Балаларға вакцина салынбайды. Ал, үлкендер оны алуға тиісті

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте коронавирус жұқпасы бойынша эпидемиялық жағдайдың әлі де күрделі екендігі, тіпті, әрі өршіп бара жатқандығы айтылды.

– Бүгінде жұқпалы ауруларға әзірленген стационарлардың реанимациялық бөлімдерінде халдері ауыр 161 науқас жатыр, – деді сөзінің басында Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.
Өңірде аты жаман індетпен күресуге 25 медициналық ұйым жұмылдырылып, оларда 2475 кереует жұқпалы ауруларға әзірленген. Қазіргі таңда бұл орындардың 63 пайызында өңір тұрғындары Covid-19-дан ем қабылдап жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, стационарлардың реанимациялық бөлімдерінде індет салдарынан денсаулық жағдайлары ушығып кеткен 161 науқас ауыр халде.
Ағымдағы жылғы 11 тамыздағы статистика бойынша пандемия басталғалы 31619 адамнан індет зертханалық жолмен анықталып, тіркелген. Олардың 24 мыңнан астамы жұқпаның симптомды түрімен ауырыпты, қалған 7,5 мыңға жуығында індет белгілері байқалмаған. Осылайша коронавируспен симптомсыз ауыратындар індеттің көптеп таралуына себепші болуда дейді мамандар. Сондықтан, көпшілік орындарға барғанда міндетті түрде маска тағып, қорғаныс құралдарын қолданған дұрыс. Әсіресе, арақашықтық мәселесіне зор көңіл бөлген абзал.
–Өкінішке орай, осы уақытқа дейін 166 адам коронавирустан көз жұмды. Олардың біреуі 4 жасар бала. Бүгінде стационарлық ем қабылдауда 1560 адам жатса, амбулаторлық ем қабылдап, дәрігер бақылауында жүргендер 3762 адамды құрайды. Барлық тіркелген жағдайлардың 57 пайызы өз еріктерімен дәрігерге келіп, денсаулығына шағымданғандар, 33 пайызы науқастармен контактіде болғандар, 10 пайызы профилактикалық скирингтер кезінде анықталғандар. Жалпы, симптомсыз ауырып жүргендердің көбі скринингтер кезінде анықталады. Соңғы тәулікте өңірде 265 адамнан індет ПТР арқылы расталды. Бұл тек медициналық ұйымдар мен жедел жәрдемге хабарласқандар арасында анықталып отыр, ал, жалпы жұқпаны жұқтырып үйлерінде жатқандар бұдан көп болуы мүмкін, –деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Індет жұқтырушылардың 40 пайызы 35-40 жас аралығындағы азаматтар екен. Соңғы аптада алдыңғысына қарағанда індетке шалдығушылар саны 19 жағдайға көбейген, өсім 1.0 есе.
–Ақпаннан бері облысқа 511219 доза вакцина жеткізілді. Облыс тұрғындарының екпе алуға мүмкіндігі бар контингентінің бүгінде небары 233505-і ғана немесе 56,7 пайызы ғана вакцина салдырды. Солардың 175929-ы екпенің екінші бөлігін де алды. Күні кеше ғана облысқа тағы да Спутник V вакцинасы әкелінді. Оның 10050 дозасы бірінші, 7550 дозасы екінші компоненті, – дей келе өңірдің бас дәрігері бұған дейін де айтылып жүрген екпе пункттері мен мобильді бригадалардың жұмысы, жылжымалы кешендердің вакцинацияға жұмылдырылуы, дәрі-дәрмектердің жеткіліктілігі, материалдық-техникалық базалардың жағдайы туралы жан-жақты айтып берді.
–Соңғы екі айда вакцинация паспортын сатып алу фактілері Көкшетау қаласында да анықталды. Медицина қызметкерлерінің өз жұмыстарына адал болмай, жалған паспорттар жасауға мүмкіндік бергендері анықталып, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан олардың үстінен іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан, облыс тұрғындары арасында да мұндай жағдайға барғандар анықталса, заң тұрғысында қатаң жазалатындықтарын ескертеміз. Сонымен бірге, облыста эпидемиологиялық ахуалдың қиындап бара жатқандығын пайдаланып, дәрі-дәрмектердің бағасын көтеріп сатқандар да әкімшілік жауапқа тартылуда. Көкшетауда мұндай фактілер бар, олардың үстінен
11 әкімшілік іс қозғалды, – деді Нариман Ермекұлы.
Бүгінде эпидемиологиялық ахуалдың өршіп тұрғанына қарамастан, медициналық ұйымдар бар жүктемені көтеріп келеді. Бүгінде ең көп науқастар облыс орталығында емделуде. Солардың басым бөлігі Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасында жатыр. Әзірленген орындардың толыса бастағанына байланысты Көкшетау қаласында тағы стационарлық орындар қосымша ашылды, Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонологияда бұрыннан әзірленген 200 орыннан бөлек, тағы 70 орын жасақталды. Облыстық психикалық денсаулық орталығында 50 төсек-орын ашылды.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан балаларға екпе салдырту мәселесіне қатысты қойылған сауалға басқарма басшысы:
–Облыс бойынша, тіпті, Қазақстан бойынша да балаларға вакцина салдырмаймыз. Себебі, бұл вакциналар әлі де зерттелу үстінде. Сондықтан, заң бойынша зерттеу үсндегі екпелерді балаларға салып, зерттеуге тыйым салынады. Шетелде «файзер» вакцинасын жасап жатыр, бізде ондай вакцина әзірге жоқ. Сондықтан, балаларға коронавирусқа қарсы екпе егілмейді, – деп жауап берді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар