін екінші кезектің құрылысын іске қостық. Құрылысты қаржыландыру «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елдің ірі банкі – Halyk Bank-тің қолдауымен жүзеге асырылады. Бұл біздің компания үшін нарықты қажетті ауыл шаруашылығы техникасымен қанықтыруға мүмкіндік беретін, аграршыларға өз паркін уақтылы жаңартуға, процестерді ретке келтіруге және бизнесті дамытуға көмектесетін үлкен жоба», – дейді «КАИК» бас директоры Олег Балыбин.
– Қазақстан экономикасының аграрлық секторындағы бизнес-жобалар – бұл «Halyk Bank» кредит беру құрылымындағы қаржыландырудың ерекше бағыты. Біз жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге және саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға байланысты жобаларды қолдаймыз. Өйткені, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені кәсіпорындарының одан әрі үдемелі дамуына мүдделіміз. Аграрлық сектор – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру мәселесінде негіз қалаушы. Дәстүрлі мемлекеттік қолдаудан басқа, біз жеке инвестициялардың ұлғаюын көріп отырмыз, бұл салаға оң әсер етеді. Аталған жоба аясындағы тиімді серіктестік кәсіпорынның дамуына қолдау көрсетіп қана қоймай, нәтижесінде Ақмола облысының экономикасына үлес қосады», – дейді банк басқармасы төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов.

2021 жылы 1500-ден астам МТЗ тракторы, 200-ге дейін астық жинайтын комбайн, 300-ге дейін RSM тракторы шығарылады, ал, тіркеме және аспалы жабдықтардың саны 3000 бірлікке дейін артады деп күтілуде. «КАИК» серіктестігі Бас директорының айтуынша, екінші кезеңінің іске қосылуы кәсіпорынның өндірістік қуатын айтарлықтай арттыруға, сондай-ақ, білікті мамандардың қосымша 200 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Мәселен, 2020 жылы КАИК-тің 1-ші кезеңінің өндірістік алаңдарында 800-ден астам МТЗ тракторы, 200-ге жуық энергияға қаныққан RSM тракторы жиналып, сатылды. Сондай-ақ, мұнда 150-ден астам ACROS және TORUM комбайндары және 2000-нан астам тіркемелер шығарылды.

Жасырары жоқ, қазір кез-келген шаруашылыққа барсақ, ауыл шаруашылығы техникасы паркі тозған, жылдар бойы жаңармағаны байқалып тұрады. Ал, бұл елдің ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамытуда қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Ескі техника ілкімді істерді алға ілгерілетпейді. Аталмыш кәсіпорын арқылы ауыл шаруашылығы техникасының бағалық қолжетімділігін және мемлекет тарапынан қолдау бағдарламаларын ескере отырып, қазақстандық аграршылар өз техникаларын жаңартып алу мүмкіндігіне ие. Мемлекеттің, ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер мен банктердің мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлігіндегі ынтымақтастығы бәсекеге қабілетті өндірістік кәсіпорындар құруға, оларды озық жабдықтармен жарақтандыруға және нәтижесінде машина жасау секторын ғана емес, ауыл шаруашылығы секторын да жақсартуға мүмкіндік мол. Ел тәуелсіздігі жылдары өріс алған өнеркәсіптің алар асуы әлі алда. Себебі, сапалы жоғары отандық өнімге сұраныс көп.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар